«Ол түрмеде отырып та адамдарды емдеген» немесе біз Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы туралы не білеміз?
Жақында каникулға ауылға барған кезде өз замандастарымнан Халел Досмұхамедұлының кім болғанын, қандай қоғамдық, саяси жұмыстарды атқарғанын сұрап көргенмін. Өкінішке қарай, сұраған жастардың көпшілігі қазақтың осы аса көрнекті тұлғасы туралы жеткілікті білмейтін болып шықты. Бірі дәрігер десе, бірі ғалым дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Сондықтан да мен ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуының басында тұрған, тіліміздің, мәдениетіміздің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан азамат туралы қалам тербегенді жөн көрдім.
Ол – Тайсойғанның түлегі
ХХалел Досмұхамедұлы – 1883-ші жылы сәуірдің 24-і күні бұрынғы Орал облысы, Гурьев уезі, Тайсойған болысы, (қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) Тайсойған құмында №4 ауылында дүниеге келген. Ол қазақ даласында қоғамның барлық саласына араласып, байыпты басшылық жасаған Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым. Ең алғаш таңдаған мамандығы дәрігер бола тұра, тіл, әдебиет, тарих, ботаника, зоология ғылымдары бойынша да көлемді еңбектер жариялап, тіпті кейбір пәндерден тұңғыш төл оқулықтарды да жазған.
Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны үздік бітіреді. Талабы зор жастың алдында қызығы мен қиындығы аралас ғылым-білімнің алып ордасы Санкт-Петербург қаласы болды. Бірақ, шәкірт Халелді көрген қызықтарынан гөрі өзі шешен де көсем санайтын халқының жұпыны да жүдеу тірлігі көп ойландыратын. Студенттік өмірі империяның саяси толқуларға толы кезеңімен тұспа-тұс келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті және ол Санкт-Петербургтағы салт-сананы, әдебиетті, білім-ғылымды әлеуметтік таптар мен топтардың үстемдігін қазақ халқымен салыстырып жүретін. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды.
Әскери дәрігер
Енді еңбек жолына келер болсақ, алдымен Пермь губерниясында қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетіне сол жылдары белең алып жатқан ауыр індетке қарсы күресудің жолдарын жазып, «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап тұрды. Себебі сол жылдары Халел Досмұхамедұлы сияқты сауатты оқыған білікті мамандардың жетіспеушілігінен, бұл індет қазақ даласына орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Мыңдаған адам қырылып қалды. Ол дәрігер болып жүріп, елдегі саяси мәселелерге де ден қоя бастады. Осындай белсенділігі елеусіз қалмады.
1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі оны Ұлт кеңесі құрамына сайлады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы сынды Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер – халық милициясын жасақтауға, Алаш бағдарламасын жасауға белсене атсалысты. Осы тұста тағы бір тұлғаны атап өткеніміз жөн ол – Жаһанша Досмұхамедұлы. Олар тектері бір болғанымен туыстас жандар емес, қазақтың азаттығы мен егемен ел болуын армандаған достар болды. Бірақ, кейіннен Алашорда үкіметі ыдырағаннан кейін, Түркістан халықтарының оқу-ағарту ісі үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының төрағалығына сайланды, кейін Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болып қызмет атқарды. Қазақ-қырғыз комиссиясының төрағасы Халел Досмұхамедұлының шақыруымен Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Әбубәкір Диваев, Мұхтар Әуезовтер педагогика, тарих, психология, арифметика, әдебиет пәндерінің оқулықтарын жазғандары да тарихта бар. 1920 жылдың соңында Х.Досмұхамедұлы Ташкент қаласына келеді де, өмірінің жаңа кезеңі ғылыми-шығармашылық жұмыстарды жолға қою және оқу-ағартуды ұйымдастыру, мәдениет, әдебиетті қолға алу, т.б. мәселелерімен тікелей айналыса бастайды. Мәселен, Халық ағарту институтында оқытушы, Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор, Түркістан республикасы қарамағындағы ғылыми кеңестің төрағасы, мемлекеттік ғылыми баспаның бөлім жетекшісі міндеттерін атқарады. Сондай-ақ ол еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы, оның бірінші проректоры болып тағайындалып, институттың доценті дәрежесіне дейін көтерілді.
