Өндірісті өңірде энергетикалық қуат қалай қолданылып келеді?

na chto rasxoduetsya energiya v dome1 Қоғам

Атырау аймағында ежелден табиғи байлық мол. Әсіресе, мұнай мен газдың үлкен қоры жинақталуы электр және жылу энергияларын алуға қажетті шикізаттың қолжетімді болуына оң әсер етті. Рас, оның бағасы өндіру мен өңдеуге байланысты қалыптасатыны бөлек әңгіме. Демек, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда іргедегі байлық сұранысты өтеп-ақ тұр.

Жалпы, облыста энергетикалық кешен тарихы сонау 1963 жылы қазіргі Атырау жылуэлектр орталығындағы екі турбо агрегаттан басталады. Соның күшімен небәрі 24 МВт қуат өндіріліп, тұтынушыларға таратылған. Сол кездегі қызметкерлер өндіріс ошағының мүмкіндігі келешекте 474 меговаттқа жететінін армандап та көрмеген шығар. Ал, бүгін бұл меже еркін алынып отыр. Облыс орталығы мен жеті ауданның сұранысы толық қамтамасыз етілген.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, аймақтағы қазіргі қажеттілік – 215 меговатт. Ал жылу-электр орталығында бұдан да көп қуат шығарылады. Үш турбина резервте тұр. Егер апатты жағдай орын алса, онда олар дереу іске қосылып, қосымша 80 МВт электр энергиясын бере алады. Бұл мол мүмкіндік емес пе? Әйтсе де, өнеркәсіпті өңірдің қарышты дамуы, шаһардың шарықтап өсуі, әлеуметтік-мәдени нысандардың көптеп салынуы энергетикалық қуаттарға деген сұраныстың да артуына соқтырды. Энергетиктер мұны алдын-ала болжап, ертерек қамданды.

Мәселен, соңғы 15 жылда жылу-электр орталығында үш мәрте қайта жарақтандыру шаралары жүзеге асырылды. Соның барысында ескі жабдықтар жақсартылып қана қойған жоқ, жаңалары да орнатылды. Әрине, өндірістік қуат та біртіндеп арттырылды. Өткен жылы ғана 60 меговаттық газ турбинасы пайдалануға берілді. Бұл – өңірде бұрын-соңды болмаған қанатқақты жоба. Энергетиктер қол жеткенмен шектелмей, келер күндердің керегін ойластыруда.

Алдағы жылдың сәуірінде 60 меговаттық тағы бір бу қазандығы қатарға қосылмақшы. Осы үрдіс ілгергі жылдары да жалғасын таппақ. Сонда Атырау аймағы өзін электр энергиясымен қазіргіден де сенімді әрі толық қамтамасыз етпек. Ал, артылғанын ше? Көршілес облыстарға сатуға да болады. Әрине, ол үшін қосымша электр желілері тартылуы тиіс. Бұл – республикалық көлемде қолға алынуы қажет іргелі жоба. Егер келер жылдардың үлесіне тиіп жатса, атыраулық энергетиктер өнім беруге даяр. Электр желісі демекші, кешегі кеңестік кезде қалыптасқан ортақ жүйе қазір де күшін жоймағанымен, сыртқа тәуелділікке соқтырып отыр.

Мәселен, Азғыр аймағы энергетикалық қуатты ар жағындағы Ресейден алады. Біртұтас одақ шағында солай сақталған. Осында сынақ полигоны орналасуы да Мәскеудегі мықтылардың мұндай әдіспен желі жүргізуіне себеп шығар. Әйтсе де, енді мызғымастай одақтың әр республикасы өз алдына дербес мемлекет атанған соң «кісідегінің кілті – көкте» қағидасы көлденең тартылды. Сөйтіп, Сүйіндік пен Балқұдық ауылдары көрші елге жалтақтап қалды. Бұл мәселе билік басындағы азаматтарды көптен мазалайды.

