Өрнекті із
Айтқалидың ҚазМУ-дың журфагін тәмамдап, Атырау облыстық «Коммунистік еңбек», бүгінгі «Атырау» газетінің өнеркәсіп және көлік бөліміне тілші болып келгені күні кеше сияқты еді. Сөйтсе оған да елу бес жылға жуық уақыт болыпты. Мұнда тоғыз жыл еңбек етті. Алғашқыда бәрі қиын сияқты-тын. Керек десең мұнай тақырыбы. Ал бұл болса, өзен, көл, қамыс, балық, мал шаруашылығы, онда да жылқы, атбегілік, шабандоздық туралы әлім-берім айта алар, бірақ мұнай дегенді өңі түгілі түсінде де көрген емес. Темір жол тағы сол, ол аз десеңіз құрылысы да бар. Сонда аталған бөлім тақырыбын тіпті де біліп жарытпайды.
Бірақ бәріне ынта, талпыныс керек екен. Жұмысқа келгеніне екі апта болмай жатып Доссор мұнай-газ өндіру басқармасынан мұнай алаңдарының қысқа әзірлігінің барысы жайлы материал жазып келуге тапсырма берілді. Барды, басы итеңдеп, тербеліп тұрған көкек бас качалкалар, ұзыннан ұзақ тартылған сырты май-май құбырлар. Ішінен мұнай жүгіріп жатқан тұрбалар қандай суығыңда да қатпайды емес пе?! Ал анау тербеліп тұрған темірге қыраулы қысыңның қандай қатысы бар. Сонда бұдан не жазуға болады, түсінсе бұйырмасын.
…Дегенмен бәрін де басынан бастаған дұрыс шығар.
Бұл ең алдымен басқарма басшысына кіріп мәлім болды да, бас инженер, бас механик, одан кейінгілердің де айтқандарын тыңдады. Күнді түнге, түнді күнге ауыстырып, табаны күректей үш күн жүрді. Қара майдың қақ ортасында отырып, күйе-күйе шәйнектен дәм татты, қатқан нанды талғажау етті. Көрінгенді сұрады, білмегенді түсінді. Ақыры дүйсенбіде бөлім бастығының алдына 300 жолдық сын материал тастады. Онысы кейіннен лездемеде мақталып, редакцияішілік айлық «Қызыл қалам» бәйгесіне ие болды.
Осылайша басталған журналистік қадам оны аз жылда есейтті. Тіпті газет қабырғасындағы жылдарда мұнайлы өңірден Сәлім Қуанғалиев, Лұқпан Әбдірахманов, Зейнел Балкенжиев, Михаил Калашников, Мұрат Әншібаев сынды өрендер өңірлеріне Социалистік Еңбек Ерінің «Алтын жұлдыз» медалі мен Ленин ордені немесе Мемлекеттік сыйлықтың иегері белгісін қадаса, онда белгілі дәрежеде журналист Айтқали Нұрғалиевтің де еңбегі бар. Өйткені солар жайлы бірінші болып көлдей-көлдей очерктер жазып, адал еңбектерін әлеуметке танытқан соның өзі болатын.
Кейін Айтқали тағы да он жылға жуық облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарды. Әрине, партияға арналған қызмет халыққа бағышталады. Солардың ішінде нақты бір адамға арналғаны бар ма десеңіз, Айтқалидың аузына алдымен мына екі мысал түсер еді. Оның бірі – бар өмірін журналистикаға арнаған жергілікті қаламгер Рахмет Иманғалиевтің «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағын алуы болса, екіншісі – аудандық партия комитетінде істейтін әріптесі Сәндібек Ғұбайдуллинді облыс орталығына алып, жұмысқа орналастыруы, сайлы пәтер алып беруі.
Сайып келгенде, бұл екі мәселенің де мәні бар. Алғашқысы – әлгіндей атақ Атырау өңірінде тек жиырма бес жылда бір рет, онда да газет басшыларына ғана беріледі екен. Ал Рахмет болса, ауданда, қатардағы қызметкер. Екіншісі – аудандық партия комитетінде істейтін әріптестің зайыбы көптен бері ауырады. Дәрігерлер оны облыс орталығына апарып, ұдайы бақылауда ұстау керек дейді. Ол үшін қызмет ауыстыру, үстіне үй, коммуналдық қызметі де мүлтіксіз болғаны дұрыс. Ал ол кезде тіпті қазірде де солай ғой, жұмыс табылса да пәтері қоса берілетін қызметке тұру қиынның қиыны. Міне, осы тұста Айтқали әріптесіне көмек қолын созды.
