Жарнама
Қоғам

Ойнақтап жүріп, от басқан…

Елімізде «оқушы аналар» тақырыбы айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болғанымен әлі де өзектілігін жойған жоқ. Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің жиілеп кетуі көпшілікті алаңдатып отыр. Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан жағымсыз жайттардың жыл санап көбеюіне не себеп? Кінәлі кім? Мәселені тарқатып көрейікші…

Ерте жүктіліктің ертеңі бұлыңғыр

Жылдан-жылға статистика еселеп артуда. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын 15-18 жас аралығындағы 3 мыңнан астам жасөспірім босанса, былтыр олардың саны 6 мыңға жуықтаған. Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің бір жарым есеге өскендігі белгілі болып отыр. Әсіресе, мұндай жағдайлар Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында көбейген.

Қазір Атырау облысында 7567 әйел жүктілік бойынша есепте тұр. Ал ведомство ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасындағы жүкті болу фактілері көбінесе Жылыой ауданы мен Атырау қаласында тіркеледі екен.

«Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі Гүлфариза Ғұбашева өзі еңбек еткен он жыл ішінде мектепте оқып жүріп жүкті болып қалған 3 жасөспірімнің Аналар үйін паналағанын айтады. Олардың біреуі балалар үйінің түлегі, екеуі – туыстарының қамқорында болған қыздар. Тоқталары, соңғы екі жағдайда да бесіктен белі шықпаған қыздарды жүкті еткен жігіттерге туыстары кешірім беріп, істі жылы жапқан көрінеді.

Сенатор мәселені сынға алды

Жуырда сенатор Нұртөре Жүсіп Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктеріне мектептегі бақылауды күшейту қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Өйткені кейінгі бес жыл ішінде кәмелет жасына толмай құрсақ көтерген қыздардың саны 1,5 есеге ұлғайған. Оның айтуынша, бұл – қауіпті үрдіс.

– Бала көтеретін жасқа келген жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдымыздағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. Сонымен қатар жүкті болған қыз балалар жүйелі түрде қауіп-қатер аймағына енеді және білім алу мүмкіндігін жоғалтады. Әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицидке баруына осындай жағдайлар әсер етеді, — деді Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Оның сөзінше, 2023 жылы 5 мың бұрымды құрсақ көтеріп, босанған көрінеді. Бірақ жауапты органдар жасөспірімдер арасындағы жүктілік деректерінің бәрін тіркей бермейді екен. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы көрсеткіш 10 пайызға төмендегенін мәлімдеген. Демек, фактілердің дұрыс есептелмеуі салдарынан осындай динамика қалыптасып отыр. Сондықтан проблема ерекше бақылауға алынуы тиіс.

Алдымен, жауапты министрліктер жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептерін анықтап, талдау жүргізуі қажет. Әрі ерте жүктіліктің қаупі жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын шұғыл қолға алғандары жөн. Бастысы, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң нормаларының орындалуын қадағалау маңызды, — дейді халық қалаулысы.

…ӨЛІМНЕН ҰЯТ КҮШТІ

Гинеколог мамандардың айтуынша, «өлімнен ұят күшті» дейтін ата-аналар оң жақта отырып жүкті болған қызының жағдайын білгеннен-ақ сырт көзге сыр білдірмеудің бар амалын жасайтын көрінеді. Олар дәрігермен алдын ала келісіп, қажетті ақысын төлеп, қызын ешқайда тіркетпестен жасанды түсік жасатуға алып келеді екен. Бұған қарап жасөспірімдер арасында «есепке алынбаған жүктіліктің» де етек жайғанын байқауға болады. Демек, мұның бәрі есепке алынса, статистика еселеп өседі деген сөз. Бұл – бүкіл қоғам үшін ойланарлық, ой саларлық жағдай.

Осылайша, жастықтың буымен немесе білместікпен жүкті болып қалған жас қыздардың көбі «оқушы ана» атанып, тағдырының жазғанына көндіксе, енді біреулері жасанды түсік жасатып, құрсағындағы шаранадан құтылудың амалын жасауда. «Бірақ бұл жағдайлардың қайсысы да жасөспірімдердің денсаулығы үшін қауіпті» дейді гинеколог дәрігерлер.

Ақ халаттылар жүктілік кезінде ағзаға салмақ түсетінін айтады. Яғни жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе және ішкі органдар қалыптан тыс жұмыс жасайды. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, қаназдық, жеріктік туындайды. Алайда қыз баланың ағзасы организміндегі осындай өзгерістерге дайын болмайды екен.

Психологтар «жас аналардың саулығы мен психикалық көңіл-күйі де күрт өзгереді» деген пікірде. Күйзеліске түскен жас ананың әке-шешесімен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы да қиындайды. Мұның бәрі  тастанды балалардың қатарын көбейтуге себепші екені белгілі.

Бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Әке атанған жас жігіт те жауапкершіліктің жүгін көтеруге асықпайды. Соның салдарынан көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектессе жақсы) жас ана тығырыққа тіреледі: білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы жоқ ол соңында қайда барады? Амалының жоқтығынан бойына біткен перзентін балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады.

Түйін: Сонымен сарапшылар пікірі бір арнаға тоғысты. Айналып келгенде қыз бала тәрбиесінде қателікке жол берілмеуі керек. Бір ғана шалыс басқан қадамның зардабын жасөспірім өмір бойы көруі ғажап емес. Ол – денсаулығынан бастап, ішкі жан дүниесінің өзгеріске ұшырауы. Мына күн сайын құбылған заманда, арбау мен алдаудан сан соғып қалмаудың амалын табу «бесіктен енді белдері шыққан» нәзік жандыларға оңай соқпай тұр. Ал, мәселенің шешімі – қай кезде де алдын алу екені анық. Әр нәрсенің өз уақытымен, өз кезегімен болғанына не жетсін!

 Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сіз не дейсіз?

Қатира Күнбасова,

ардагер ұстаз:

Ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеуде

Қазіргі ата-аналар жұмысбасты. Сондықтан баласын күні-түні қадағалап отыра алмайды. Бұл жағдай да жығылған үстіне жұдырық болып отыр.

Барлық ата-ана ұл-қызына жақсы тәрбие берсем дейді. Алайда мектеп жасындағы қыздардың бөтен қылық жасауына интернеттің қолжетімді болуы кері ықпалын тигізуде. Қазіргі таңда ұялы телефон ұстамайтын бала жоқ. Екінің бірінде компьютер бар. Сол арқылы олар интернеттен неше түрлі жайттарды көріп өседі, соған еліктейді. Жасөспірімдердің жат қылықтар жасауына осы жағдай басты себепші деп ойлаймын. Сол үшін елімізде жеткіншектердің интернеттегі неше түрлі сайттарға емін-еркін кіруіне тосқауыл қоятын заңды қатаңдату керек деген пікірдемін. Онсыз балалардың тәрбиесін түзету қиынға соғады.

Сымбат Лұқпанова,

психолог маман:

Жасөспірім қыз – ертеңгі ана

– Ойнап жүріп от басқан жас қыздардың көпшілігі кездейсоқ жүктілікке ұрынып, соңында түсік жасатып немесе сәбилерін бөбектер үйіне өткізіп жатады. Бұл ең алдымен, қыз баланың денсаулығына зиян келтіріп, болашақ өміріне балта шабатыны белгілі. Жоспарланбаған жүктілік әйел затын психологиялық күйзеліске ұшыратады.

Жасыратыны жоқ, біз балаларымызбен жыныстық тақырыпта сөйлесуге, олардың сұрақтарына жауап беруге ыңғайсызданамыз. Өйткені біз оларды әлі кішкентай санаймыз. Алайда қазіргі ақпарат тасқыны заманында балаларымыз тез есеюде. Кейде олардың сөздеріне, әрекеттеріне қарап, кейбір нәрселерді үлкендерден кем білмей ме деп қаласың. Ақпараттар ағынының қарқыны соншалық, балаларымызға ненің қажетті, ненің қажетсіз екенін білмей қалдық. Оны екшеу де мүмкін емес. Сондықтан осы жыныстық тақырыпты балаларымыз өздігімен әр жерден бір іздемесін десек, мектептерде арнайы тәрбие шараларын енгізу қажет. Қыз балаға ерекше күтім, дұрыс тәрбие керек. Бүгінгі жасөспірім қыз – ертеңгі ана. Негізінен ата-ана баласының әр нәрсеге қызығушылығын қадағалап, дұрыс бағыт беріп отырса, біраз мәселенің алды алынған болар еді.

Жұмагүл Истаева,

қала тұрғыны:

Шешесінің өзі бала

Жұмыстан кейін үйге қайтып бара жатып, сәл демімімді басайын деп көше бойындағы орындыққа отыра қойғанмын. Байқасам, құлағыма нәрестенің әлсіз дауысы естілді. Жан-жағыма жалтақтай қарап едім, көпқабатты үйдің бұрышынан бері қарай арба сүйреткен жасөспірімді көзім шалды. “Анасы оған бауырын тастап, жақын маңдағы дүкендердің біріне кеткен ғой” деп іштей жорамал жасадым да, жайбарақат отыра бердім.

 Баланың шырылдаған дауысы құлақ жарады. «Бір жері ауырып тұр ма екен?» дедім іштей тағы да. Әлгі қыз менен алыс емес орындыққа арбасын апарып тіреді де, кішкентай нәрестені қолына алып, жұбата бастады. «Екі бала да шаршады-ау» деп орнымнан тұрып, баланы жұбатуға көмектесейін деп қозғала бергенім сол еді, әлгі қыз баланың орындыққа отырып, нәрестені емізе бастағаны?!

Мына көрініс менің төбемнен жай түсіргендей болды. «Шешесінің өзі бала. Сонда бұл қай уақытта ана атанып үлгерген?» деп таң-тамаша болып қалыппын…

Әйгерім Болатова,

акушер-гинеколог:

Қателіктің артында қауіп-қатер көп

Жасөспірімдер бір ғана шалыс басқан істің артында үлкен қауіп-қатер бар екенін біле бермейді. Мысалы жас ана жүктілікті физикалық тұрғыдан көтере алмайды. Оның алдында қиын таңдау тұрады: түсік жасатуы немесе баланы қалдырса нәресте мен өзінің басын қауіпке тігуі керек. Сонда ол қайтпек керек?

Жас қыздың организмі толық қалыптаспағандықтан жүктілікті және босануды көтере алмайды. Соның салдарынан  дүниеге денсаулығында ақауы бар бала келуі мүмкін. Сондай-ақ бұл әйел адамның репродуктивті органдарына яғни жатырында, түтіктерінде, аналық бездері қабыну процесі болады. Жастайынан түсік жасатқан қыз бала екінші рет ана болу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал.

Жүктілік кезінде біз қаралушыға психологпен сөйлесуге жолдама береміз. Босанғаннан кейін оның психологке баруға уақыты да болмайды. Ол баласын құшақтап үйде отырғанда құрдастары мектепте немесе колледжде оқып, жастық шақтың қызығына батып жүргенін көріп, мінезі өзгерері сөзсіз. Яғни жас бойжеткен өз қатарынан қалып қояды. Сондықтан жас қыздарға айтарым, ерте есеюге асықпағандарың жөн.

Коллажды жасаған: Айнагүл ЖОЛДЫБЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button