Дегенмен, сең қозғалар да уақыт болар. Сонда шекарадағы тұрғындар да атыраулық ағайындармен бірге жергілікті энергетикалық қуаттармен қамтылар. Ал, әзірге мұнда қазақстандық тұтынушылар әр киловаттсағатқа 28 теңге төңірегінде ақы төлеп отыр. Әрине, тым көп. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері. Ресейліктер осындай баға белгілеп қойған. Соңғы уақытта жылу-электр орталығында табиғи газды тұтыну көлемі көбейді. Әрине, сұйық отыннан бір сәтте арылу мүмкін емес. Ол күллі технологиялық жүйені жаңартуды қажет етеді. Дегенмен, осы үдеріс біртіндеп жүзеге асуда.

Таяу келешекте шикізаттың басқа түріне сұраныс мүлдем тоқтауы да ықтимал. Газ турбиналық қондырғы басшысы Алмат Құлбаевтың айтуынша, бұл – технологиялық тұрғыдан жаңа жоба. Экономикалық та, экологиялық та жағынан тиімді. Іргеде мол қорымен Теңіз кеніші орналасқандықтан оның келешегі де жоқ емес. Рас, оны игеріп жатқан инвесторлармен икемді саясат орнатуға тура келеді. Ен байлықтың кілтін қолына ұстаған шетелдіктерден шикізатты қолжетімді бағасына алуға тырысу керек. Әйтпесе, шыққан шығын өзін ақтамайды.

Шығын демекші, дүниені дүрліктірген дерт атыраулық энергетиктердің қалыпты тірлігіне де кедергі келтірді. Бизнес иелері қызметі шектелді немесе тоқтады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме болғанымен, кейбір ірі кәсіпкерлік нысандары электр энергиясын басқа қуат көздерінен алуға қадам жасамақшы. Мұндай солақай шешім, сайып келгенде, күллі аймақ экономикасына салқынын тигізуі мүмкін. Мұны айтып отырған себебіміз – бүгінде өндірілген өнімнің өзіндік құнын ақтамай жатқандығы.

Қазір тұрақты тұтынушы ретінде жеке адамдар қалды. Бұларға белгіленген тариф әр киловатт-сағатқа 4,73 теңге. Ал, соны шығаруға жылу-электр орталығы 8,48 теңге жұмсап отыр. Аралық шығын екі есеге жуық. Міне, соны бизнес құрылымдары жауып келген-ді. Қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмаудың амалы еді ол. Қазіргі жағдай оған мүмкіндік берер емес. Бұған дейін 320-340 МВт электр энергиясы өндірілсе, қазір 215 меговатпен шектеліп отыр. Одан артық шығаруға тұтынушы тапшы. Қуат көп, алушы аз.

Мереке қарсаңында осындай проблеманы да сөз еткенді жөн көрдік. Соған қарамастан биылғы 11 айда 1 млрд. 910 млн. 650 мың киловаттсағат электр энергиясы өндірілді. Осы уақытта 721 мың 882 гигакалория жылу энергиясы тұтынушыға таратылды. Соңғысы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Кәсіпорын шаһардағы тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды жылу энергиясымен де қамтып отыр. Инженер Жұмахмет Елемесовтің айтуынша, ауа райының салқындауына байланысты қуатты арттыруға тура келеді.

Қазір түнгі мезгілде температура 15-18 градусқа төмендейді. Қазір шаһар шарықтап өсіп келеді. Оның орталығына ғана емес, сыртына да ондаған көппәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Кейбірі қатарға қосылды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға беріліп жатқан баспаналар орталық жылу жүйесіне қосылмақшы. Демек, қуат көздерін одан әрі арттыру қажет. Оны шығынсыз жеткізу міндеті тағы тұр. Кез келген монополия мекеме тарифті өз бетімен өсіре алмайды.

Оның үстіне, «АтырауЖарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді ірі кәсіпкерлік нысанының әр қадамы бақылауда. Салалас министрлік тарапынан тиісті нұсқау беріледі. Бәсекелестікті қорғау орындары әр ұсынысты егжей-тегжейлі қарастырады. Ақырында, көпшілік талқысына шығарылады. Мұның бәрі қолданыстағы заңдылықтарда қарастырылған. Демек, бекітілген ереже ескерусіз қалмайды. Рас, Атыраудағы тариф республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда көп төмен. Жоғарыда айттық қой, жеке тұтынушылар үшін әр киловаттсағатқа небәрі 4,73 теңге.

Ел бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматыда анағұрлым жоғары екендігін «Атырау» газетінің ілгергі сандарының бірінде жазғанбыз. Бәзбіреулер бізге шикізат ретінде қолданылар мұнай мен газдың қолсозым жерде екендігін алға тартар. Бірақ, сол материалда Маңғыстау облысында да электр энергиясы бізбен бағамдағанда қымбатқа сатылатыны келтірілген. Көмірсутегі шикізаты бұларда да мол. Демек, мәселе басқада. Атырау жылу-электр орталығы керекті «көгілдір отынды» Теңіз кенішінен алып отырғанымен, шетелдіктермен жүргізілген салиқалы саясат нәтижесінде аса қымбатшылықты қалыптастырмауға барын салуда.

Бұл бағытта келіссөз қалай жүріп жатқанын, қандай жолды таңдағанын таразылап қажет емес, ең бастысы – әр тұрғын үйінде жанып тұрған жарығы үшін ақшаны аз төлеуі. Мұны ілеспе газдың тұрақты тұтынушысы ретінде инвестормен икемді қарымқатынас орнатудың сәтті көрінісі ретінде бағалауға болады. Әйтпесе, оның әлемдік нарықтағы құны қанша мықты делінгенімен бір кәсіпорын түгілі, анау-мынау мемлекеттің бюджеті көтере алмайтын деңгейде.

Энергетика министрлігінің ресми мәліметіне қарағанда, тұтас республикада жылу мен электр энергиясын шығаратын және тасымалдайтын жабдықтардың дені ескірген. Кейбірі өткен ғасырдың ортасынан бері қолданыста екен. «Темір де тозады» дегендей, мұндай ахуал бізде де бар. Демек, жаңғырту керек. Ал, оған қажетті қаражатты ешкім әкеліп бермейді. Ол тұтынушыдан түскен төлемнен құрылады. Баспана тұрғызғанда немесе оны жөндегенде ақысын бересіз ғой. Артынан игілігін өзіңіз көресіз. Мұнда да сол. Егер электр жабдықтарын жаңалауға өзіндік үлес қоссаң, онда үйіңдегі жарығың да өшпейді. Санасында саңылауы бар, көзі ашық тұтынушы, әрине, мұны жақсы түсінеді.

«Атырау-Жарық» жауапкершілігі шектеулі с е р і к т е с т і г і с о ң ғ ы ж ы л д а р ы б і р н е ш е инвестициялық жобаларды жүзеге асырды. Соның бәрі энергетикалық қуаттардың ел игілігіне асуы үшін жасалды. Ешкімнен қарыз алған жоқ, өз қаражатын пайдаланды. Халықтан түскен қаржыны өзіне қарымтасымен қайтарды. Мыңдаған маманды тұрақты қызметпен қамтамасыз етті. Сөз ретінде айтар болсақ, энергетиктердің өздері де жарық пен жылуға белгіленген ортақ тариф бойынша төлеп жатыр. Бұларға бөлек төлем жоқ. Егер заңсыз болса, онда солардың өздері-ақ реніш танытар еді ғой. Демек, қажетсіз бос байбаламға салынбаған жөн.

P.S.

  • Сонымен, Энергетиктер күні қарсаңында оларды тағы да мерекемен құттықтаудың сәті түскелі тұр. Шамымыз жарқырап жанып тұрса, пәтердегі жылу жан шуағына ұласса, одан артық не керек? Бүгінде күнделікті тірлігімізге керекті құралдардың бәрі электр қуатымен жұмыс жасайды. Ендеше, ол тұрмысымыздың түзелуіне тікелей әсер етсе, құба-құп дейміз ғой.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

энергетика саласының бұрынғы қызметкері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз