«Өзіміз болып шай ішейік!»
Кеше «Абай» орталығында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова өңірдің белсенді еріктілерімен кездесті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастырған шара «Өзіміз болып шай ішейік!» еркін форматында өтті. Басқарма басшысы көктемгі су тасқыны кезінде бірліктің үлгісін көрсетіп, белсенділік танытқан 25 волонтерді марапаттады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – еріктілер мен атқарушы орындардың бірлесіп, жұмыс жасауына ықпал ету, екіжақты жұмысты нығайту, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қолдау болып табылады. Сондай-ақ, волонтерлікке жаңа қадам басқан еріктілер бір-бірімен тәжірибе алмасып, мағыналы сұхбат құрды. Еркін форматта өткен кездесу қос тараптың ашық әңгімелесуіне мүмкіндік берді.
– Волонтер болу – жүректің қалауымен болатын іс. Өйткені, ешқандай жалақы төленбесе де, біздің еріктілеріміз қиын сәтте күн демей, түн демей, тәулік бойы еңбек етті. Әсіресе, су тасқыны кезінде жас еріктілеріміз штабта қонып жұмыс істеді. Сондай сындарлы шақта қолұшын созған еріктілерге айтар алғысымыз зор,-деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.
Басқосу кезінде басқарма басшысы еріктілерге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің атынан Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында Альбина Қарымсақова, Нұрсұлтан Зиядаев, Руза Сағымбайқызы, Жасын Дәулетов бар. Сондай-ақ, бірқатар волонтерге Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
– Менің волонтер болғаныма біраз уақыт өтті. Өзім үнемі қарттарымызға көмектесіп, қолұшымды созғанды ұнатамын. Үлкен кісілердің батасын алу адамды ерекше сезімге бөлейді ғой. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соңғы уақытта тек қарияларымызға ғана емес, табиғатымызды аялау мақсатында тал егіп, қаламызды көркейтуге үлес қосып келемін,- дейді волонтер Елена Қуанышева.
Айбөпе САБЫРОВА