1987 жылдың ақпанында Айтқалиға жаңа жұмыс тізгіні берілді. Ол – облыстық телерадио хабарларын тарату комитетін басқару еді. Әрине, бұған дейінгі басшылық жұмыс істемеді десе артық айтқандық болар, бірақ қандай істі де жетілдірсе, оның мүмкіндігі мен сапасы бұрынғыдан анағұрлым жақсара түседі. Оның үстіне бұл кезде облыстық теледидар тарату мүмкіндігінің аздығына орай жабылып қалған, радио хабарларының сапасы да республикалық рейтингте тіптен төменгі дәрежеде. Оған себеп, хабар дайындау, тарату жабдықтары ескі, білікті шығармашылықпен жұмыс істейтін мамандар тапшы.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Бір күнде жабдық келмейді, аяқ астынан шебер маман табу мүмкіндігі де жоқ. Ендеше ұжымдағы босбелбеулікті қойып, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту, шеберлікті шыңдау, бардың өзін ұқсата білу керек. Қалғанын уақытпен бірге жетілдіруге болады.
Расында талаптанса көп істі тындыруға болады екен. Жыл жарымда радио қызметі барлық жағынан республика бойынша үшінші орынға шығып, арада үш жыл өткенде жабылып қалған телевидение ашылды. Мекеме кеңсесі жаңа еңселі орынға көшіп, бар-жоғы елуге жетер-жетпес штат 200 адамға өсті. Көрші облыстардан, тіпті анау Челябинск, Новосибирск, Шяулайдағы тележабдықтар жасау зауыттарынан журналистер, мамандар шақырылды. Соның нәтижесінде телерадио хабарларын дайындау мүмкіндігі, көрермендер мен тыңдаушыларға жеткізу, тарату ауқымы өсті.
Ұлы Жеңістің 60 жылдығы тойланар қарсаң болатын. Ресейдің Волгоград облыстық әкімшілігі Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату компаниясы Ресей Федерациясының баспасөз және бұқаралық коммуникация жөніндегі федералдық агенттігінің қолдауымен «Мәңгілік от» тақырыбында телевизиялық бағдарлама және фильмдердің төртінші халықаралық фестивалін өткізетіндігін, оған қазақстандық әріптестерінің де қатысқанын қалап, хат жазыпты.
Атыраулық тележурналистердің осыған дейін бұл тақырыпта азды-көпті еңбектенгендігі бар. Бірақ оларға әдейі телефильм деп айдар тағып, дабыралаған ештеңесі жоқ. Ал егер аталған тақырыпқа шындап кірісіп, бақ сынап көрсе қайтер еді. Міне, осы оймен Айтқали шығармашылық қызметкерлерді жиып алып, ресейлік әріптестер тапсырысына орай бұған дейінгі дайын тұрған «Тағдыр» телефильмін қайта қарау, яғни конкурс талабына сай орыс тілінде дайындауға тәртіп берді және оның басы-қасында үнемі өзі болды. Қайта-қайта сыннан өткен бар-жоғы 35 минуттық төл туынды конкурсқа қатысуға жолдама алды.
Шындығында, бәйгеде бақ шаба ма, әлде бап шаба ма деген рас-ау, қалай дегенде де атыраулықтар дайындаған телефильм конкурсқа қатысқан 76 телекомпания дайындауындағы 112 шығарма арасында екінші орынға ие болды. Ізденіске қолдау, ұшам дегенге қанат деген осы емес пе?!
Бұдан әрі Атырау облыстық телевидениесі әлденеше телефильм жасады. Олар – «Жыламасын сәбилер», «Қаза мен жаза», «Өзен өз арнасымен ағады». Соңғысы бес сериялы, бүгінгі заманғы жастар тәрбиесі, келін мен ене, ана мен бала, отбасылық ғұмырдың заманауи түйіндері жайлы мелодрама. Республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері, кезіндегі белгілі сахна шебері, режиссер Шапай Зұлқашев және жергілікті Махамбет атындағы облыстық драма театры артистерінің қатысуымен түсірілген бұл телефильмдердің сценариін жазған филиал директоры, журналист Айтқали Құмарғалиұлының өзі. Аталған фильмдерді жұртшылық жылы қабылдады.
Мұндай игі жұмыстар аталған ұжымда күні бүгін де жалғасуда. Әрине, Айтқали Құмарғалиұлы облыстық телевидениеден басқа кәсіподақтардың облыстық кеңесінде түрлі басшылық қызметтерде болды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС-де төрағаның орынбасары жұмысын атқарды. Зейнеткерлік жасқа жетіп, әдемі ақсақалдық ғұмыр кешті. Өңірінде Тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» белгілері жарқырады. Бірақ қайда жүрсе де абырой биігінен көрініп, ортасында орны бар азамат атанған. А.Нұрғалиевтің жер басып жүрер дәмі таусылып, бақилық сапарға аттанғанына да жүз күн толуда. Өңір журналистикасының қара нарларының бірі Айтекеңе жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын дейміз.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі