Жарнама
Қоғам

«Өнердің атасы – нұр, анасы – мұң…»

1. Бүгінгі Атырауда әдебиеттегі жастардың рөлі қандай? Өңір жас ақындарының бағыты қай белесте?
2. Қолына қалам ұстаған жас буынға не жетіспейді?
3. Шығармашыл жастарды қолдау қандай деңгейде?

Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ:

«АҚЫНҒА БІЛІМ КЕРЕК»

1. «Атырау әдебиеті»-қасиетті қазақ әдебиетінің бір пұшпағы ғана. Біз осы топырақтан шыққан ұлыларымызды мақтан тұтуымыз керек. Енді сол ағаларымыздың жолын қуған жастарға келсек, олар да жеткілікті. Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш қазіргі қазақ әдебиетінің бел ортасынан орын алды. Сыйлыгүл Наурызбекқызы мен Қарлыға Темірғалиеваның өлеңдері де интернетті шарлап жүр, көпшілікке танымал. Жақында кітабын шығара алмай жүрген Шопан Шыңғыстың бір топ өлеңдері бірден «Атырау ақындарының антологиясына» шыққалы жатыр. Талант айдан келіп түспейді, бәрі де өз ортамызда, тек оларға рухани көмек керек.
Бірақ, жастардың махаббат тақырыбынан аса алмай, жылауық өлеңдер жазатыны кейінгілерге үлгі болып қала ма деп қорқамын. Біздің жастарымыздың өр рухты өлеңдер жазатын мезгілі де жетер дейміз. Жастардың халық арасындағы ролі осы өршілдігінде болуға тиіс.Әркімнің өз биігі бар,ақындардың қай белестен шығатынын өмір көрсетеді. Жақында бір мақтап жүрген ақынымыз өлеңді тастап, өмірден баз кешіп кеткендей әңгімелер айтты. Соны білгенде Алматының көшесінде келе жатып көзімнің жасын тоқтата алмадым…
2. Қолына жаңа қалам ұстаған жас ақынға білім жетіспейді, өзінің алдындағы ақындарды, шетелдік шығармаларды оқымайды, шеберлігін шыңдауға талпынбайды, екі өлеңі жарияланса, ертеңгі күні сені менсінбейді, өзін ақын деп атайды. «Ақын» деген қасиетті атауды халық беретінінің байыбына бармайды. Осы кемшіліктерді бойынан іздеген, сол үшін қымсынған жас талант кейін шын мәнінде халық ақыны болады деп ойлаймын. Ақын болғаны үшін ешкімге бұлданудың немесе артық марапат, құрмет сұраудың қажеті аз.
3. Жоғарыда айтып өткен халықаралық марапаттар сол қолдаудың көкесі емес пе? Әлде өлеңдері басылымдарда жарияланбай жатыр ма? Әлде өлеңді ақша беріп жаздырамыз ба? Қандай қолдауды айтасыз? Ақын болу үшін қандай қолдау керек! Өлеңдерін жөндеп береміз бе? Университетте жарты ғасыр бойы шығармашылық ұйым жұмыс істеп келеді. 2004 жылдан бері «Армантау» жас ақындар клубы жұмыс істейді, соны тұралатқан осындағы талантты деген жастарымыздың өздері еді, кездесулер өткізбеді, артына ерген ақындарға жарытып ақыл айтып, жанына тарта алмады. Кезінде біздің әдебиетіміздің корифейлері Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Сатыбалдиев, М.Сүндетов, Н.Әжіғалиев, Ф.Оңғарсыноваға және басқа да тақырыптарға арналып мүшәйралар өткізілді, әлі де өткізіліп жатыр. Шығармашылық кештер, аудандарда кітаптардың тұсауке- серлері өткізіліп жатыр. Бұл қолдау емей немене?
Бірақ, жастар түгілі жасамыстарымыздың өзі мүшәйраларға шығармашылық деп емес, табыс көзі деп қана қарайтыны қорқытады. Сол үшін ұрыс-керіске баратыны да бар. Бұл әдебиетті дамыта алмайтын нәрсе. Қазір айтыста орын ала алмай қалса, шатақ шығаратындар да бар. Және өзін сол айтысқа қатыстыруды міндет санайды. Қатыспай қалса, өзінің кемшілігіне қарамай, айдай әлемге байбалам салады. Ежелден бері айтысқа тек таңдаулы ғана айтыскерлер шақырылған. Шығармашылық қолдауды, шеберлігін шыңдасын деген ниетті түсінбейтін айтыскерлерді бұдан былай тек таңдаудан өткізіп қана шақырған дұрыс. Әләуләйдің уақыты өтті.

Артур ЯҺУДА, ақын, «Алтын топшы» шығармашыл жастар бірлестігі жетекшісі:

«МҮШӘЙРА – МҮМКІНДІКТІҢ ӨЛШЕМІ ЕМЕС»

1. Атырау таланттары қай кезде де еліміздің әдеби қорына айрықша үлес қосып келген. Оған алдымыздағы аға-апаларымыз дәлел. Ал, бүгінгі таңда осы табысты жолды жастар жалғай алмай келеді. Өйткені, жас буын шығармашылығын шыңдауға құлықсыз. Материалдық мәселемен шектеліп қалады. Өнерді еш нәрсемен ауыстыруға болмайды. Өнер ешқандай қаржымен жасалмайды. Мүшайра, фестивалдерден орын алмаса, тағы шектеледі. Мүшәйра – мүмкіндіктің өлшемі емес қой! Ал, жастардың әдебиеттегі рөлі орасан болуы тиіс. Бірақ, біз дәл осы рөл дегенді сезіне алмай отырмыз. Өңірде шығармашыл жастар өте көп емес. Алды халықаралық байқаулардан жүлде алып, соңы облыстың намысын асқақтатып жүр. Алайда, олардың арасында сауатты, дұрыс жазатындары саусақпен санарлық. Жазушыға ең бірінші сауат керек.
2. Жас буынға тек еңбек жетіспейтін секілді. Үлкен жазушы болу үшін ұшы қиырсыз еңбек керек. Бұл дүниеде өз еліңе пайдасы тиетін, не өз жаңыңды рахатқа бөлейтін іспен айналысудан артық не бар? Шығармашылықпен айналысатын жастар сол рахатты тек жазудан ғана таба алады. Ал, біреуден бірдеңе күту – өз-өзіңді өлтіру. Ешкім ешкімге үйретпейді, ешкім ешкімді жетектемейді. Әркім өз күшін пайдалануы керек. Өзіне сену қажет, ал өзіңе сенбесең, бәрі бос.
3. Қолдау жоқ емес. Бірақ, аз. Өте аз. Жас ақындардың да әлеуметтік мәселелері бар. Олар да лайықты жағдайды қалайды. Мұндай қолдауды ешқашан көрмедік. Мысалы, мен өзім республикалық, халықаралық конкурстарға талай қатыстым. Бәріне де өз қаржыммен бардым. Іссапар берілмейді. Жеңімпаз боп келсең, жабыла мақтап, аспандатады. Біздің пәленше мынадай орын алды деп жоғары жаққа жылдық мәдени есепке қосып береді. Көзіммен көрдім. Тек мен емес, біздегі барлық жастардың жай-күйі осылай. Атырауда ең болмаса жолға шыққан жастың жолақысын көтеруге мүдделі басқарма жоқ. Сондықтан, әркім өзіне ғана сенуі керек! «Өнердің атасы нұр, анасы мұң» дейді. Нұрынан нәр алып, мұңына ортақтасу керек деп ойлаймын. Ал, насихатталу жағынан қолдау табуға болады. Баспасөзге шығамын десең, жол ашық. «Атырау» газеті бар, «Ақ Жайық» журналы бар, «Қазақ әдебиетіне» де өлеңіңді жібер. Өзің үшін жұмыс жаса.

Бақытгүл СӘРМЕК, ақын:

«ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ
КӨРСЕТУ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ»

1. Жастардың әдебиеттегі рөлі айтарлықтай бар. Әсіресе кейінгі кезде әдебиет төңірегіндегі жастардың жұмысы қарқын алып келеді. Оған, мына «Жас дәурен» жұмысын қосыңыз. Сонымен қатар, Атырау облысын түгел қамтитын «Атырау әдебиетшілері апталығы» өтуде. Аталған апталық аясында жастардың да ауыл — аудандарға шығып, шығармашылығын насихаттауға мүмкіндік бар. Қойшығұл ағамыз ұйымдастырып жүрген апталығына жастар баруы керек. Тартынбауы керек. Ал, жастардың көпшілігі осындай иігілікті шараға атсалысып, қатынасуға енжарлық білдіріп жатады…
2. Әкімдік, мәдениет басқармасы тарапынан қолдау керек. Мысалы, «Жыл адамы» атты номинациямен былтыр барлық сала мамандарын түгендеп үлкен шара өткізді. Солардың ішінде не ақын, не жазушы, не журналист жоқ. «Жыл адамы» шарасына «Жыл жазушысы» деген номинация қосуға болар еді. Бұл жастардың ынтасын оятып, шабытын шыңдай түсуге мүмкіндік жасары анық.
3. Жас ақындардың бағыты жақсы. Тек олардың насихатталуы баяу сияқты. Интернет ресурстарын пайдалануға болады. Сонымен қатар, басқа да жолдарын ойластыру керек. Жастар үнін жеткізетін басылымдар жарық көрсе. Антологиялық жинақтар басылса. Әдеби кештер көптеп ұйымдастырылса жастардың ынтасы, деңгейлері артар еді.

Шалқарбай ІЗБАСАРОВ, айтыскер ақын:

«АҚЫНДАРДА МІН ЖОҚ, ҚАЛТАДА ДЫМ ЖОҚ»

1. Әдебиетті жасайтын — талант. Аузымен жылан жұтып, от шайнайтын жас ақын-жазушылар өсіп келеді. Бірақ, серпілісі өте баяу. Өнер адамдарын өсіретін де, өшіретін, талаптың тұлпарын ерттеп мінген таланттың талабын ұштайтын да, қанатын қатайтатын да – орта. Сол әдеби орта бізде болмай тұр. Бұл ащы да болса шындық. Мәселен, 5-6 ақын бірігіп, бірді-екілі отырыстарда бас қосатынымыз болмаса, былайғы уақытта жиналмаймыз. «Тәрбиесіз өскен құл жаман, бағытсыз өскен ұл жаман», — деп Баласағұн айтпақшы, әдебиетке қадам басып, қалам тербеген әрбір жастың да бағыты, бағдары болады. Атырауда тыңнан түрен салған, «бір өлеңі – бір әлем» ақындар жоқ емес. Соларды қолдайтын орта керек.
2. Ақын Мағжан сенген жастардың арманы қай кезде де асқақ. Бұл мәрттікке жалқаулығымыз нұқсан келтіретіні болмаса… Сондықтан да, соңғы кезде басылым беттерінде жастар поэзиясы көрінбей кетті деп ойлаймын. Кей ақынның керемет өлеңді редакция жағалап, жарыққа шығаруға жалқаулығы жібермейтін секілді.
3. Мен айтыскер ақын болғандықтан, айтыс жайлы ғана айта аламын. Бәріміз білеміз, Атыраудың айтысының жұлдызы енді-енді жанып келеді. Бізде бірнеше адуынды, арқалы айтыскер де бар, ұйымдастырылуы да жақсы, бірақ қолдау аз. Айтыс өте сирек өтеді. Оның өзінде де айтыс деп шапқылайтын бір-екілі азаматтар. Соңғы жылдары оқушылар айтысын жиі ұйымдастырып, жас таланттарды шыңдап жүрген ақын Шынарбек Қабиевтің еңбегін атауға болады. Әрине өнер жанашыры, рухани ұстазымыз Қойшығұл Жылқышиевтың сандалып жүріп демеуші тауып, жыл сайын тұрақты айтыс өткізуі бізді қуантады. Сонда айтыс өнері тек Қойшығұл мен Шынарбекке ғана керек пе? Жоқ, айтыс қазаққа керек. Осыны біле тұра басшылар бұл өнерге неге қолдау көрсетпейді? Мәселен, өзіме Алматы, Астанада өткен бірнеше айтыстан шақыртулар келді. Бір-екеуіне ғана қатынаса алдым. Үнемі баруға қалтам көтермеді. Демеуші жоқ. «Ақындарда мін жоқ, қалтада дым жоқ» деп бұл жайды қазір жырға арқау ететін де болдық.

Меруерт ҚАБЫЛОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті, ақын:

«МЕНІҢ ӘДЕБИ ОРТАМ – МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫМ»

1. Әдеби орта белгілі бір топтан ғана тұрмайды, ол әр адамның өз ішінде болады. Ақынның рухымен, кітапханасымен жеке қалып, жаны тынышталып өз бөлмесінде ойлануы — әдеби орта болып есептеледі. Және ол орта ақынға көпшіліктің ортасынан гөрі көп пайда береді деп ойлаймын. Мен сол өзімнің әдеби ортамда көбірек болуға тырысамын. Әрине, көпшіліктің пікірін, ойын естіп алып, әркім өзінше дұрыс топшылап білсе ғана дұрыс қой. Сондықтан, дүрілдеген орта болмаса да атыраулық ақындар аядай бөлмеде анда-санда кездесіп ой бөліседі де, қалған өмірі мен секілді жеке рухани кітапханасында жалғасады деп ойлаймын.
2. Шабыт пен қоса «шалық» деген нәрсе болады ғой. Адамға бірде періште сыбырлайды, бірде жын сыбырлайды дейді. Періште сыбырлағанда шабыт келеді, ақтарылып өлең жазасың. Ал шалық – ақынның ішкі күйзелістермен не өлі емес, не тірі емес кейіпте жүрген кезі. Мұны үлкен ақын аға-апаларым айтып отырады. Мен де келісемін. Менің түсінігімде әрбір адам – мәңгілікті іздеуші. Сол жолда белгілі бір ақиқатты, өз қоғамын, заманын, жаратушысын, түптің түбінде өзін іздейді. Бірақ, жастар көбі тыңнан түрен саламын деп, поэзияны түсініксіз әлем етіп алатыны бар. Осындай артықшылықтар үлкендердің көпшілігінің көңілінен шықпай жатады. Бұл артықшылық жастардың кемшілігі деп білемін.
3. Мен әлі толық қалыптаса қойған жоқпын. Әзірге, рухани қолдауды ғана сезініп жүрмін. Күні кеше облысымыздың әр өңірінде өткізілген «Әдебиет апталығының» мен үшін берері мол болды. Осындай шара жастарды таныта түседі деп ойлаймын. Меніңше, қазір жазба ақындардан гөрі, айтыскерлер арасында айтыстар жиі өтіп келеді. Сондықтан, алға қарай жазба ақындар арасында мүшәйралар көптеп өткізілсе деген тілегімді айтқым келеді.

ТҮЙІН:
«Өнер адамы кейде дана, кейде бала. Оның даналығынан бала болып үйреніп, ал балалығына әке болып қамқорлық жасау қажет». Бұл жерлесіміз белгілі публицист Ғабдол Слановтың сөзі. Болашақ қазақ әдебиетінің өсуі мен өркендей беруіне бүгіннен бастап жағдай жасау керек сияқты. Себебі, ұлтымыздың рухын асқақтатып, тәуелсіздігіміздің таудай жетістіктерін жырлайтын да осы әдебиет емес пе?!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button