ОЛАР ӘРҚАШАН АЛҒЫ ЛЕКТЕ
Аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері бас қосқан алқалы жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов сөз сөйлеп, Елбасының «Қазақстан — 2050» стратегиясын жүзеге асыруда бүгінге дейін атқарылған істерді баяндады. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына баса маңыз беріп, бұл реттегі жұмыстарға да тоқталды.
Белгілі болғанындай, Атырау қаласындағы жеке медицина мекемелері соғыс ардагерлерін басты назарға алып, оларды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері бойынша қамқорлық көрсетуде. Денсаулығына байланысты облыс орталығынан ем алу керек ардагерлерге қаладан жайлы пәтер беру мәселесі де шешімін табуда. Ардагерлердің еңбек майданындағы өмір жолдары жөнінде мұрағат материалдарынан кітап жарыққа шықпақшы. Осы тұста айта кетерлігі, облыста соңғы мезгілде 10 Кеңес Одағының Батыры, 4 «Даңқ» орденінің толық иегері және 1 Халық қаһарманы бар деп келсек, айтулы мереке алдында бұл тақырыпқа зерттеушілердің баса ден қоюының арқасында құрманғазылық Қызылов Сақап есімді жерлесіміздің бары ресми түрде анықталды.
Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуде аудандық ардагерлер кеңестері де өз үлестерін қосуда. Мәселен, Құрманғазы ауданында ардагерлердің тікелей араласуымен 25 көшеге соғыс ардагерлерінің есімі берілсе, «Боздақтар» алауы күрделі жөндеуден өткен.
Айтулы датаны мерекелеуде аймақтағы ардагерлер кеңесі Елбасының «Ұрпақ тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция» деген сөзін басшылыққа алып, жастармен бірге жұмыс жасауды қолға алып келеді. Ең бастысы, аға буын өкілдерінің Мемлекет басшысы айтқанындай, Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттау жолындағы еңбектері зор.
Жиын барысында облыстың Құрметті азаматы, ардагер Есен Тасқынбаев сөз сөйлеп, ел дамуы жолында Елбасы Жолдауының мәні мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында өзге де еңбек ардагерлері сөз алып, Жолдау жүктеген міндеттерді саралады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясындағы шаралар туралы айтты. Бұл ретте Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев боздақтарға арналған ескерткіштерді қайта жасақтау, соғыс жылдарындағы патриоттық киноларды жастарға кеңірек насихаттау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында Қатимолла Ризуанов торқалы 90 жастың иесі Тайыр Ғұмаров пен 85 жасқа толған Қуанышкерей Сәмешұлына облыс әкімі және ардагерлер кеңесі атынан ұсынылған Алғыс хат пен арнайы дайындалған сый-сияпатты табыс етті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.