Жеті тілде еркін сөйлеген ғалым
Ол қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі – сингармонизм заңын зерттеді, оған дәлел ретінде «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы», т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырғанын айтуымызға болады. Өзіне табиғат берген дарынды терең біліммен толықтырып, ана тілімізге қоса латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс және француз тілдерінде еркін сөйлеп аудармашы да болған. Өзі жазған «Табиғат тану», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Оқушылардың саулығын сақтау» деген еңбектерінен бөлек Ю.Вагнердің «Дене бітімі мен оның жұмысы туралы әңгімелерін», «Өсімдіктер мен оның жаратылысы туралы әңгімелерін» қазақ тіліне аударып жарыққа шығарғанының өзі неге тұрады?! Қазақтың әдеби саласына да зор үлес қосты. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай-Махамбет», «Аламан» оның көрнекті еңбектерінің бірі. Халел Досмұхамедұлының әдебиеттану саласындағы ерен еңбектерінің ең бастыларын атау керек болса, ойымызға бірден Махамбет туралы еңбектері оралады. «…Артына басқалай із-жол қалдырмағанның өзінде, біздіңше, осынау жалғыз ерлік еңбегімен ғана өз-өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқандай еді…» деп академик Рәбиға Сыздықова мен талантты ғалым Ғарифолла Әнес айтқандай, әдебиетімізге Махамбет шығармашылығын әкелген зерттеуші еңбегі мақтануға тұрарлықтай, сауатты жазылған әсерлі еңбек. Х.Досмұхамедұлының ғылыми зерттеулер мен монографиялар, оқу құралдары мен кітаптар шығаруда, газет-журналдарға мақала жариялауда мұқият қараған, көңіл бөлген басты ұстанымы – қатесіз, үлгі болардай деңгейге жеткізе білу, сауатты, мәдениетті жазу және жариялау болатын. Ол ғылым тілін қалыптастыруға ұмтылды. Шама келгенше болашаққа жол көрсетпек болды. Осы орайда ғалым сауаттылық, қазақ тілінің қазіргі заманда ең өзекті мәселеге айналарын дәл бағдарлағандай көрінеді.
Жазықсыз жапа шекті
1937-1939 жылдары кінәсіз жалған айыппен қуғын-сүргінге ұшырағандардың ішінде Халел Досмұхамедұлы да болды. 1930 жылы Алашорда құрамына кіргені үшін саяси айып тағылып, жұмысынан босатылды.
1932 жылы 20 сəуірде Халел Досмұхамедұлы ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау жəне гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары, Оңтүстік-Шығыс теміржол-санитарлық бөлімшесінің дəрігер-эпидемиологы болып қызмет істеді. Оған 1935 жылы мерзімді уақыты біткен соң елге оралуына рұқсат берілді. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, Мəскеуге, кейін Алматыға жіберіледі. Соңынан іздеп келген жұбайы Сағираға кездесуге рұқсат берілмеді.
1939 жылы 24 сəуірде Халел Досмұхамедұлы əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады. 1958 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана әділдік орнап, ақталады.
Бір әулеттен – 13 дәрігер
Халел Досмұхамедұлынан Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле деген бес ұл-қыз тарайды. Олардың барлығы да жоғары білім алып, елге елеулі еңбек сіңірген. Бір қызығы, әулеттен 13 ұрпақ ата жолын жалғап, дәрігер мамандығын иеленіпті.
Қоғам қайраткері біртуар тұлға Халел Досмұхамедұлының қазақ халқы үшін жасаған елеулі еңбектері қазіргі және болашақ ұрпақтарымыздың рухани өсіп өнуіне, дамуына ықпал етері айдан анық. Өзінің аз ғана ғұмырында артына сан ғасырға татитын өшпес мұра қалдырған Халел есімі жұрт жадынан өшпеуі керек. Ол өзінің көп еңбектерінің бірінде «Өз жұртына жұмыс қылып еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» — деген екен. Сондықтан өз алдымызға егеменді ел болып бейбіт өмір сүріп жатқан дәуірімізде елімізге, халқымызға еңбегі сіңген, қаны мен жанын аямаған Халел Досмұхамедұлы сияқты ерлерді мәңгі есте сақтап қалайық! Ол үшін осы ұлтжанды, халқымыздың өркениетке ұмтылысының басында тұрған ұлы адамға туған жерінде үлкен ескерткіш тұрса артық болмас еді.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, ғылыми жетекші,
Арай РАХЫМЖАН, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің I курс студенті