Жарнама
Қоғам

Нашақорлық – қоғам дерті

Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Бүгінде дүниежүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында күресуде. Өз басымызда болмаған соң өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. «Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз?» деген сауалдар, әрине, адам жа­нын мазалайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:

«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі де­ген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау ор­гандары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жа­сампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жа­сайтын жағымсыз әдеттерден арылу­ымыз керек. Вейпке яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып, жұмыла күресу қажет» деген болатын.

Есірткіге еліктейтіндер, негізінен, жасөспірімдер мен жастар. Олар, өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін. Алайда жа­стар қорықпайды. Есірткіні таратушы­лар қызық көріп жүрген жастарды: «Инемен салмасаң болды, нашақор емессің. Біз иіскейміз, одан нашақор болмаймыз» деп алдауы да мүмкін. Ал шындығында жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Біз бала тәрбиесін мек­тепке қарай ысырып қойғанбыз, со­дан кейін сол мектепті кінәлаймыз. Бұл – үлкен қателік. Қайта біз мектептің және мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, отбасында ата-ана мен бала бір-біріне суық, ру­хани адамгершілік тұрғысында отба­сында дағдарыс қалыптасты. Бірақ бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді. Өйткені, әркім өз кемшілігін өзі көріп, түзей алмайды.

Отбасындағы дағдарыс қоғамдық деңгейге қалықтап шықты. Осыдан келіп өз арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсті. Бізде «Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар. Күннен-күнге психоактивтік заттардың зияндылығына қарамастан оны қолданатын адамдардың саны ар­туда. Жасөспірімдер нашақорлығының әлеуеттік келешегін мамандар алдын ала болжады.

Нақтырақ айтсақ біріншіден, 12-18 жастағы нашақорлар — бұл ар-ождан принциптері бұзылған, адамгершілік қасиеттері төмен деңгейдегі адамдар. Сонымен қатар есірткі қолдану ба­лаларды жиі қылмысқа итермелейді. Сөйтіп, 10-20 жылдан кейін жасөспірім нашақорлық әлеуметтік қауіп то­бын құрайды. Ал екіншіден, нашақор балалардың көпшілігі өліп кетеді неме­се дені сау келешек ұрпақ деп айта ал­маймыз. Осыған байланысты қоғамдық қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар ара­сында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарды спортқа, басқа да мәдени ұйымдарға тарта оты­рып, олардың бос уақыттарын кіммен, қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе игі.

Жұмақайыр БЕРТІЛЕУОВ,

нарколог-дәрігер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button