«ШИПАГЕРЛІК БАЯН» ШАРАПАТЫ

бес ғасыр өтсе де халықтық емнің қасиеті жойылып кетпеді 

ТАНЫМ

Шығыс медицинасының білгірлері терең зейін салып, байыптап қараудың нәтижесінде адамның науқасын тиісті құрал-аспапсыз, зертханалық тексерулер арқылы талдау жасамай-ақ, дәл басып айтып, дұрыс диагноз қоя білген. Ол үшін емшіге адам жүзіне зер салып қарау жеткілікті. Осындай диагностиканың үлгілерін Дж.Осана «Макробиотика: салауатты да бақытты өмірге шақыру» атты еңбегінде береді. «Сіздің жүзіңіз ешқашан алдамайды» дейді автор. Осындайда «Көреген болса балаңыз, күйіңді көзден болжайды» деген халық даналығы еске түседі.

XV ғасырда өмір сүріп, «Шипагерлік баян» атты еңбек жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Емшіні шипагер деп атаған жөн, шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділіктен туады. Жазылсын, қонсын, дәру болсын деген ақ тілек. Бұл - науқас пендеге қуат беру», - деп өз тұжырымын ұсынған.

Ал, бүгінгі дамыған дәуірде ғалымдар не дейді: «Халық емінің негізгі көзі – сенім» дейді олар, яғни, адамның өзін-өзі сендіруі арқылы тәнін дерттен тазартуы.

 


ЕЛ ЕМШІЛЕРІНІҢ ЕСЕБІ

Еліміздің «Кәсіби халық емшілері мен дәрігерлерінің дүниежүзілік Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Жылыой жерінде «Халық емшілігі – ұлттық таным көкжиегінде» тақырыбында үш күндік республикалық семинар-кеңес өткізді.

Аудандық мәдениет үйінің төрін шипагерлік қасиетімен исі қазаққа танымал халық емшілері жайлады. Заң ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, «Шапағат» халықтық емшілері мекемесінің директоры О.Н.Әбділов сөйлеп, халық емшілері ұйымдарының, сондай-ақ, олардың жекелеген мүшелерінің әртүрлі ауруларды емдеудегі жетістігін атап өтті.

Кезінде үш жүздің пірі атанған, Сыр өңіріндегі атақты Құрбанұлы Марал ишанның ұрпағы Бауыржан Әбілдаұлы Нұржан Қазақстан халық емшілері ассоциациясы құрылғалы халық емшілерінің емдеу сауаттылығын жолға қою мәселесін қолға алыпты. Осы негізде республиканың барлық аймақтарында әрбір алты ай сайын республикалық халық емшілері семинарын жүйелі түрде өткізуді жоспарға енгізіпті. Бұл – халық емшілерінің шығармашылық есебі іспетті, әрі тәжірибе бөліседі. Бұған дейін осындай семинарлар Шымкентте, Өскеменде, Атырауда, Семейде, Ақтауда, Ақтөбеде, Петропавлда, Қызылордада өткен екен.

Енді, міне, Пір Бекеттің туған жерінде басқосулары халық емшілерін қастерлі топырақтың киесі мен иесін жақынырақ тани отырып, өңірдің көне шежіресі, әрине, халықтық (діни-мемориалдық) архитектуралық ескерткіштері де ерекше қызықтырған еді. Бұл ретте аудан басшысы Мақсым Ізбасовтың баршасын құттықтай отырып, семинарда сөйлеген сөзіне олар ықылас таныта ұйып қалды. Жылыой өңірі «Аралтөбе» қорымынан алтын киімді адам табылған, Ұшқан ата қауымындағы сан ғасырлық сәулет үлгілері, Жұбан тамы, Дүйсеке ата, Құлшан әулие, Бекет ата мешіттері, Ұшқан ата, Қарашүңгіл әулие қорымдары орналасқан қасиетті мекен екендігі жүректеріне жылы шуақ болып ұялады. Бұл өңірден де қолының ұстаған жері дауа, емі шипа халық емшілері көптеп шыққан. Қасиетті Достан ата, Дияр ата, Ешман ата, Зәбен, басқа да көптеген сынықшылар мен халық емшілерін атауға болар еді.

Семинарда «Кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Б.Ә.Нұржан «Қазақ ұлтының халықтық медицинасы: тарих пен тағылым» тақырыбында баяндама жасады.

Ғылымда, жалпы ғаламда ашылып болмаған құпиялар сан мыңдап саналады. Соның бірі – қазақ халқының ежелден келе жатқан емшілік қасиеті. Жалпы, қазақ халқы арнайы оқусыз-ақ, дәстүрлі халықтық ем-дом жасауды, сынық салуды, дәрілік шөптермен емдеуді ғасырлардан бері жетілдіріп, дамытып келеді. Бұл жұмысты ертеде ел ішінде бақсы, балгер, тәуіптер атқарса, енді шипагерлер оған халықтық сипат беріп, тәжірибе алмасу тұрғысынан түрлендіріп, емдік жүйесін байытып отыр. Олар бұрында да науқас адамның ауруының себебін анықтау жолын, емдік дәріні, оны қолдану мезгілін, бақылау уақытын жақсы білген. Бұндай дәстүрлі халық емшілігінің көптеген түрлері бүгінге дейін жетіп, заманауи медицинамен қатар даму үстінде. Түптеп келгенде, қазіргі медицинаның негізі де сол халықтық емнен бастау алғаны белгілі.

Бүгінде қазақтың 35 халық емшісі Қытай Халық Республикасының мемлекеттік деңгейдегі марапаттарына ие. Оның ішінде Қытайда ине салудан әйгілі шебер атанған павлодарлық Берік Демеуов те бар. Ол қазіргі шақта Ресейде жұмыс істеу үстінде. Ал, Гиннестің рекордтар кітабына енген, емшілігімен де, гір көтеруден әлемді таң қалдыруымен де әйгілі Серік Құлмырзаев – семинардың құрметті қонағы болды.

Бұдан кейін бірлестіктің Қазақстанның барлық аймақтарындағы филиал директорларының, олардың ішінде Астана, Петропавл, Ақтөбе, Павлодар, Шымкент қалаларындағы ұйымдардың жартыжылдық есептері тыңдалып, талданды. Әсіресе, «Сыр елі әулиелері» тақырыбындағы қызылордалық емшілер филиалының есебі аңыз-әпсаналарға құрылып, Оқшы ата, Арыстан баб, Бегім ана әулиелігі турасынан, Сыр жағалауына жерленген, қасиетті қобызшы, өлмес өмірдің өзегін қаузаған Қорқыт бабаның тылсым сырынан желі тартуымен тәнті етті.

 

ШӘКІРТІҢ КӨП ПЕ, ШИПАГЕР?

Ел ішінде жарты жыл сайын есеп беретін семинар-кеңесте шипагерлерді ұлығылап, ұлықтап отыратын жақсы бір дәстүр бар екен. Бұл жолы да мерейгерлерді құттықтауға, майталман емшілерді марапаттауға кезек берілді. Бұл ретте өмірінің алты асуын артқа қалдырып отырған, бірлестіктің Құлсары қалалық филиалының директоры, «Халық емшілігінің магистрі» Маржан Есениязова ерекше ыстық ықыласқа, қошаметке бөленді. Бұл күні мұқым елге мәртебесімен сыйлы Маржан емшінің мерейтойы әріптестерінің қолдап, демеуімен, өзінің сән-салтанатымен атап өтілді.

Атап айтар бір жайт, тәжірибелі халық емшілері бойында ем-дом жасауға бейім қасиеті бар өз шәкірттерін шипагерлікке баулып, оның қыры мен сырын үйренетін игі жолға салып, қатарға қосуда. Бұл бір жақсы үрдіс десек, семинарда жиырма шақты адамға «Кәсіби халық емшісі» деген арнайы құжат берілді. Олардың қатарында елеулі емшілер Рамат Ордабаева, Балкүл Жалғасбаева, Ақмоншақ Сейітова, Марина Захарченко, Райхан Қабаева, Ғалия Мұхиддин және Зұхар Бұланхан бар.

 

«ӨЛКЕНІҢ ТАРИХЫ – ӨМІРДІҢ ӨНЕГЕСІ»

Семинардың екінші күні осындай тақырыппен Павлодар, Петропавл, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстық филиалдарының этномедицина өкілдері туралы баяндалды. Әр облыстағы киелі орындар картасы жасақталды. Халық медицинасы әдістері: диагноз қою, биоөріс, ұшық салу бойынша шеберлік сыныбы жұмыс істеді. Халық емшілерінің қызметтік киім үлгілері сарапқа салынды.

«Кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бауыржан Нұржан «Халықтық тәжірибе және ғылыми ілім арналарының тоғысуы» тақырыбында баяндама жасады.

Реті келгенде айта кетейік, аудан әкімінің қолдауымен, Құлсары мұнай құбырлары басқармасы, «Теңізшевройл» ЖШС, «Жылыоймұнайгаз» басқармасы, басқа да мекемелердің демеушілігімен жүзеге асып жатқан осынау республикалық маңызы бар шарада алыс-жақыннан келген қонақтарға ескерткіш сыйлықтар ұсынып, сый-сияпат көрсетілді.

Республикалық семинарға қатысушы халық емшілері Бекет атаның туған жері – Ақмешітке ат шалдырды, киелі мешітте зиярат етіп, аруақтарға құран бағыштады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз