
”Өмір гүлі” — өмірге құштарлықтың кепілі
Өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың ішінде «Өмір гүлі» – мүмкіндігі шектеулі адамдардың шығармашылық орталығы қоғамдық бірлестігін айрықшалап атауға болар еді.

Жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік ҮЕҰ күніне орай мұнда «Ашық есік» күні өткізілді. Оған ата-аналармен бірге А. Сүндетов атындағы Атырау жоғары медицина колледжінің студенттері ұстаздарымен бірге келіп, қоғамдық негізде жұмыс жасайтын орталықтың атқаратын қызметімен, өмірге құштар ерекше балалардың салған суреттерімен және өзге де өнерлерімен танысып, бейімділіктерін байқады.
Ұйым жетекшісі Тыныш Жакупованың айтуынша, орталықтың өз жұмысын қалыпты жүргізуі үшін қала басшылығы тарапынан қолдау көрсетіліп, Жұмыскер ауылдық мәдениет үйі ғимаратынан орын қарастырылған. Бөлінген екі бөлменің бірінде балалар қолөнермен шұғылданса, екіншісінде саз өнерімен айналысады. Тұтастай алғанда, бұл жерде балалардың жан-жақты ашылып, талаптарын ұштап, таланттарын танытуына қолайлы жағдай туғызылған.
Сонымен бірге балалар түрлі деңгейдегі спорт сайыстары мен өнер додаларында алдан көрініп, үздік қырларынан көрініп жүр. «Өмір гүлі» өзге де өміршең, өрісі кең жобаларды жүзеге асырып, талпынысы мықты, таланты мықты өрендердің өмірге құштарлығын арттыруға өлшеусіз үлесін қосып келеді. Мұның бәрі атаулы күнге орай орталықта ұйымдастырылған «Ашық есік» күнінде кеңінен насихатталды.
Дәл осы мазмұндас шара «Сенім тірегі» ҮЕҰ-нда (жетекшісі Самал Жұмашева) да жалғасын тапты.
Дәулетқали АРУЕВ