ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН ҮНҚАТЫСУ басқарудың әрбір деңгейіне тән болуы тиіс

5bbbbbbҚазіргі уақытта елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 18 мыңға тарта үкіметтік емес ұйым қызмет етеді екен. Олардың әрқайсысының артында белгілі бір әлеуметтік топ тұр, ауған ардагерлерінің, оралмандардың, жастардың дейміз бе, әйтеуір, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдайды, зейнеткерлер мен тұтынушылардың жоғын жоқтайды. Азаматтық қоғамды қалыптастырып, білім, денсаулық, экология, өзге де өзекті буындардағы өзіндік сипатын ашуға болатын өрелі істерге бой ұратын да солар. Өңірде бұл бағытта игі қадам, оңды істер баршылық. 
Жуырда Жылыой ауданында облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңестің көшпелі мәжілісі өтіп, оған қатысқан кеңес мүшелері, аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің меңгерушілері өзара ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мәжілісті осы кеңестің хатшысы, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаева ашып, басты мақсат жылыойлықтардың үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысы бойынша тәжірибе алмасу екендігіне қысқаша тоқталды.

ІЗГІЛІК ІЗДЕНІСТЕРІ – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Жылыой ауданы әкімдігінің үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау жөніндегі атқарған жұмыстары туралы» іс-тәжірибесін ортаға салған аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев қоғам дамуының өзекті мәселелеріне азаматтық құрылымдардың белсенді араласуы Жылыойда жұмыс жасайтын 17 қоғамдық бірлестіктің ізденісті қадамдарынан да көрініс тауып отырғанын айта келіп, олармен бірлесе отырып жүргізетін әкімдік қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Олар – үкіметтік емес ұйымдарды ауданда өтетін қоғамдық, мәдени-көпшілік, тәрбиелік шараларға кеңінен қамту, демеушілерді тарту арқылы қоғамдық ұйымдардың қызметіне қолдау көрсету, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын дайындауда қоғамдық ұйымдарды қатыстыру. Осы мақсатта ауданда азаматтық қоғамды дамытуға әр жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. Сол іс-шаралар аясында материалдық-техникалық қолдау мақсатымен аудандық Мүгедектер қоғамына, ардагерлер кеңесіне, аудандық Жастар одағына және ауған соғысы ардагерлері ұйымдарына жергілікті бюджет балансындағы ғимараттардан арнайы орындар бөлініп, телефон байланысымен, басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. «Шарапатты шаңырақ», «Дарын» әдеби-шығармашылық бірлестіктерімен тығыз байланыс орнады.
Аудан әкімдігі ардагерлер ұйымына жан-жақты қолдау көрсетіп, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, көмекке мұқтаж жандарға бизнес құрылымдары арқылы қаржылай, материалдық көмек көрсетіп отырады. «Баспасөз -2013» науқаны кезінде соғыс ардагерлері мен 230 тыл еңбеккері, 2147 мүгедектер қоғамы есебіндегі адамдар мемлекеттік тапсырыстағы басылымдарға демеушілік есебінен тегін жаздырылды.
Аудан әкімдігінің ұсынысымен биыл 14 Ұлы Отан соғысы ардагеріне «Теңізшевройл» кәсіпорнының демеушілігімен 100 мың теңгеге «Атаба» сауда орталығынан азық-түлік алу сертификаттары табыс етіліп, «Ариадна» ЖШС демеушілігімен 150 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Қайырымдылық акцияларын өткізіп, мүгедектерге азық-түліктей, материалдық, қаржылай қолдау көрсетіп отыру дәстүрге айналды. Айталық, жергілікті әкімдер, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2012 жылы 1889 адамға 15 млн. 762 мың теңгенің, ал, биылғы жылдың бес айында 391 адамға 2 млн. 30 мың теңгенің қайырымдылық шаралары бизнес құрылымдарын тарту арқылы ұйымдастырылды.
Ауданда «Шарапатты шаңырақ» қоғамдық бірлестігімен үкіметтік емес ұйымдар үшін ресурстық орталық ашылса, «Құлсары жастары» қоғамдық бірлестігімен «Жастардың көшбасшылық клубы» құрылды. Төрт бірдей үкіметтік емес ұйым республикалық «Бота» қорының грантын жеңіп алып, 1 млн.156 мың теңгеге түрлі әлеуметтік топтарға зерделеу жұмыстарын жүргізген жобаларын іске асырды.
Аудан әкімі мен «Еуразия» қоры және үкіметтік емес ұйымдармен арада үшжақты өзара көмек жөніндегі меморандумға қол қойылды.
2013 жылғы әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға қойылған талаптың бір ерекшелігі – оның аудан әкімдігінің ұсынысымен «Біздің қоғамдық жерлерді көріктендіру» аясында өтуі. Бұған тек «Еуразия» қорының гранты негізінде берілген қаражатты ғана емес, жергілікті тұрғындар мен бизнес құрылымдарының да қаржысын, материалдық көмегін тарту мәселесі де ескерілді. Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» жобасы «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестігімен іске асырылып, оған аудан әкімдігінің ықпалымен Құлсары желілік өндірістік басқармасы, «Мако», «Жылыойтазалық» ЖШС көмекке тартылды. Бұл жоба арқылы Құлсары қаласындағы мүгедектер орталығына баратын тас жол салынып, демалатын орындықтар қойылды.
«Теңізшевройл» ЖШС қаржыландырған «Әлеуметтік дамуға азаматтық қоғамның қатысуы» жобасын жүзеге асырушы «Орталық Азияның Еуразия қоры» үш бағыт бойынша жұмыстар жүргізді.
«Еуразия» қорының ұйымдастыруымен Ресейдің Самара қаласындағы «Фонд Тольятти», Қарағандыдағы «Эко Центр», Алматыдағы «Еңбекшіқазақ ауданы қауымдастығы қоры» жетекшілері шақырылып, іс-тәжірибелері таратылды.
Соңғы үш жылда «Еуразия» қорымен аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларына 17 млн. 289 мың 238 теңге қаржы бөлінді.

АЗАМАТТЫҚ
ҚОҒАМ ЖӘНЕ
АТҚАРУШЫ БИЛІК

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ауылдық жерлерде азаматтық қоғамды дамыту мақсатындағы атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасы және бірлесіп атқарған жұмыстары туралы» Атырау қаласы және аудандар әкімдіктерінің жауапты адамдарының есептері тыңдалды. Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Жанат Досқалиева үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жандандыру мақсатында 2012 жылы жергілікті бюджеттен 3 141 000 теңге қаражат бөлініп, қала көлемінде олардың қатысуымен діни бағытта іс-шаралар ұйымдастырылғанын айрықша атады.
2013 жылы қалада азаматтық қоғамды дамыту бойынша жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге бөлініп отыр, бұл қаржы осы бағыттағы өрелі істерге арқау болмақ.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов өз сөзін өңірде бес үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін, оларды қолдау мақсатына биыл 1 млн. 500 мың теңге бөлініп, ол игерілу үстінде екендігін айтумен бастады. Кәсіпкерлер форумы жылда өтіп тұрады. Қоғамдық қорға «Мәтен», «Қайнар», тағы басқа кәсіпорындар бар, жылда орта есеппен 5-6 млн. теңге қаржы түсіп тұрады. Хабарламашының сөзіне қарағанда, аудандағы мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы – «Жас Отан» жастар қанаты мен «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігі екен. Осы екі ұйымның тікелей араласуымен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты бүкілқазақстандық форум аудан орталығы Миялы селосында кең көлемде аталып өтіпті.
Индер ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жарас Есенғалиев үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі аудандық кеңес қоғамдағы тұрақтылықты сақтауды, конфессияаралық келісімді, руханият пен сенімді нығайтуға бағытталған жұмыстарды үйлестіріп отырғанын, жастардың азаматтық қалыптасуы, олардың ұйымдастырушылық қабілеттері арта түскенін айтады.
Исатай ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова өз сөзіне негізінен аудандағы үш белсенді қоғамдық ұйымның ізденісті қадамдарын арқау қылды.
Махамбет ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айгүл Сұлтанғалиева өңірдегі «Жанартау-Атырау» қоғамдық бірлесті-гінің жастар арасында түрлі тақырыпта «дөңгелек үстел», кездесулер, кештер, сайыс, байқаулар өткізіп, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, отансүйгіштік қасиетке тәрбиелеуде ізденісті қадамдарға жиі баратынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Құрманғазы ауданында да атқарылған бірқатар жұмыстар бар. Аудан әкімінің қолдауымен соғыс және еңбек ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары Астана қаласына саяхатқа жіберіліп, олар алып шаһарға айналған Елорданы көруге толық мүмкіндік алды. Жастар арасындағы діни ахуалды айқындап, олардың діни сауаттылығын зерделеу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, ішкі істер бөлімі өкілдерінің және имамдардың қатысуымен аудан мектептерінде, аграрлық-техникалық колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары арасында «Дәстүрлі емес діни ағымдар» тақырыбында түрлі тақырыптық кештер, семинарлар өтті.
Мақат ауданы бойынша «Мақат жастары» қоғамдық бірлестігі биыл ғана жыл басында құрылып, заңды тұлға ретінде тіркеліпті. Олардың аз ғана мерзімде «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, аудан жастары арасында «Елбасы Жолдауын қолдаймыз!» тақырыбында кездесу өткізгені, «Болашақ –біздің қолымызда!» атты пікірсайыс, «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты аудандық форумды және «Табиғатты қорғаймыз, тазалықты қолдаймыз!» атты акция ұйымдастыруға атсалысқаны аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Салтанат Хамидуллинаның сөзіне арқау болды.
Мәжіліске қатысып, сөз сөйлеген Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасов Бекет ата туған жерге, қазақ мұнайының үштен бірін беретін берекелі өңірге қадам басып отырған қонақтарға алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда жемісті қадам тіледі.

Түйін
Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасында «…басқару жүйесі үкіметтік емес сектормен әріптестік қағидаты негізінде жұмыс істеуі керек. Мемлекет үшін үнқатысудың сан түрлі алаңқайларын құру мен оларға қолдау жасаудың, бұқаралық іс-шараларды бірлесіп өткізудің маңызы зор.
Бұл басқарудың әрбір деңгейіне де тән болу керек» деп атап көрсетті.
Демек, міндет – айқын, бағыт – сара. Ендігі жерде жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ауылдық жерлерде азаматтық қоғамды дамыту жолында ынтымақтасып, бірлесіп іс-қимыл танытып, ізденісті қадамдар жасаулары ғана қалды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз