Жарнама
Қоғам

НАРЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ МАЙДАНГЕР

 

Орта бойлы, ат жақты, қара торы ақсақалмен баяғыдан таныс адамдардай, құшақтасып көрістім. Тоқсанның тұғырына қонған қарттың жүрісі тым ширақ, адымы алымды көрінді маған.

– Әзірге құлақ естиді, көз көреді. Жаңалық-хабарларға елеңдеп отырамын.

 Маған ала көзімен бір қарап қойды да, майдандағы жорық жолдары туралы әңгімесін өзі бастап кетті.

– 1943 жылдың 12 маусымы күні таңертең Новобогат аудандық әскери комиссариатына 18-19 жас шамасындағы бір топ жас шақырылдық. Осы Забурыннан құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен құрдастарым – Сарықұлов Құрманбай, Әбілов Шапағат, Шеруенов Уалдан, Ахметжанов Нәби, Сахибеденов Насыролла, Мұхамеджанов Нығметолла, тағы да басқа  ауылдың жігіттерімен майданға бірге кеттік. Кейін әрқайсысымызды әр жаққа бөлді. Үш айлық курста болып, соғыс оқуын үйрендік. Сосын, бізді майдан шебіне аттандырды. Мен 2-ші Белоруссия майданына қарасты 128-ші гвардиялық танк бригадасы құрамында атышулы «Т-34» танкінде пулеметші болдым. Талай жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатыстық. Бәрін бірдей жадыңда сақтап қалу оңай емес. Мектептердегі кездесулерде бүлдіршіндерге, үйдегі немерелеріме анда-санда айтып, сұрапыл соғысты еске алып отырамын. Бір танкте орыс та, молдаван да, грузин де болды менімен бірге. Кавказ жерін, Белоруссия мен Украинаны азат ету үшін болған ұрыстарда үш рет жараландым, екеуі жеңіл, біреуі ауыр болды.

Соғыстағы мына бір эпизод күні кешегідей әлі көз алдымнан кетпейді. Бірде жаумен ұрыс кезінде біздің танкке неміс снаряды тиіп, өртенбесі бар ма. Екі жолдасым танк ішінде қаза болды. Менің үсті-басым өртеніп, отқа оранды. Өздігімнен қозғалуға шамам жоқ, есімнен танып қалыппын. Қасымдағы көздеуші грузин жігіті люкті ашып, мені сыртқа шығарып, топыраққа көміп тастапты. Кейін есімді жисам, үстімдегі гимнастеркамның дал-дұлы шыққан, басымдағы шлемім де жартылай өртенген. Омырауым, қолым, құлақ шекем күлбіреп, күйіп қалыпты, оң аяғыма оқ тиіп, сан етімді жұлып әкетіпті. Далалық санитарлық бөлімше арқылы мені госпитальға  жіберді. Алты ай жатып, емделіп, майданға қайта кеттім. 

– Есіңізде қалған басты оқиға – Ұлы Жеңістің хабарын естіген күн шығар. Қандай жағдайда қарсы алдыңыз?

– Біздің полк сәуірдің аяғында Берлин маңына келді. Немістер әр көше, әр үй сайын қатты қарсылық көрсетіп, жанталасып жатқан кез ғой, бұл. Совет әскерлерінің тегеурінді, әрі жойқын ұрыстары немістерді қатты шайқалтты. Мамырдың сегізі күні түнде немістер соғыста жеңілгендігі жөнінде капитуляция актісіне қол қойып, Совет жауынгерлері  асыға күткен Жеңіс те келді. Қуанышымызда шек болмады бұл күні. Оны жай айтып жеткізу мүмкін емес. «Уралаған» айқайдан құлақ тұнады. Ақсақал ойға шомып, біраз үнсіз отырды.

Е.Ғұбашевтың сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғаннан кейінгі тағдыры Приморск өлкесінде әскери қызметпен жалғасты. Қазақ солдатының туған жерге деген сағынышы, елге аман-есен жету арманы тағы бүтіндей алты жылға ұзарды. Майдангер Ерекең Приморскідегі шекара заставасында әскери борышын өтеп, жастарды әскери оқу-жаттығу ойындарына үйретіп, тек 1951 жылы ғана елге оралу бақытына ие болған екен.

Ауылдағы көнекөз қарттардың әңгімесінен білгеніміз, сегіз жыл елден жырақта жүрген Ерекеңнің әскери өмірге көндігіп, орысшаға әбден төселгені соншалық, бастапқыда соның шылауынан шығу да оңай болмаған көрінеді. Малшылықты кәсіп етті, Нәзира есімді қызбен көңіл жарастырып, үйлі-баранды болды. Өмірге алты бала әкеліп, тәрбиеледі, қазір олардың төртеуі тірі. 1960-шы жылға дейін колхозда сиыр бақты, сосын кейінгі жиырма жылын  атакәсіп – қой шаруашылығын өркендетуге арнады. 

Ерекең қазір ұрпағынан он екі немере сүйіп отыр. Қарт майдангердің айтуынша, құдай қосқан қосағымен өткізген қырық жылдай ғұмырында өмірдің ыстық-суығын талай көрді. Жеңгейдің бақилық болғанына да он бес жылдың жүзі болған көрінеді.  Бүгінде ардагер ақсақалымыз бала-келіні Салауат пен Ағибаның қолында. Олар да оны балаша мәпелейді, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа да риза.

«Өмір бойы мал бағып, жайлауда жүрген мына шалың 84-ші жылы зейнет демалысына шықты. Туған жерден кеткің де келмейді. Бұрынғы қиын заманда да тұрмыс кештік қой. Қазір бәрі жақсы, өмір жақсарды, тұрмыс түзелді. Забурындағы мына үйге табиғи газ келіп, келіннің қолы ұзарды. Баяғыдай көмір жағып, күл шығару дегенің ұмыт бола бастады. Соғыс ардагеріне берілетін жеңілдіктерді пайдаланамын. Денсаулықтан әзірге шағым жоқ, шырағым, шүкірміз. Кемпірі жоқ қара шалға о да құдайдың қарасқаны болар. Тек өзіңмен бірге жүрген майдандастардың бәрі өмірден озып, бүкіл Нарын өңірінде жалғыз майдангер ретінде қалғанымды біртүрлі ыңғайсыздау сезінетін жағдайдамын. Соғыстың соңғы солдаты болуды қаламаймын, қатарым сиремесе екен», — дейді Ерекең ағынан жарылып.

Өткен күзде Ерекең Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың атынан үлкен марапатқа ие болды. Оған «Белоруссияны азат еткеніне – 70 жыл» мерекелік медалі аудандағы салтанатты басқосуда табыс етілді. Беларусь Президенті қарт жауынгерге Ұлы Отан соғысы жылдарында Белоруссия жерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуде қосқан ерлігі мен батылдығына өз халқы атынан алғыс сезімі білдірілген үш бұрышты құттықтау хатын да қоса жіберіпті.

Бәзбіреулердей «мен соғыс ардагерімін, ананы бер, мынаны жаса, үй керек, немеремді жұмысқа орналастыр» деген сияқты арыз-өтініштермен билік басында отырғандарды мазалап көрмепті. Жұпынылау тіршіліктегі қараша үйінде шүкіршілік етіп тұрып келді. Бала-келіні де жұмыста жоқ. Бәрінің қарап отырғаны сол қарттың зейнетақысы ғана. Оның үстіне, қалада колледжде оқитын немересінің оқу қаражатын төлеу де майдангердің мойнында екен.

Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов аудан әкімдеріне Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дейін жергілікті жерлерде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне баспана тұрғызып беруді ерекше тапсырған болатын.

Жылқы жылы мәресіне таялар шақта Забурын ауылында тұратын Ерекең қуанышқа кенелді. Бюджеттен бөлінген 13 млн. теңге қаражатқа жеке кәсіпкер Сержан Айтжанов соғыс ардагеріне арнап жаңа үй салып берді. Сырты қызыл кірпішпен қапталған жайлы де еңселі бұл үйдің шаңырақты шаттыққа бөлеп тастағаны да рас.

Аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков қартты жаңа қонысымен құттықтап, оған Елбасының Жаңа жылдық құттықтау хатын, облыс әкімінің  арнайы сыйға берген кілемін салтанатты түрде табыстады. Жеке кәсіпкер өз атынан майдангердің үйіне жұмсақ жиһазды тарту етті.

Ал, біз жаңа үй маңдайшасындағы «Мына үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Ережеп Ғұбашев тұрады» деген  жазудың неғұрлым ұзағырақ тұрғанын, емендей берік қазыналы, дария кеуде, тау мүсін қартымыздың ұзақ та бақытты ғұмыр кешуін  тілеп аттандық ауылдан. 

                Бақытжан ЖҰМАТ, Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button