Нарынның топырағынан нәр сіңірген Исатай ауданында «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің этномәдени шарасы жалғасты
…Қасиетті тазалық
бар құмдарыңда,
ез болу күнә
сенде туған ұлға.
Менің де көкірегіме
тыншу бермей,
жүрегім оранғандай
бір жалынға.
Тарихта өмір зырлап,
жылдар өтер,
орнында өзен ағар,
жылға кетер…
Киелі топырағыңнан
нәр сіңірген
ұл-қызың сені,
Нарын, жырлап өтер!
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.
Батысын Нарынның құмды шағылдары, шығысын Каспий теңізі алып жатқан алқапта талай тарихи тұлғалар мен талантты перзенттер өмірге келді. Бұл өңірде бостандық үшін күрескен Исатай мен Махамбет өткен жорықтардың ізі сайрап жатыр. Күйші Дина келін болып түскен өнер қонған өлкеде домбыра сазы тынған емес. Ақиық ақын Хамит пен поэзия падишасы Фаризаның жырлары төгіліп тұр.
Өткен жұмада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің облыс көлемінде ұйымдастырып отырған «Туған жер» этномәдени шарасы өнер қонған өрісті өңір – Исатай ауданында жалғасты.
Мұраты биік мұнайшылар
Насихаттық топ «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты С.Балғымбаев атындағы кен орнында мұнайшылармен кездесті. Мұнда жетіқат жер астынан «қара алтын» өндірушілер алдында аудан әкімінің орынбасары Бейбіт Мырзағалиев және «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі директорының орынбасары Рауан Сәбитов бастаған бір топ журналист-қаламгерлер Елбасы мақаласы бойынша кеңінен әңгіме өрбітіп, жан-жақты талқылады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміз ең алдымен елдің экономикалық жағдайына баса көңіл аударды. Соның нәтижесінде халықтың хал-ахуалы біраз жақсарды. Керісінше, рухани жағынан кенжелей бастадық. Осыны ескерген Елбасымыз елдің рухани жаңғыруы қажеттігін білдіріп, үлкен бағдарламалық мақала жариялады, — деді облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов. Одан әрі ол мақалада қамтылған латын әліпбиіне көшу, киелі жерлер географиясы, 100 жаңа есім, туған жер туралы мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті.
– Елбасы мақаласына орай мені бір сауал мазалайды, — деді пікір білдіруге қатысқан «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының инженері Рахметолла Құсайынов. – Ерте ме, кеш пе біз түбі латын әліпбиіне көшеміз. Ол –ақиқат нәрсе. Ал, кириллицамен сауат ашып, білім алған біздің буынның өкілдері үшін латын әліпбиіне көшу қиындау тимес пе екен? Балаларымыз, немерелеріміз үшін бұл жағынан көп қиындық бола қоймас. Себебі, қазіргі дамыған заманда олар бәрін тез ұғып, меңгеріп алатын жағдайда. Екіншіден, ұлттық кодымыз ата дәстүрлеріне сүйенеді.Сондықтан, мектептерде салт-дәстүрлерді оқытатын арнайы пән енгізілсе, дұрыс болар еді. Отбасында ата дәстүрді дәріптеуге ата-ананың уақыты жете бермейді. Бәрінің бірдей бұған сауаты да жеткіліксіз екені тағы белгілі. Осы жағын қатаң ескерген жөн сияқты.
Әкімнің қабылдауында
Насихаттық топты қабылдаған аудан әкімі Марат Мурзиев бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің ел өміріндегі маңызына тоқталып, көп жылдардан бері жемісті жұмыс атқарып келе жатқан медиасеріктестіктің, оған қарасты облыстық, аудандық басылымдардың ақпарат таратудағы жоғары рөлін атап өтті.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау, одан туындайтын міндеттерді атқаруға атсалысу – бәрімізге ортақ іс. Осы мақсатта шығармашылық ұжымның ұйымдастыруымен «Туған жер» этномәдени жобасы аясында өтіп жатқан шараға сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімі.
«Туған жер» этномәдени жобасының бұл шарасы одан әрі еңбек ұжымдарында, орта мектептерде кездесулермен жалғасты. Атап айтқанда, насихаттық топ мүшелері Аққыстау, Өркен, Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектептердің ұстаздарымен және аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Олар көкейде жүрген көп сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Ауруханадағы әңгіме
Аудандық аурухананың мәжіліс залында өткен кездесуге ақ халатты абзал жандар жиналды. Оны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов ашып, жүргізген жиында облыстық газеттердің арнаулы тілшілері рухани жаңғыруға бет алған мемлекетіміздің өміріндегі елеулі өзгерістер, өзекті мәселенің басылымдарда насихатталуы, оқырман қауымға жеткізудегі тың қадамдары туралы ойларымен бөлісті.
Облыстың өмірін баспасөз бетінде өрнектеп келе жатқан шығармашылық ұжым өкілдерінің кездесуінде дәрігерлер мен мейірбикелер рухани жаңғыру, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы, жат қылықтардан бойларын аулақ салу, әркімнің денсаулығының өзіне қымбат екендігін, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды таңдау жөніндегі ойларын ортаға салды.
Өркеннің өрендері
Аққыстаудағы заманауи үлгідегі оқу жабдықтарымен жарақтанған үш қабатты Өркен орта мектебінің ғимаратында үш жүзден астам шәкіртке тәлім-тәрбие беріледі. Оқу жылын табысты аяқтаған білім ордасында 64 ұстаз еңбек етеді. Мектептегі «Жас қалам» үйірмесіне 7-8 сыныптың оқушылары қатысып, тырнақалды туындыларын қабырға газетіне жариялап тұрады екен.
Ашық та еркін пікірлесу барысында Ақтілек Борашева, Шынар Сисенғалиева, Назым Абаева, Нұрбақыт Дәрменқызы ұлттық рухты көтеру, туған жер тарихының тағылымдары, латын әліпбиіне көшудің маңызы, оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңашылдықтар туралы айтты.
Мәдениет үйіндегі мерейлі сәт
Облыстық басылымдарда еңбек ететін өңірімізге танымал фототілшілердің туған жер мен оның сұлу табиғаты, жасампаз істердің ортасында жүрген еңбеккер адамдары, салт-дәстүр тақырыптарына арналған фотосурет көрмесі және жергілікті баспа өнімдері оқырмандар назарына ұсынылды. «Туған жер» этномәдени шарасының қорытынды кеші «Жалын» мәдениет үйінде өтті.
Мұнда алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Бейбіт Мырзағалиев баспасөздің қоғамымыздағы рөліне тоқталып, тұрғындарды уақытылы ақпаратпен қамтып отырған аудандық және облыстық басылымдардың адамдардың рухани қажеттіліктерін өтеудегі орны мен рөліне тоқталды. Атқарып келе жатқан қызметтеріне оң бағасын беріп, қалам иелеріне шығармашылық табыстар мен жетістіктер тіледі.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттар мен міндеттерді насихаттаудағы бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығын сөзіне арқау еткен «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі директорының орынбасары Рауан Сәбитов бұл шараның маңызының зор екендігін атап өтті.
Ол облыстық және аудандық басылымдарға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін Исатай ауылдық округінің әкімі Ұлболсын Хисым мен Забурын ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбашты Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, басылымдарға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін аудан кәсіпкерлері де ұлықталды. Оларға медиасеріктестіктің атынан Алғыс хат және 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Яғни, жеке кәсіпкерлер Таңатар Жамалиденов, Жұмажан Жакин, Айтқали Қабибуллиндер жыл ішінде халыққа көрсетілетін кәсіпкерлік қызметтерін аудандық және облыстық газеттер арқылы 50 пайыздық жеңілдікпен жарнамалай алады.
Сондай-ақ, басылымдарға жазылу барысында белсенділік пен қолдау көрсеткен аудандық білім бөлімінің әдіскері Бибігүл Қадыржановаға, Исатай, Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептердің директорлары Светлана Молдағалиева мен Тәбила Ысмағұловаға Алғыс хаттар табыс етілді.
Тарихи, танымдық, тәлім-тәрбие, адамгершілік мәселелерін газет бетінде жиі көтеретін Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері Мұрат Бектеновке, Аяпберген Мұханбетовке, белсенді автор Ақтолқын Ахметжановаға облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі куәліктері тапсырылды.
Қазіргі таңда мектеп қабырғасында тырнақалды өлең-шығармаларын жазып жүрген оқушылардың арасынан ертеңгі майталман публицистердің шығатыны кәміл. Бүгінде оқушы кезінен-ақ жергілікті басылым беттерінде мақалалары жарияланып, болашақта журналистика мамандығын таңдауға талпынып жүрген талапкерлер баршылық. Аудандық газет редакциясымен үзбей байланыс жасап, өлеңдері мен мақалаларын үнемі ұсынып жүрген Ақнұр Қалиматова, Фариза Нұрлыбекқызы, Ақерке Қалекес «Нарын таңы» газетінің жас тілшісі атанып, куәліктерін алды.
«Туған жер» этномәдени шарасы аясында футзалдан «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің кубогі үшін барлық аудандарда іріктеу турнирлері өткен-ді. Бұл сайыста жеңімпаз атанған аудан мектептері құрама командасына облыстық жарысқа жолдама табысталды. Ал, «Ғажайып өлке» атты шығармалар байқауында ауданнан жеңімпаз болып танылған төрт оқушы қараша айында Атырауда өтетін облыстық жас тілшілер фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Фариза Нұрлыбекқызы, Аққыстау орта мектебінің 9 сынып оқушысы:
«Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті. Бірақ, сол бұрын-соңды тарихта орны бөлек Нарын өңірінде екі адам болса, олар – Исатай мен Махамбет. Нарынның нар ұлдары патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қарыс қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухына әркез тәнтімін».
Дарын Тілекқабыл, Қызылүй негізгі мектебінің 7 сынып оқушысы:
«Менің ауылымның Қызыл үй аталу тарихының өзі тереңде жатыр. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Ресей патшасы жарлығына сәйкес, старшындардың қызыл саздан балшық илетіп, тастан кеңселер тұрғызу үрдісі болған. Нарын құмының жиегіндегі ауылымыздан да сондай кеңселер салынып, жергілікті халық «Қызыл үй» атап кеткен. Елбасының бастамасымен қабылданған «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс көлемінде жасақталған іс-шараларда тарихи атауларды қайта жаңғырту үшін құрылған ғылыми экспедиция бар екенін жақында аудандық «Нарын таңы» газетінен оқыдым. Осы экспедицияның назарына біздің ауылдың да атауы ілінсе, отарлаушыдан қалған атау елге еңбегі сіңген тұлғаларымыздың есімімен алмастырылса, нұр үстіне нұр болар еді».
Насихаттық топ құрамындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарының шырқаған әндері мен жыр-термелері көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, елімізге есімі белгілі әнші-термеші Манарбек Дәулетовтің, жас әншілер Әсел Аманқұлованың, Әділбек Байтанаттың орындауындағы әндер өнерсүйер қауымның құлақ құрышын қандырғандай әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Мырзағалиев, аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұхамбеталиев және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметжанова бастаған ауданның бір топ жанашырлары облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» және аудандық «Нарын таңы» газеттеріне қолдау ретінде жаңа 2018 жылға жазылуды сол жерден бастады.
«Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы шаралар алдағы аптада Жайық бойындағы аудандарда жалғаспақ.
Бақытжан Жұмат