ҮНЕМДЕЙ БІЛУ – ҮЛКЕН РЕЗЕРВ

оған жалпыүйлік жылу есептегіш қондырғы орнату кепілдік береді

Елбасының халыққа биылғы Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берілген тапсырмаларында тұтынылатын электр және жылу энергиясын үнемдеу, оның мейлінше тиімді тетіктері мен ұтымды технологияларын қарастырып, есептеу техникаларын қолданысқа енгізу міндеттелгені белгілі. Сайып келгенде, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін арттыру – ең басты міндет. Мемлекет басшысы алдымызға қойған осы талаптар аймақта қалай орындалуда? Алда қандай іс-шаралар жүзеге аспақ?

Бұл бағытта өңірімізде іске асырылып жатқан іс-шаралар баршылық. Бұдан біраз бұрын басталған жұмыстардың нәтижесінде атыраулықтар да электр знергиясымен қатар жылу қуатын да үнемді пайдалану мүмкіндіктерінің барлығына көз жеткізді. Мұның бірден-бір жолы коммуналдық қызмет түрлеріне тән есептегіш құрылғыларды (соның ішінде көп қабатты, көппәтерлі тұрғын үйлер үшін жалпыүйлік есептегіш) қолдану болып табылатындығы даусыз.
Осы тұрғыда атқарылған жұмыстардың барысын жұртшылыққа таныстыру мақсатында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.
Аталған департамент, коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер және пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен бірге журналистер алдымен қаланың Махамбет көшесіндегі 119, 121 үйлерінде орнатылған жалпыүйлік есептегіш құрылғының жұмысымен танысты. Мәселен, үстіміздегі жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша мұнда бекітілген тарифке (1 гекокалорияға 22,42 теңге көлемінде) сәйкес есептегіштің жалпы көрсеткіші 2102,42 теңгені (1 Гкал үшін) құраған. Осылайша, жұмсалған жылу қуатының нақты есебін білуге мүмкіндік беретін құрылғының көмегімен тұтастай алғандағы 70 пәтерлік үй тұрғындарының бір айдағы тұтынған жылу энергиясына төлейтін ақысының жалпы сомасы 47137,97 теңге көлемінде болған.
Ал, есептегіш құрылғысынсыз, бұрынғысынша белгіленген тұтыну нормасы бойынша есептегенде бұл сома 246102,06 теңгені құрайды екен. Сөйтіп, жалпы ауданы 3011,1 шаршы метрлік бір ғана көпқабатты үй бойынша тұтынылған жылу қуатының экономикалық тиімділігі 198964,09 теңгеге теңгеріліп, қаншалықты үнемге қол жеткізуге болатындығын көрсеткен. Мұның өзі әңгімемізге арқау болып отырған есептегіш құрылғының артықшылығын, қаншалықты тиімді әрі пайдалы екендігін аңғартса керек. Оның үстіне әрбір көпқабатты үйдің ауласынан сайланған шағындау ғана орынға жайғастырылған мұндай құрылғының жұмысын жылу-электр орталығының мамандары қадағалап, әр айдың 25-нен кейін ондағы көрсеткіштерді жазып алып, тұрғындардың қанша төлейтіндіктері туралы хабарламаларын беріп отырады.
Байқағанымыздай, автоматты түрде іске қосылып, шығындалған жылу қуатының дәл және нақты есебін шығаруға мүмкіндік беретін құрылғының көмегімен құбырдың бойына беріліп тұрған жылудың қуатын, қысымды және температураны,т.б.параметрлерді де көріп-біліп, анықтауға болады. Қалай дегенде де жалпыүйлік есептегіш құрылғының тұтынушы үшін тиімді, үнемді, ең бастысы, жылу энергиясының ысырапсыз, артық шығынсыз жеткізілуіне жағдай жасайтындығы сөзсіз.
Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге де болады. Айталық, шаһардың Мұқанов көшесі 1«а» мекен-жайындағы көп қабатты үйде де жалпыүйлік есептегіш құрылғы орнатылыпты. Бұнда да әлгінде айтылғандай, есептеу құрылғысынсыз, яғни шартты түрдегі тұтыну нормасымен алынып, жалпы тұрғын алаңы 5454 шаршы метрді құрайтын үй бойынша бір айға есептелінген жылу ақысының көлемі 465145,27 теңгеге шықса, есептегіш құрылғының көрсетуі бойынша 100301,84 теңгені, ал экономикалық тиімділік 364843,43 теңгені құрағанына көзіміз жетті.
«Авангард-2» мөлтекауданындағы №4, «СМП-136»-дағы №5 көпқабатты үйлер мен С.Датов көшесі 11 үй мекен жайында орналасқан «Гелиос» ЖШС, Шәріпов көшесі 4 «а» үйдегі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі,т.б. көптеген кәсіпорындар мен мекемелер де өздері қолдана отырып, жылу есептегіш құрылғыны пайдаланудың тиімділігі мен үнемділігіне қол жеткізгендігін білдік. Осылайша, соңынан аталынған тұрғын үйлер мен мекемелердің есептегіш құрылғыларының көрсеткіштеріне назар аударғанымызда да нақты тұтынылған жылу қуаты құнының жалпы норма бойынша алынатын коммуналдық қызмет ақысынан әлдеқайда арзанға түсетіндігі әрі экономикалық тұрғыдан тиімділігі жөнінде де елеулі айырмашылықтың барлығын ұғындық. Ақырында, есептегіш орнатқанның ешуақытта ұтылмайтындығына, керісінше, орынсыз ысырап пен шығыннан арылып, үнем мен пайда көретіндігіне көзіміз жетіп, куәсі болдық.
Баспасөз турын өткізген Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі республикалық агенттіктің облыстық департаменті директорының міндетін атқарушы Райхан Мизамғалиева соңғы жылдары ғана қолға алынған жалпыүйлік есептегіш құрылғыларды орнату мәселесінде бүгіндері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгендігіне тоқталды. Мұның өзі, бір жағынан ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын терможаңғырту бағдарламасының қабылдануымен байланысты оңғарылу үстіндегі шаруа екендігін де департамент басшысы ашық айтты.
Мәлімделгеніндей, жаңа құрылғы қолданысқа енгізілгеннен бері жылу энергиясының үнемделуі 8-15 пайызды құраған. Әзірге барлығы 121 есептегіш орнатылып, іске қосылған. Алдын ала есептеліп қойылғанындай, жалпы қала бойынша бірінші кезекте орнатылуға тиісті жалпыүйлік есептеу құрылғыларының саны 452 болса, қазіргі қолданыстағысы соның 26,8 пайызы екен. Бір қарағанда мұның әнебір жоғары көрсеткіш, аса тәуір нәтиже еместігі де түсінікті. Құптарлығы сол – жылдар бойына жыр болған бұл мәселеде де сеңнің қозғалып, бетбұрыстың жасалынғандығы.
Алғашқы нәтижелерді саралағанда, басталған игілікті істің жүйелі жалғасын табатындығы да күмәнсіз. Тек соған сеніммен қарап, өзімізге қажетті, пайдалы, тиімді нәрсеге үрке қарамайық, жаңалықты жатсынбайық, Елбасының өзі ерекше мән беріп, ден қойып отырған энергияны үнемдеу, ұқыпты пайдалануға үйренейік. Көзделіп отырған басты мақсат та осы екендігін естен шығармайық.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз