ОЛ БИІКТІК ҮШІН ЖАРАЛҒАН-ДЫ
Ол алғашқы сәттен-ақ төңірегіне жігіттер жинай білді. Солардың көбі кейін оның нағыз достарына айналды. Сабақты аса үздік оқыды демеймін, бірақ, ол басқа қасиеттерімен дараланды. Өзгемізге әдеттегі сәл ғана нәрсе болып көрінетін мәселені кең ауқымда аңғаратын, барынша терең пайымдайтын. Сол кезде-ақ оның бойынан алға ұмтылушылық, биік мақсаткерлік байқалатын. Емтиханда күткендегідей баға алмаса да, «мен бәрібір министр боламын» деген-ді басын жоғары ұстап. Еш мойымаған-ды. Өйткені, оның мақсаты – әркез биік шыңға өрлеу болатын.
Осы орайда «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігіндегі кеңес есіме түседі. Маңғыстау мұнай өңдеу зауытын тұрғызу мәселесі талқыланып жатқан. Нұрлан ол кезде КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы, ал мен республикалық Экономика министрлігінің өкілі едім. Әңгіме біртіндеп республикада мұнай-газ саласын дамыту, көмірсутегі шикізаты қорын молайту, Қазақстанның бұл бағыттағы зор мүмкіндігі, жеке салалас министрлік құру тақырыбына ауысты. Кейбіреулер әлі құрылмаған келешек министрлік басшысының кандидатурасын да талқылай бастады. Сол кезде Одақтық министрдің орынбасары В.Топлов жанындағы Нұрланды нұсқап, «міне, сіздердің алдарыңызда Қазақстанның болашақ мұнай-газ министрі» деді. Ал, Нұрлан оны шынайы қабылдады. Өйткені, өзінің осындай қызметті атқара алатындығына еш күмәні болмады.
Оның Премьер-министр болып тағайындалғаны туралы хабарды шетелде демалып жүргенімде естідім. Сол қонақүйде курстас қызым да күйеуімен тұрып жатқан. Жақсы хабар екеуіміз үшін жағымды жаңалық болды. Өйткені, біз оның үнемі биікке өрлейтінін білгенбіз.
Ал, Бәтен апаға деген менің ыстық сүйіспеншілігім сонау 1972 жылы алғаш көрген сәттен-ақ оянған-ды. Институт бітірген соң «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне жолдама алғам. Бірнеше күн «Гурьев» қонақ үйінде жатып қалдым. Содан менің осында екенімді Нұрберген біліп, үйіне шақырды. Тамақтанып болған соң Бәтен апа жас қызға танымайтын жерде қонақүйде жалғыз жатқан ыңғайсыз екенін айтып, әбден жұмысқа орналасқанша осы үйде тұратынымды ескертті.
…Соңғы рет оны 2013 жылғы мамырда Шымбұлақ шатқалында көрдім. Әдеттегідей жоғары өрлеп бара жатқан. Өйткені, ол биіктік үшін жаралған-ды.
Тамара КАЙДАЛОВА (ИСМАИЛОВА), курстасы және жұмыстасы.