НАРЫНҒА БӨКЕЙ БАСТАП ӨТІП ЕДІ…
Өзіміздің талбесігіміз – Нарын аталатын Еділ-Жайық қос өзен аралығының өткеніне көз жүгіртсек, бізге жеткен жыр мен қиссаларда алты ел ауып, қазақ бір кетіп, екі келіп, жетіншісінде ғана жұрт болып қоныстанғаны айтылады. Сондай жырдың біреуін еске салар болсақ, Шынияз Шанайұлы (1819-1875 ж.ж.) былай дейді:
Алты жұрт Асанменен анық кетті,
Жетеу деп білмегендер жалғап еді.
Еділден қара табан қалмақ босып,
Қозғаған ноғай артын болар еді.
……………………………………….
Нарынға Бөкей бастап өтіп еді,
Қойы мыңға, жылқы жүзге жетіп еді…
Жетінші рет қоныстанған елді бастап келген — Бөкей сұлтан. Ол кісі қазақтың ата-жұрты саналатын Нарынды өз иелігіне алу жолында көп қиындық көрген. Бөкей сұлтанның карауындағы халқымен Нарын өңірін тұрақты қоныстануға ұмтылысына Астрахан линиялық казак полькінің командирі П.С.Поповпен арадағы көңілдері жарасқан достық қатынас себепкер болды.
Қазақтардың Жайық өтуіне бар ниетімен көмек жасауды қолға алған П.С.Попов өзінің ойын жүзеге асыру үшін, 1799 жылдың 2 мартында генерал лейтенант лауазымы беріліп, Грузия және Астрахан губерниясының билікшісі, Кавказ дивизиясының командирлігіне тағайындаған Карл Фёдерович Кноррингтің қолдауын сұрап, әдейі жолықты.
Қазақтар Еділ-Жайық арасын толық иемденіп қоныстанған жағдайда олардың өсірген малдары Ресей халқының игілігіне жаратылатынына, қажетті ет, май, жүн, тері, басқа да мал өнімдерімен тұрақты қамтудың бір саласына айналатыны көңіліне қонды.
Осы даламен Бұқар, Самарқанд, Коқанд, Персия және Орта Азия, Қытай, Үндістанға баратын Ресей саудагерлер керуенінің алаңсыз жүруін қамтамасыз етуге болатындығын түсінген басшы бұл істің нәтижелі болуына белсене араласты.
Империяға адал қызмет жасайтынына шүбә келтірмейтін генералдың ұсынысын қолдаған Бірінші Павел 1801 жылдың 2 наурызында Бөкей сұлтанның Еділ-Жайық арасын тұрақты қоныстануға жазбаша сұрағын қанағаттандырып, өзінің иесіндегі халқымен, еркін жайлауына ерік берген жарлығын шығарды.
Бөкей сұлтан – өмірі тартыста өтіп, оның рахатын көре алмай кеткен тұлға.
Нақтылап тоқталар болсақ: Біріншіден, бұл жерге таласушылар аз болмаған. Олардың ең бастауында қалмақтар тұрады. Осы аймаққа 1628 жылы Хор-Урлюк бастап келіп иеленген жоңғарлықтардың (зюнгарлық) торғауыттары 1771 жылы 5 қаңтарда Убаши Серектің бастауымен 30,909 түтінмен кері козғалған, Еділдің оң қапталында көшке ілесе алмай қалған 13155 түтін және бар. Еділ-Жайық арасын еркін жайлауға ұмтылды. Олардың салмақты негіздері болатын. Империяның шекарасындағы тыныштық күзетіндегі Астраханның қазақ полкіндегі 1397 әскерилердің 868-і казактар болса, 529-ы қалмақтар. 1800 жылы 27 қыркүйекте әскери міндет атқаратындықтан қалмақтарға Еділ-Жайық аралығындағы 32 миллион десятина жерді еркін жайлауға патша ағзамның рұқсаты болған. Шұрайлы қонысты түбегейлі өздері иемденіп қалу үшін қалмақтар да жан-жақты шарасын алып таласты.
Екіншіден, Бөкей сұлтанның туыс ағайыны түркімендердің ханы Пірәлімен тартысқа түсті. Пірәлі – Нұралының 1735 жылы туған үлкен ұлы. 1772 жылы маңғыстаулық адайлар мен түркімендер өздеріне хан сайлады. Ол 1791 жылы 31 қазанда II Екатерина жарлығымен бекіп, ресми түрде Түркімендердің ханы атанды. Оның өзіне қарайтын халқымен Ресей империясының қол астына кіру жөнінде 1791 жылы берген арызы қанағаттандырылып, сол себепті Ресей адамдары ретінде Жайық өтіп, Нарынды еркін жайлауға рұқсат алған. Бөкейдің бұл аймақты қоныстанғанына келіспей, қалайда кек алуға қызмет жасады. Сол Пірәлінің қарамағында болған түркімендерден қалған ұрпақтар қазірде Астрахан қаласының маңындағы үлкен бір селода тұрады.
1805 жылы қайтыс болғаннан кейін екі халықтың арасы ыдырайды. Адайлар өз орнында қалса, түркімендер Хиуа ханының қол астына көше бастайды. 1808 жылы Бөкейдің інісі Артыққали сұлтанға ілесіп 100 үй кең шалбар адайлар мен тазке аталары Еділ- Жайық арасына өтті. Үшіншіден, Нұралының қалмақ әйелінен туған ағасы Қаратай:
— Кіші жүздің халқының біраз бөлігін Еділ-Жайық аралығына көшіріп, өзің хан сайланасың, – деп, Бөкейге қызғанышпен қарады. Қолдан келген қастандықты аямай жасауға тырысты. Шөбі шүйгін, тұнық су көздері мол соны жайылымда мал өсіруге қолайлы алқапты еркін жайлауға ұмтылған халықты бұл аймаққа жібермеуге қызметтенді.
Жайық өтіп қоныстанғандарын барымталады, қарақшылық жасап, үйлерін тонады, жалпы жайлы отыруларына мүмкіндік бермеді. Кері Жайық өтулерін талап етті. Қорқыту-үркітудің небір түрін тапты. Бөкейдің өзіне де тыныштық бермеді. Қастандық жасап, ыңғайы келсе көзін жоюға әрекеттенді. Туған ағасының шалдуар мінезін жақсы білетін Бөкей бірер қыс Астрахан, Казак полкінің штабы орналасқан Красный Яр селосының маңына қыстауға мәжбүр болған. 1806 жылы Жантөренің хан сайлануына қарсы рулар Каратайды өздеріне хан көтерді… Жасы ұлғайып қартайған шағында да биліктен қол үзбеді. 1824 жылы Орынбор губернаторы П.Г.Эссеннің жарлығымен Кіші жүздің батыс бөлігінің сұлтан правительдігіне тағайындалды. 1826 жылы 80 жасында дүние салды.
Төртіншіден, Жайық өткен қазақтар құм бойын қоныстанды. Еділ бойын, Теңіз жағасын иемденуге қолдары жетпеген. Өйткені ол жерлерде князь Н.Б.Юсупов пен граф А.А.Безбородканың дачалары тұрған, балық аулау және өңдеумен шұғылданатын кәсіпорындары, батағалары орналасқан. Князь Николай Борисович Юсупов император I Павел мен Еуропада ұзақ жыл бірге оқыған досы болса, Александр Андреевич Безбородка Екатеринаның өзінен кейін патша тағына немересі I Александрдың отыруына жазған өсиетін Павелге тауып беріп, өртеп жіберуге көмектескен. Бұндай адамдарға ешкімнің тісі өте алмайтын. Оның көрінісі Бөкей хан өзен мен теңіз кемерінде бір жерге тұрақтап қоныстанып отыра алмады. Ішкі Ресейден жайлы қоныс, табысты кәсіпшілік таба алмай жүргендер, арасында кісі тонаған қарақшылар да табылатын. Өзен-көл сағалап мекендерін салып, селоға біріккен. Қонысы қанған қазақ ауылдарына тынымсыздық жасап, малын өсіртпей малдарының төліне дейін ауыл маңына жайылтпаған. Балалардың қақтығысына үлкендер араласатын сәттер туындаған дұшпандық әрекеттен қазақ ауылдары ішкі бойға тұрақтай алмай, алыстап отырған. Естігендердің айтуына сенсек, олардың ағаш үйін өртеп жіберген деген сөз де бар. Атақты күйші, Бөкейдің еншісі айырылмаған інісі Шығайдың ұлы Дәулеткерейдің туған жері қазіргі Көнеудің оңтүстігіндегі Кобякова селосы екені анықталды. Осындай жайлы қоныстан өз еркімен кетпейтіні белгілі. Бастамада Көнеудің маңында мекендеген ауыл дамылсыз түрткілеуден батысқа ауа көшті. Жыл сайын жылжып жүріп кейінгі кезеңде Қыста Кішкене аралда, (Малый арал) жазда оның терістігіндегі Найза аталатын жерде жайлаған. Бөкей, Айшуақ Кіші Жүздің ханы болып тұрған кезде Хан кеңесінің төрағасы болған.
1801 жылдан Еділ-Жайық аралығын сұлтан дәрежесінде басқарса, 1812 жылдың 1 майындағы Император Бірінші Александрдың указымен Бөкейді ішкі орданың ханы етіп тағайындады. Ол жөнінде Бөкей ханды 14 маусымда таныстырды.
Хандық дәрежеге көтеру рәсімі Орал қаласының аймағындағы тоғайда жетінші шілде айында ұлықталып тұғырға көтерілді.
Бөкей ханның халқына қайырымды болғанының бір көрінісі Кіші жүздің хандары жөнінде зерттеулер жүргізген Тілекқабыл Боранғалиұлының «Жәңгір хан» кітабында (Алматы, 2014ж. Абзал-ай баспасы) жазылған. Онда 1812 жылғы Отан соғысында орыс әскерлерінің жеңісінің құрметіне Бөкей ханның иелігіндегі кедейлердің әрқайсысына өз есебінен тегін ширек пұттан астық үлестіргені туралы «Северная почта» газетінде жарияланған мақалада көрсетілгені айтылады.
Энциклопедиялық деректерде Бөкей ханның туған жылы белгісіз деп беріледі. Шамамен топшылап айтушылар да баршылық. Біз ол кісінің өмір сүрген тарихи кезеңін, болған оқиғаларды сараладық. Іс барысында қарым-қатынаста болған кісілерді, жақсы жолдастары мен достарын талдап, өзіміздің жорамалымызды жасадық.
Ойға алған шараларының жүзеге асуын үнемі қолдаған Астрахан линиялық полкінің командирі Павел Семeнович Поповпен арадағы достық қатынастың болуына екеуінің бір жылда туған құрдастықтары да әсер еткен. П.С.Попов 1815 жылы 15 мамырда 58 жасында дүниеден өтті. Сол жылы 58-дегі Бөкей ханымыз 1857 жылы туған болады.
Мағлұматтар мен қолда бар деректер бойынша, Бөкей ханнан халық зәбір-жапа кешкенін кездестірмейміз. Ондайы болса, хандарды қаралау тұсында бояуы қалыңдатып айтылар еді. Үлкен аймақты қазақ халқының игілігіне айналдырып, ол жерді мәңгілік Қазақ елінің құрамына қосты. Бөкей кезінде сондай ерлік жасамаса, бүгінгі күні тарих тегершігі қалай айналары белгісіз. Біздің жерімізді, жалпы Еділ-Жайық арасын кім иеленіп отыратынын елестету қиын.
Бөкей ханға тағылатын бір айып: жеке қожалығында малы көп болып, соны өсіру үшін жалшыларын Жайық өткізіп көшіп шықтыға саяды. Оның жауабын мұрағат деректері негізінде жазушы Генадий Васильев пен қоғам қайраткері Никита Исқаховтың «Тернистый путь Букей хана» кітабынан үзіндіні сол қалпында келтіремін…
«…За вами закрепляются следующее территориальные пределы в междуречье Урала и Волги. Вам дозволяется кочевать, начиная от реки Узени до горы Богдо, и от сей горы через Чапчичи на ватагу Дудатскую или Телепнев до моря. Небольшой части казахов разрешается иметь кстау при море, между ватагою Дудатской, Телепеновой и Коневской, а остальным при камышах на свободных землях. Таким образом, в ваше пользование, султан, поступают огромные территории примерно шесть с половиной миллионов десятин. Правда, 192 тысячи десятин составляют бесплодные земли, 420 тысяч десятин это пески, но зато более пяти миллионов десятин пригодни для пастбищ. На таких обширных площадях вы сумеете быстро увелеичить поголовье скота и сделать жизнь своих шаруа зажиточной.
На таких землях грешено не увеличить поголовье скота не только шаруа, но и нам с братом. Сколько сейчас у нас в наличии имеется скота? — спросил Букей у Шигая, с которым они вели совместное хозяйство.
— Невелико наше с тобой, брат, богатство: с десяток верблюдов, сотни две баранов да небольшой табун лошадей, не считая наших коней, что под седлом, вот, пожалуй и все, — разводя руками, уточняет Шигай.
— Да, невелик ваш достаток, братья султаны. Я предполагал, что ваш достаток невелик, но он мал до неприличествующего вашего знания состояния, не мог даже предположить, — с удивлением говорит Скворцов.
— Мы с братом не занимаемся грабежом своего народа, не совершаем набеги на хутора поселенцев, чем грешат некоторые из наших сордичей , барымта – это не наш путь к обогощению. Вся надежда на новые земли, где мы вместе со своим народом сжожем в кратчайший срок поправит свое бедственное положение. И чем скорее мы переберемся на новые земли, тем скорее сможем это сделать».
Осы үзінді — Бөкей ханның иелікке алған жері, өздерінің жеке шаруасы мен ұстанымы жөнінде нақты берілген дерек. Бөкей хан саналы ғұмырында қазақ үшін аянбай еңбек етіп өтсе, бақилық болғанда да халқын жарылқап жатыр. Айықпас дертке ұшыраған Хан 1815 жылдың 21 мамырында жазғы жайлаулығында мәңгілікке көз жұмған. Соңғы тілегінің бірі — өзінің ұстаз — ақылшысы, емші-көріпкелі Сейіт бабаның мүрдесі жатқан «Кішкене арал» қасындағы қауымға жерлеуді аманаттауы. Бұл дүниеден өтер алдында соңғы тілегін білдіргенде «Қазақ ханының сүйегі өз елінің, яғни қазақтың жерінде жатыр деп айтылып, халқымды қорғасын», — деген ойы болмады деудің қисыны келмейді. Бақилыққа көз жұмар сәтінде мүрдесімен қатар жатуды қалаған Сейіт баба кім еді?
Сейіт Мұхаммед Құлбайұлы Астрахан губерниясы, Қызылжар уезіне қарасты Қожатай ауылында шамамен 1744 жылдары дүниеге келген. 16-17 жасында қажылық сапарға барған. Исламның суфизм ағымын ұстанған. Мысыр, Бағдат, Бұхарада оқыған. Мүршид атанып Сирия, Үнді елдерінде болып, білімін одан әрі жетілдірген. Елуге иек сүйеген шағында кіндік кесіп, кір жуған Қожатайына қайтып оралады.
ХIХ ғасырдың басында өзін қолдап ілескен қалың елімен Еділ-Жайық арасын қоныстанған Бөкей ханның адалдығы, сарабдал салмақты әділдігіне сүйсініп, ең жақын жанашыры, пәледен сақтаушы-жебеушісіндей болған кісі.
Ғасыр өте алмағайып заман туындады.
Қазан төңкерісінен кейінгі талапайда талай жерлер тартысқа түсті. Ол дауыл Бөкей хан саналы еңбегін аямай, Қазақ елінің құрамдас бөлігіне айналдырған Нарынға да шүйілді. 1919 жылы 21 қарашада Қырғыз аймағын басқару ережесіне сай «Қырғыз Қазақ революциялық комитетінің шешімімен Қиғаш, Ахтүба, Бозан аймағында Бөкей ордасының құрамдас бір облысы ретінде қарамағында 10 болыстан, тұратын «Еділ — Каспий қырғыздары» құралды. Еділдің салаларындағы сулы да нулы өлкені Қазақ еліне қимаған өктемшіл саясат 1921 жылы «Еділ-Каспий қырғыздары» бірлестігін таратты. Құрамында Т.Рысқұлов, Ә.Ермеков, У.Танашовтар бар қазақ өкілдерінің табанды тартысымен В.И.Лениннің әділ шешім алуға ықпал жасауынан үш болысы Бөкей ордасының Теңіз аймағы уезіне үлкен даумен берілді. Қалғандары Ресей құрамына енгізілді.
Саналы өмірін сарп етіп, Қазақ елінің жерін сақтау үшін атқарған еңбегі толық дәрежеде ойлаған межесіне жетпесе де, нәтижесіз болмады. Империяның озбырлық өктемдігіне тегеурінді тойтарыс берді, Еділ-Жайық арасындағы алқап тәуелсіз Қазақ елінің құрамдас бөлігіне айналды. Бөкей хан қазіргі Орал, Атырау облысының Еділ Жайық аралығындағы жерді алып иелік жасаған, бірақ тұрағы Атырау облысының аймағында, яғни біздің елде болған.
Тарих деректерінде Бөкей сұлтанмен бірге Еділ-Жайық арасына бес мың түтін өткен. Жыл сайын келушілер тасқыны тоқтамаған он шақты жылда олардың саны екі еседен асқан. Бөкейдің біліктілікпен басқару нәтижесінде елдегі саяси да әлеуметтік жағдай тұрақты, халыққа жайлы, қысымшылық пен қағажу көрмегендіктен, кең жайлауды емін-еркін иеленген қазақтардың малы бастапқысынан алты есеге жақын өсіп, бес миллионға жеткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған.
Елге бір кісідей, бір әміршідей еңбегі сіңген жанға кейінгі ұрпақтар, біздер, қандай құрмет көрсетіп жүрміз? Жерлестері ретінде ханымызды мақтанышымызға айналдыра алдық па? Ол кісінің есімін иеленудің өзі үлкен құрмет емес пе?
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы ретінде атап өту туралы ұйғарымы – әрбір қазақстандықтарды толғандыратын жағдай. Өткенге көз жіберіп, тарихымызды зерделеп, жоғалтқанымызды түгендеп, кім екенімізді тануға ұмтылатын кезіміз – осы. Хандарымызды тану, білу, зерттеу – өзіміздің ұлттық санамызды асқақтатып адастырмайтын жарық та сара жол.
Қазақтың жоғалғанын тауып, ұмыт болғанын ортаға оралтып, тарихын зерделеп, барын асырып, халқын жарқын болашаққа бастап жүрген Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыруда Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен, Атырау облысының әкімі Бақтықожаның Ізмұхамбетовтің басшылығы арқасында Бөкей ханға арнайы кесене тұрғызылды. Хандық айбары шығарылған сәнді құрылыстың жүруіне отаншыл кәсіпкерлер белсене қатысса, оның басы-қасында бел шешпей жүрген Атырау облысы тәртіптік кеңестің басшысы Ізбанов Мұхиттың еңбегіне ел риза.
Түп-тамырымызды тиянақтап, елім деп еңіреген ерлерді ардақтаудың бір көрінісі – Бөкей ханымыздың есімін елге оралту. Құрманғазы ауданының орталық селосы Ганюшкин атауын өзгертіп, Бөкей хан селосы деп атасақ – өткен асылдардың рухына құрмет. Бүгінгі еңбегіміздің жемісі – келешегімізге өнеге. Ағайын, ақыл дариясын, білім теңізін игеруге жұмылайық!
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
«Мақаш әкім»,
«Әбу Сәрсенбаев»
қоғамдық қорының төрағасы.