НАРЫН ҚҰМЫНДА ҚАЛҒАН ІЗ
Бөкей бастаған көш
Біздің негізгі мақсатымыз Хан ордасындағы Бөкей хан тарихи-өлкетану мұражайын көру болатын. Бөкей сұлтан – Әбілқайырдың немересі, Нұралы ханның баласы. Патшадан рұқсат алып, Кіші жүз қазақтарының бір бөлігін Еділ мен Жайықтың аралығындағы ноғайлы – қазақтардың ескі жұртына қоныстандырған осы – Бөкей хан еді. Оны 1812 жылы Патша Үкіметі жаңадан құрылған ішкі Орданың ханы етіп бекітеді. Бөкей інісі Сығаймен Жайықтың арғы бетіне өткенде, оларда бар-жоғы елу шақты ірі-қарасы болыпты. Олардың жұпыны тіршілігі мен күнкөрісіне сол жердің ауқатты қазақтары жәрдемдесіпті. Хан Сарайшық қаласында тұрып, Маңғыстаудың батысына қарай, Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы Самар даласын мекендеген қазақтарды да билеген. Жалтыр көлінің жағасы Бүгілдің Жалтыр көліне құяр сағасында «Бөкей шешесі» деп аталатын жер бар. Халық арасында «Бөкей хан осы арадан орда салдырмақ болған, кемемен тас әкелдірген» деген сөз бар. Алайда, теңіз арқылы алыс қиырдан құрылыс үшін тас тасымалдатқан хан анасына ескерткіш мазар салдыра алмапты.
Бөкейдің қазақ тарихындағы орны ерекше болғандығы сөзсіз. Ол екінші, жаңа хандық құрды. Ресейден қаржы алып, үлкен ғимараттар салдырды. Зерттеуші ғалымдар оның сол заманның мықты саяси стратегі, дипломаты болғанын да жоққа шығармайды.
Оның дәуірі қазақтарға жайлы болғаны да рас көрінеді. Мал басы өсіп, Нарынның отты да шұрайлы жерлерін тиімді пайдалана білген. Сол кездің көзқарасымен пайымдағанда, адамдардың басын қосып, атакәсіпті дамытуға жер тауып, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуі Бөкей ханның көрегенділігі дер едік.
Жәңгір хан өсірген орман
Ел арасында Бөкей ордасын билеуші Жәңгір хан жөнінде пікірлер көп. Жәңгір хан жан-жақты зерттелді деп кесіп айту қиындау. Бірақ, тарихи кешенді аралап жүргенде байқағанымыз, Жәңгір хандардың ішіндегі ең білімдісі болған екен. Десек те, Жәңгір хан билік құрған кезеңде саяси жағдай шиеленісіп тұрған еді. Сол тұстағы басқару мен жер бөлуде жіберілген кемшіліктерге орай, ол халыққа қарсы бірқатар әрекеттерге баруға мәжбүр болды. Бұл жағдайды Ресей қазақ хандығы аумағын отарлау мақсатында ұтымды пайдалана білген. Қазақ халқы үшін негізгі экономикалық шектеулердің бірі – қазақтарға Каспий теңізі, Еділ мен Жайық өзендерінің жағалауларындағы аумаққа қоныс аударуға тыйым салынуы еді. Шаруаның бұл өзендерден балық аулауға және мал суаруға құқығы жоқ болған. Жәңгір ханның жүргізген саясатының ақыры Исатай бастаған көтеріліске әкеліп соқтырды. Жәңгір көтерілісті Ресей әскерінің көмегімен басып тастайды.
Хандықты басқару құрылымында ол бірқатар реформаларды жүзеге асырған. Оның кезінде хандықтың алғашқы картасы жасалынған. Еуропаша білім алған ол елді өркениетке бұрып, хан ордасын салдырған. Ордада мектеп ашып, жас жеткіншектерді оқытқан. Дарынды балаларды Астрахан, Орынбор, Қазан қалаларында білім алуға арнайы қаражат бөлдірген. Сонымен қатар, халықты емдеу, мал шаруашылығын дамыту, мал басын әртүрлі аурулардан сақтандыру жұмыстарында да өзі бастамашы болған.
Жыл сайын Бөкей ордасында жәрмеңке ұйымдастырған. Тарихи кешенді аралап жүргенімізде, біз қару-жарақ бөлмесінде болдық. Мұнда Жәңгір ханның әулеттік, этнографиялық заттар мен құнды құжаттарды жинақтай отырып, әр кезеңде сирек кездесетін қару-жарақ, қылыштар, қанжарлар, мылтық пен тапаншаның түрлері, торсауыт, дулыға, алтын-күміспен айшықталған ат әбзелдері қойылған. Жәңгір ғылым және мәдениет саласындағы алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерімен де тығыз қарым-қатынаста болған. Денсаулық сақтау саласына да ерекше назар аударған. Балаларды шешек ауруына қарсы ектірген. Қазақ даласында тұңғыш рет дәріхана аштырған. Мешіт тұрғызған. Дүкендер салдырған. Пошта, телеграф байланысын орнатқан. Малды асылдандыру бойынша реформалар жүргізген. Әсіресе, жылқы малын көбейтуге айрықша көңіл бөлген. Тіпті, Ордаға 30-40 шақырым жақындағанымызда, Жәңгір хан өсірген орманға тап болдық. Онда ағаштың түр-түрі өсіп тұр екен.
Осылайша, Жәңгір қазақ жерін сақтап қалу мақсатында қол астындағы халқын отырықшы деңгейге жеткізіп, қала салып, мемлекет басқару істерін ресейлік үлгіге көшірген. Жәңгірдің Қазақ елін батыс, орыс өркениетіне қосамын деген әрекетін сол кездегі қоғам түсінбеді. Сондай-ақ, орыстарға да бұл ісі ұнай қоймаған. Оның өзі де, отбасы мүшелері де бірінен соң бірі жұмбақ жағдайда қаза тапқан.
Орда – тарихи мекен
Жәңгір хан – бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап жарға итермей, биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келген секілді. Сол күні тарихи кешенді аралап, үлкен әсерде қалдық.
Орда ауылында жоғарыда айтылған тарихи нысандар сол күйінде сақталған, мемлекет қарауында екен. Мұражайға шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен туристер өте көп келетін көрінеді. Оны біз мұражай қызметкерлерінен естіп, білдік. Орданың айналасы орманмен қоршалған. Тарихи кешеннің іші де экзотикалық өсімдіктерге толы. Жәңгір хан атында мектеп, ескерткіштер, мұражайлар да бар екен.
Ауылдан батысқа қарай шыққанда 5-10 шақырымдай жерде, Жәңгір ханға, Дәулеткерейге, Салық Бабажановқа арналып тұрғызылған ақ күмбездерді де көрдік. Басына барып тәу еттік. Міне, біз көрген Бөкей ордасы тарихи кешенінің бүгінгі көрінісі осындай.
Аяпберген САЛИХОВ,
журналист.