Жарнама
Қоғам

Өткеннің ащы сабағы

«1993 жыл 16 сәуір, жұма. Арнасынан ақтарыла төгілген Жем суы сай-саланы қуалай келіп Атырау – Құлсары трассасы арқылы Құлсары поселкесінің ішіне қарай лап қойды. Көп ұзамай қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі үйлерді су басты. Келесі күні Күмбезді қауымын бетке алған күшті тасқын айналма тасжолдан шапшып өтіп, «Достық» шағынауданы мен 2-учаскеге басып кірді.

Тасқынның басталған екінші күнінде Құрсай өзегінің 5-ауыл тұсындағы тентек су тосқауылшыларға бой бермей кетті. Арнадан асқан су лезде 5-учаскенің тұрғын үйлерін жалмап, №6 мектеп бағытынан бір-ақ шықты. Айналдырған үш-төрт күннің ішінде үйлері құлаған мыңға тарта отбасы баспанасыз қалды. Аудан әкімі үй-күйсіз қалған жандарды барлық оқу орындары, мекеме асханаларынан тамақтандыру, оларды жатақханаларға, мектептер мен училищенің бос бөлмелеріне уақытша орналастыру туралы шешім шығарды. Тасқынға қарсы ауданның барлық мекеме – кәсіпорынының техникалары мен адам күші жұмылдырылды.

24 сәуір, сенбі. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, алапат тасқыннан есін жинай алмай жатқан аудан жұртшылығы кенеттен тағы бір төтенше жағдайға тап болды. Солтүстік-батыстан секундына 35 метр шапшаңдықпен соққан суық жел мен қар аралас нөсерлі жауын күні-түні төкпелеп, қаланың 4,6-ауыл тұрғындарының үйлерін құлатып, көп баспана суда қалды. Теңіз суы Қаратон, вахташылар қалашығы мен өндіріс ошақтарына қауіп төндірді. Кеңшарларда отарлар ығып, ауданның маңызды электр жүйелеріне қарасты бағаналар құлап, көп елді мекен жарықсыз қалған. Осы нөсердің зардабынан үш адам қаза тауып, Құлсарыда 50 үй, кеңшарларда 70, Мұнайлыда 7 үй құлады.

Әрине, сол кездегі Жылыой ауданында орын алған табиғат апатына қарсы аудан, облыс, қала берді республикалық деңгейдегі басшылар қолдан келгеннің бәрін де жасады. Сонымен қатар, Құлсары қаласынан «Теңізшевройл» ЖШС-і мен сол кездегі «Бонус» қорының қаржыландыруымен су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 20 үй тұрғызылды. Сол кезде Жаңа Қаратон поселкесінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Казпромставба» бірлескен кәсіпорны 100 үйдің 35-ін аудан орталығынан салды. Бұл да баспанасыз қалғандарға арналды. Бұдан басқа материалдық, қаржылық тұрғыдан жасалған қолдаулар аз болмады.

Тасқын жылыойлықтарға ащы сабақ болды. Осыдан кейін тұрғындар баспанасын Маңғыстаудың ақ кірпішінен тұрғызуға кірісті».  

Бұл – «Киел мекен – Кең Жылыой» тарихи танымдық-тағылымдық кітабынан алынған деректер. 2014 жылы жарық көрген осы еңбектің авторларының бірі ретінде бұл мәліметтерді «Алпыс жылдан кейінгі алапат тасқын» деген атпен өзім енгізген едім. Аталған ақпаратты Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінің сол 1993 жылғы тігіндісін ақтарып отырып алғанмын.  Міне, содан бері де, яғни кітап басылып шыққалы он жыл өтіпті. Әрине, ол кезде арада отыз жыл өткеннен кейін қала атанған Құлсарыны одан да зор алапат тасқын басарын ешкім білген жоқ.  Көріп отырғанымыздай, судан шаршап шыққан халықты нөсерлі қар аралас жаңбыр жауып, «жығылған үстіне жұдырықтаған». Бірақ, 2024 жылғы 5 сәуірде аудан орталығын басып алған тілсіз жау сол нөсердің есесін шығарды.

Иә, 1993 жылы да су Құлсары – Атырау тас жолын шайып, Басшы ата қауымын басып, көптеген бейіттер құлады. Тасқын сол беттен Құлсарыға кіріп, 2-ауыл, «Достық» шағынауданын, көп ұзамай 4-ші және 5-ауылдың үйлерін құлатқан. Мұнда да Құрсай өзегі бой бермей кеткенін көреміз.

Қарап тұрсақ, тасқынның тарихы 30 жылдан кейін қайталанып тұр. 1993 жылғы 16 сәуірдегі оқиғалар 2024 жылғы 5 сәуірде су басқан қазіргі Құлсары қаласындағы болған қайғылы жағдайлармен өте ұқсас. Өкініштісі, екі тасқында да адам өліміне жол беріп алдық. Осыдан-ақ, біз өткеннен әлі дұрыстап тұрып сабақ алып үйренбегенімізді байқадық…

Қазір телефонға телмірген заман болды. Оның пайдасы да бар, зияны да шаш етектен. Егер осы 5 сәуірдегі жойқын тасқын орын алмай тұрып, аудандағы басшылар мен қосшылар әлеуметтік желіге иек арта бермей, газет-журнал, кітапқа мойын бұрып, бір сәт тарихқа тереңірек үңілгенде ғой, 1993 жылғы жағдай қайталанбас па еді, кім білген деген ой келеді. Өткеннің ащы сабағына мән бермеп едік, міне, Тәңір одан да зор алапат тасқын жіберді.

Бұл жерде қарт тарих – ұстаз, біз – бала шәкірт секілдіміз. Мұғалімнің сабағын тыңдамаған оқушының жазаға тартылатыны белгілі. Сондықтан өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқтығын әрдайым естен шығармай, арада отыз, алпыс жыл салып қайталанып тұратын тарих парақтарын қайта ақтарып, оқып отырайық! Ал, тұтас тағдырлар тоғысы мен өмір өткелдері уақытша құрал телефонда емес,  ұрпақтан ұрпаққа хатталып жететін газет-журналда, кітапта айтылады. Оны блогерлер емес, сөз өнерінің қаймағын қалқып алған журналистер мен жазушылар жазып келеді.

1993 жылғы тасқыннан кейін құлсарылықтар үйлерін ақ тастан тұрғыза бастады. Биылғы «тілсіз жау» оған да қараған жоқ. Себебі, құлаған баспаналар, тұруға жарамсыз болып қалған пәтерлер бар. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналы сөз бар. Ендеше,  тасқынға қарсы мықтап тосқауыл қоюды меңгеретін кез де жетті. Онысыз суға қарсы құр табандылықтан пайда жоқ екенін көрдік. Ал, заңсыз бөгеттер мәселесі бөлек әңгіме.

…2024 жыл. 5 сәуір. Иә, бұл күн жылыойлықтардың, соның ішінде Құлсары халқының жадында жатталып қалуы тиіс. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, өзге оқиғалар секілді тасқынның тарихы тағы да қайталанып тұрады. Ол енді отыз жылда келе ме, әлде алпыс жылдан кейін айналып соға ма, бір Құдайға аян! Олай болса, ертеңгі ұл-қыздарымыз, немерелеріміз бүгінгі біз секілді зардап шекпес үшін, өткенді естен шығармай, өзімізден бастап ұрпағымызды тарихтың ащы сабағынан үйренуге баулиық!   

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

Жылыой ауданы

(Жалғасы бар)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button