ОЛАР БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАДЫ
Жалындаған жас шағында ел шетін шарпыған жау оғына кеудесін тосқан ардақты ардагерлер қатарында Рысқали Отаровтың да болғаны – біз үшін мақтаныш.
Гурьев облысы, Жылыой ауданында 1924 жылы дүниеге келген ол 1941 жылы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Гурьев орман питомнигі мекемесінде есепші, 1942 жылы Бақсай ауданына қарасты №14 «Жаңа шаруа» селолық кеңесінде хатшы қызметін атқарады. 1942-43 жылдары Гурьев жаяу әскерлер даярлайтын училищесінің курсанты, №290, 387, 151 атқыштар полкінің командирі бола жүріп, 1943 жылы 25 қыркүйекте ауыр жараланып, госпитальда емделіп шығады. 1945 жылы 25 қыркүйектен бастап СССР Жоғарғы Әскери комиссариатының бұйрығымен соғыста көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Елге аман-есен оралғаннан кейін 1946 жылдан 1949 жылға дейін Гурьев облысы, Бақсай ауданына қарасты «Еңбекші тал» колхозында қой фермасы меңгерушісі және партия комитетінің І хатшысы, кейіннен колхоз төрағасы болып абыройлы еңбек етеді. 1950 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы колхоз төрағаларын даярлайтын алты айлық курстан өтеді. 1950 жылдан 1952 жылға дейін колхоз төрағасының орынбасары, кейін осы ауданға қарасты кеңейтілген «Ортақшыл» колхозының партия бюросының хатшысы болды. Одан кейін 1957 жылға дейін кеңейтілген «Фурманов» колхозы, 1957-60 жылдары «Бірінші май» колхозының төрағасы, кейін «Бірінші май» совхозының №1 бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.
1962 жылы қаңтарда Алматы қаласындағы басшы кадрлар даярлайтын бір жылдық мектепті тәмамдап, Гурьев мал дәрігерлік техникумында сырттай оқып, кіші зоотехник мамандығын алып шығады. Осылайша еңбекте де ортасына сыйлы, беделді азамат атанған оны халық бағалап, ауылдың бір көшесін ардагердің есімімен атады.
Адам артында қалған ұрпағымен бақытты екені сөзсіз. Осы ретте айта кеткен жөн, біздің асыл әкеміздің жалғыз қарындасы Ақтүйме мен күйеу баласы Төлеп соғыс кезінде концлагерьде болып, елге келген соң аурудан қайтыс болған. Солардан қалған 6 жиеніне жетімдіктің ащы дәмін татырмастан, анамыз Жұбат екеуінен тараған он баладан кем қылмай өсіргені де – өзгелерге үлгі боларлық өнегелі іс екені анық. Бұл күнде ата-анамыздың екеуі де өмірден өткенімен, тәубе делік, соңында қалған ұрпақтары ата-анасының аманатына қылау түсірмей, өмір көшін жалғастыруда.
Әрине, ел басына күн туған қиын шақта белді бекем буып соғысқа аттанып, кейін елге оралып еселі еңбек еткендер аз болмаған ғой. Бірақ, бүгінде олардың қатары күн өткен сайын сиреп барады. Ел арасында осындай бел жазбай еңбек еткендердің есімі қашан да құрметпен аталуы қажет.
Қуанғали ОТАРОВ.
Жалғансай ауылы.