Өзгеріс өзімізден басталады

1200xauto uqqsyorujagqivv4vkngolg8nmtsyhhyf07hvm9q.jpg Қоғам

Ел өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі – былтыр өткен республикалық референдумда конституцияға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені. Ата Заңда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі айтылған болатын.

Қоғам талқылаған мәселе

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова республикалық референдумда қабылданған маңызды өзгерістер жаңа Қазақстан құруда және еліміздің одан әрі өркендеуіне ықпал ететініне сенімді. Оның айтуынша, енді қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Айта қаларлықтай басқа да өзгерістер – өлім жазасына тыйым салынды. Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейді. Азаматтардың белсенділігі артып, құқық қорғау саласы нығайды, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдері жетілдірілді.

Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесіне қоғам бір адамдай атсалысты. Қазақстанның әр аймағында осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. Әр аймақта түрлі отырыстар, жиындар өтіп, оған үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық даму институтының өкілдері қатысты.

Судья – білікті болуы қажет

Осы тұста сот алқасының төрағасы жаңашылдықтардың облыстағы судьялардың біліктілігіне тигізер әсерін, бұл мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндаған еді. Айта кетері, соңғы жылдары сот саласында бірқатар маңызды өзгерістер болып жатыр. Яғни, әкімшілік әділет институты құрылып, судья мен сот қызметкерлерінің күні белгіленген болатын.

– Судья – Қазақстан Республикасындағы сот билігінің өкілі. Ол Конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде орындау өкілеттіктеріне ие. Объективті және бейтарап сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында судьяларға белгілі бір талаптар қойылады. Әрине, судья болу үшін ең бастысы, өз ісінің білікті, білімді маманы болуы қажет. Абай хакім «адам бол» дегендей, біздің қызметте ең бастысы, адами қасиетіңді жоғалтпау керек. Атырау облысында облыстық соттан басқа 7 аудандық сот, Атырау қалалық соты, азаматтық, қылмыстық істерді қарайтын қалалық соттар және мамандырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы, қылмыстық, ювеналды, тергеу, әкімшілік, экономикалық соттар бар. Облыстың судьялары еңбек қызметі үрдісінде шеберлікті шыңдау мақсатында қайта даярлау курстарына, сот практикасы бойынша семинарларға тұрақты қатысады. Заңнамадағы жаңашылдықтарды пайдалану және облыстық соттың оқу орталығында біліктіліктерін арттырып, республика Жоғарғы соты жанындағы сот төрелігі академиясынан біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты негізде өтіп тұрады, – деді Анаргүл Уахитқызы.

Ұлттық құндылықты жоғалтып алмайық

Бүгінде облыстағы сот залында көп қаралатын істердің қатарына отбасылық ажырасу туралы арыздар және қарыз ақшаны өндіру, қылмыстық істер бойынша – статистикаға сәйкес алаяқтық туралы, ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша – жол көлік ережелерін бұзу немесе ұсақ бұзақылық туралы істер жататындығы белгілі болды. Бұл даулы істердің өскенін ғана емес, сондай-ақ, қарапайым жұртшылықтың сотқа деген сенімінің арта түскенін де айғақтаса керек.

– Сот қарайтын істер қатарының өсуін уақыт талабынан туындап отырған табиғи құбылыс деп санау қажет. Еліміз бағыт ұстанған құқықтық демократиялық қоғамда барлық даулы істер сот арқылы шешімін табатыны белгілі. Яғни, қарапайым жұртшылық өз құқықтарын сот арқылы қорғауға бет бұра бастады деген сөз. Енді оның шығу төркініне келетін болсақ, қазақта бір дана сөз бар ғой «Отан – отбасынан басталады» деген. Әр адамның бойында адамгершілік, жауапкершілік, тәрбие деген қасиеттер басым болса мүмкін бұл жағдай да жақсарар ма еді деп ойлаймын. Халқымыз сонау заманнан отбасылық құндылықтарға көп көңіл бөлгенімен, осы құндылықтарымызды өкінішке қарай жоғалтып алғандаймыз. Ұлттық құндылықтарды жандандыру жұмыстарын жүргізу керек деген ойдамын, – деді сұхбаттасушымыз.

Сот жүйесінің ерекшелігі

Қызмет барысында, жұмыс процесінде сан-қилы жағдайлар орын алып жататыны белгілі. Кейіпкеріміз басқаратын жаңадан ашылған әкімшілік сот алқасы құрылғалы азаматтардың мүддесін қорғауда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр екен.

– Сот жүйесі 3 сатыдан тұрады, ол бірінші сатыдағы соты, апелляциялық және касациялық саты. Дау болған соң сот шешіміне екі тараптың бірі қанағаттанса, енді бірі міндетті түрде шағымданып жатады. Азаматтардың сот процесінің қатысушылары болып, сот шешімімен келіспейтін немесе шығарылған шешімді әділ емес деп санайтын жағдайлары орын алып тұрады. Кейбір тараптар шешіммен келіспей апелляциялық сатыда татуласуға келіп жатса, кей кезде тараптар арыздан да бас тартып жатады. Осындай жағдайда бірінші сатының шешімі бұзылады, – деп сөзін түйіндеді Анаргүл Уахитқызы.

Алмас Қабдолов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз