Өмір деген ақ пен қара…

rrrrrr Қоғам

Баласынан айырылып, зар жылаған ана. Шыбын жанын сақтаймын деп шарқ ұрған жан… Қираған үйлердің ортасында шарасыз күйдегі періште бейнесі… Мұның бәрі біз өмір сүріп жатқан бүгінгі өмірдегі, анығында Палестина территориясында орын алған жағдай. Иә, бұл елдегі қатыгездікті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тілі бөлек болса да діні бір, өзіміз секілді бейбіт өмірді қалайтын адамдар. Сондықтан бұл өмірде мұндай сұмдықты жауыңа да тілегің келмейді-ау…

Қатыгездік қанымызға сіңбесін

Израиль мен Палестина арасындағы соғыс – бөлек тақырып. Алайда, әлемдегі қантөгіс, біздің қоғамдағы қатыгездік көріністер кімді болмасын алаңдатары анық. Кейде осы жат қылық «қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?» деген ойда қалатынымыз рас. Өйткені, кез-келген жаңалықты немесе оқиғаны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық. Адамдар үшін оқыс оқиғалардың өзі үйреншікті әдетке айналып бара жатқандай. Жол-көлік апаты орын ала қалса да жанынан дым болмағандай телефон камерасына  түсіріп өте баратын, соны дәреже көріп, әлеуметтік желіге бірінші болып жүктеуге асығатындар көбейді. Жол-көлік оқиғалары ғана емес, адамдар қиналып жатқан сәтті де камераға түсіріп, әлек болып жататындар бар. Ең қауіптісі, адамдардың осылай бір-біріне «алғашқы көмек» көрсетуі әдетке айналып барады. 

Жуырда көз алдымызда орын алған мына бір оқиға да бізді бейжай қалдырмады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқан егде жастағы әйел адам сүріне құлап, отыра қалды. Ал, оған жол беріп тұрған көлік жүргізушілері көмектесудің орнына аяғына тұра алмай жатқан адамға кезекпен-кезек көлік сигналын басып, терезесінен айқай салып жатты. Сол сәтте өзі құлап, қиналып жатқан адамға көлігінен түсіп, демеп жіберер адамның табылмағанына қынжылдық. Жол жиегіндегі өзге жолаушы ол жағдайды телефонға  түсіріп әлек. Соңында ешбір жаннан көмек болмаған соң әлгі әйел адам аяғын зорға басқан күйі жан-жағына алаңдай қарап, жол жиегіне шықты.

…Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде көрші тұратын Әлихан мен Ерасыл күнделікті бірге ойнап жүретіндіктен айырылмас достардай көрінетін. Десек те осыдан бір-екі ай бұрын орын алған соңғы жағдайдан соң өзара сенімдеріне сызат түскендей болды. Қаңтар айы. Атырау қаласы ақ қарға оранбаса да бет қаритын қара суық кез. Бет-қолдарының тоңғанына аса мән бере қоймаған екі доспен ойнағысы келді ме, жандарына бөгде ит жақындап, иіскелей кетті. Сол-ақ екен, әлгі төбет қас пен көздің арасында арсылдай келе Ерасылды алып жығып, талай бастады. Ересектер келіп арашалап алғанымен, жанындағы досының әрекеті бәрімізге оғаш көрінді.

Әлихан бастапқыда қаша жөнелгенімен, кейін қайта келіп, ұялы телефонын шығарып, бейнежазбаға түсіруге кірісті. Көпшіліктің ортасында жүрген мен де сегіз жастағы баланың бұл әрекетінен секемденіп қалдым. Қиналған жанға қолұшын созудың орнына оқиға орнын бейнежазбаға түсіріп тұратын үлкендердің қатыгез әрекетін ол да қайталап тұрғандай көрінді…

Бұл біздің өмірден алған бірер мысал ғана. Зер салып қарар болсаңыз, мұндай көріністерді күнделікті кездестіреміз. Тіпті, қоғамдық көліктегі мүмкіндігі шектеулі адам мен жүкті анаға немесе қарт кісіге орын бермеу де немесе көлік рулінде отырған нәзік жандарға небір балағат сөздер айтып, ақырып-жекіру де қатыгездіктің бір көрінісі емей немене?!

Кең болсаң, кем болмайсың

Ал, жасы 80-ге жақындаған атыраулық Нағима әжей адам өз ісі, жасаған әр жақсылығы арқылы көпке, кейінгі ұрпағына, қала берді айналасына үлгі бола алатынын айтады.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Бала отбасында, өмір сүрген қоғамынан не көрсе, есейгенде соны қайталайды. «Бала – ата-ананың айнасы» деп айтылуының себебі де осы шығар. Ұрпағыңнан қайырымды іс көргің келсе, сен оны балалық шағынан мейіріміңе бөлеп, жан жылуын сыйлауың керек. Сонда ғана қайырымын көресің.

Көбіне үйде отырсам да жастардың іс-әрекеттерін көріп, естіп, кейде басымды шайқап та аламын. Адам бойындағы аяушылық сезімі ананың сүті мен әкенің ақылымен дариды. Өмірдегі көп нәрсе отбасы тәрбиесіне байланысты. Адам баласына адам қолымен жасалған қастандықтарды естігенде, тұла бойым тітіркеніп кетеді. Қоғамда мұндай жағдайлардың көбеюі, әрине, жақсы емес. Адамдар бір-біріне, жақын-жуығына кешірімшіл болып, мейірімділік танытуы керек. Кең болсаң, кем болмайсың деген қанатты сөз де содан қалған. Адамдар, қоғам жақсы болсын десек, алдымен әркім өзін жақсы жолға салып, айналасына жақсы ниетпен қарауы керек. Ал, адамның бір ғана ізгілік әрекетінен ондаған адам үлгі алады, – деген қарт ана «ел басына күн туған» қазіргідей уақытта жұртшылықтың жұмыла әрекет етуін жақсылыққа балады.

Жақсылық – игіліктің бастауы

Иә, кейуана сөзінің жаны бар. Қазіргідей тасқын суға күресте халық қарт немесе жасқа, әлеуметтік жағдайына бөлінбей, бір кісідей бөгет салу жұмыстарына атсалысуда. Қолдарына қапшық алып, кетпен күрекпен демалыссыз топырақ салып жатқан аналарды, әлі белі қатпаған балаларды көргенде елдің бірлігін, Отанына деген шынайы сүйіспеншілігін көресің.

Қазір бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – туған өлкемізді тасқын судан аман алып қалу. Төніп тұрған қауіпті сейілтіп, «тілсіз жаумен» күресті күшейту. Қазіргі жағдайда әсіресе, ел арасынан шығып жатқан еріктілерге еріксіз риза боласың. Олардың басым көпшілігі – әр отбасының асыраушы ер азаматтары. Күндіз жұмысын атқарып, түнде бөгет салуға қолғабыс етіп, жанқиярлықпен жүрген  олардың еңбегін бүкіл ел көріп отыр. «Туған ауылымызды судан аман сақтап қаламын» деп, күнделікті бөгет жұмыстарына атсалысып жүрген еріктінің  бірі – Нұрислам Ғұмар.

– Біз қазір Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында жүрміз. Жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығының арқасында діттеген мақсатымызға жете келдік. Техникалар да жеткілікті. Ауылымызды аман алып қалуымыз үшін тұрғындар уақытпен санаспай қарқынды еңбек етуде. Бөгет соғу жұмыстарын кезекшілікке тұрып атқарудамыз. Соңғы күндері әскери қызметкерлер келіп, ортақ жұмысқа жұмылды. Енді 3-4 күндік жұмысымыз ғана қалды. Мұның барлығы ауыл ағаларының ақылы, тұрғындардың ауызбіршілігі нәтижесінде жүзеге асуда. Жастарымыз табандылық танытып, ұйқысыз, демалыссыз күндерді өткізуде. Бүгінгі сәт азаматтың азаматығын танытатын сындарлы кезең ғой. Осындай уақытта қиындықтан тайсалмай жүрген жігіттерді халқының нағыз патриоты деп білемін, – деді ол.  

Ауызбірлігі мықты ауыл

Соңғы аптадағы Атырау өңірінде көзімізбен көріп жүрген көрініс қоғамда қатыгездікпен қатар мейірімділік пен жанашырлықтың да барын паш етуде. Иә, біз бүгінгі қоғамдағы адамдардың бәрін мейірімсіз дей алмаймыз. Әсіресе, Атырау өңірі жүрегі кең, жомарт жандар мен ізгілік істердің ұйытқысы болып табылатын еріктілерден кенде емес. Өз жақсылығын жария етпейтін жандар да қаншама…

Елде пандемия жайлап, эпидемиологиялық ахуал күшейген сындарлы сәттерде өз өмірінен бұрын өзгені ойлаған батырлар да табылды.  Қазіргі кезде де әсіресе уыздай ұйып, қарғын суға қарсы күш біріктіріп отырған ауылдарды көргенде көңілің марқаяды. Мәселен, қауіпті аймаққа енген Алмалы ауылдық округінде қарт аналарымыз күн-түн демей, еңбек алаңында жүрген ер азаматтардың ас-суын әзірлеп ғана қоймай, «Еңбектерің ақталсын!», «Ел аман, жұрт тыныш болсын!» деген ақжарма тілектерін де арнап жүр. Тіпті, кейбір ауыл аналары өз ауласына дастархан жайып, дәмін ұсынуда.

– Өңірге төнген қауіпке, қазіргі ахуалға байланысты жастар жағы былай тұрсын,  ауылдың зейнеткерлері де қарап жатқан жоқ. Ақ жаулықты аналарымыз күнде 30 адамға арнап ыстық тамақ әзірлеп отыр. Ауылдағы мектептің өзінде жан-жақтан келген еріктілерге жататын орын дайындалып, үш мезгіл тамағы берілуде. Ер азаматтарымыз түнгі сағат 2-3-ке дейін бал соғуда. «Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осы маңда жылы ұясын «тілсіз жауға» бермеудің амалын ойлап, әрекет жасауда, – деді ауыл тұрғыны Балжан Ақжігітова.

Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, бұл өңір қауіпті аймаққа жатқызылғанымен бірен-саран қарттар болмаса, ауыл тұрғындары үй-жайларын тастап ешқайда кете қоймаған. Керісінше, барлығы күш біріктіріп, бөгет салу жұмыстарымен айналысуда. 

– Ауылымызда қазіргі таңда су тасқынының алдын алу мақсатында  жаға бекіту  жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Алмалы ауылдық округінде Алмалы, Береке елді мекендері бар. Екі ауылымызды судан қорғап қалуға күш салып жатырмыз.

Қазіргі уақытта судан қорғау бөгеттерінің осал жерлерін көтеруде  сәуір айынан бастап Алмалы, Береке ауылдарында «БатысАльянсСтрой» ЖШС, «БатысСтройСервис» ЖШС, Бірлік, «Матен Петролеум и Кожан» АҚ, «Доссор-Сервис», «АтырауТауКен» ЖШС, «КТК» ЖШС, «Интра», «JM Capital»  құрылымдары техникаларын жұмылдырды. Сонымен қатар  Қызылқоға ауданынан Нұралы Жексенов есімді азамат 15 тонналық  КамАЗ техникасымен көмекке келді, – деді ол.

Түйін:

Қазақ қашан да бір-біріне қамқорлық танытып, жетім мен жесірін жылатпаған, қай кезде де жығылғанға демеу болып, қиын сәтте бірін-бірі қорғап, қолдаған халық. Ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы адами ұлы қасиеттері болса керек.

Жайық жағалауын бекітуге жұмыла кіріскен жұртқа қарап, адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын сезінесің. Бізде Отан біреу, біз тұратын қала да біреу. Қазіргідей қиын сәтте бір-бірімізге қолдау көрсету ол – азаматтық парызымыз. Ал, туған жерін, елін қиын сәтте шарасыз қалдыру – әр азаматтың арына сын. Осындайда, еріксіз мына бір өлең жолдары ойға оралады: «Ауылдан көшсең көш керуен… Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді».  

Иә, қоғамдағы қатыгездіктен адамдардың  мейірімі ғана құтқарады. Олай болса, сіз де туған қалаңызға жанашыр болып, жақсылық  жасауға асығыңыз!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

*Сіз не дейсіз?

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы:

– Мейірімділердің ең мейірімдісі Алла бір-біріне мейірімділік танытқан құлдарына есептеусіз береді және олардың бір-біріне қамқор болуларын тоқтатпайынша мейірімін жалғастыра береді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың ең мейірімдісі болған және ол бізге қоғамда өзін-өзі ұстаудың, адамдармен қарым-қатынас жасаудың айқын үлгісін қалдырды.

Ата-анаға жақсылық жасаумен қатар, туыстарға көмектесіп, туыстық байланысты сақтау ризықтың көбеюіне әсер ететінін Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисынан байқауға болады: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари). Жақсылық күллі игіліктің түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, жақсы ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдау жақсылықтың нышаны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз