НАҒЫЗ ЕР ІСІМЕН ТАНЫЛАДЫ
Жалпы, мектеп қабырғасында-ақ ол болашағынан үлкен үміт күттірді, үздік оқыды. Текті, тәрбиелі жігіт еңбекке ынталы, әріптестерінің алды болды. Уақытпен санаспай еңбек еткен өндіріс озаты, жігерлі жас Мақат мұнай кәсіпшілігінде оператор болғанында әбден шыңдалды. Атыраудағы мұнай техникумында кәсіптік білім алып өндіріс жайын жете түсінген Сәкең техникумда да көзге түсті, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Кеңес үкіметінің болашақ мамандығын алумен қатар, гуманитарлық білім алуды да жөн санаған талабына сай, көп ізденді, оқыды, сол дәуірдің экономикасы мен саясатын ұғынды. Бұл оның кейін белгілі қоғам қайраткері болуына көп әсерін тигізді.
Елім деп еңбек еткен Сәкең
беделді, айтулы азамат еді. «Жақсының шарапаты – көпке» демей ме халық. Нағыз ер қай жерде де көш бастаушы ғой. Жиырма жылдай үзбестен КСРО және Қазақ ССР Жоғар-ғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Төрт рет Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері. Бірнеше рет Қазақстан Орталық партия комитетіне, оның бюросына мүше болды. Сол кездегі Гурьев облысы партия комитетінде бірінші хатшы, Маңғыстау облысының бірінші басшысы болып абыройлы еңбек етті. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы қызметіне сайланып, сол лауазымда зейнет демалысына шыққанша еңбек етті.
Тағы бір ерекше қасиеті – жастарды қолдап, ел ертеңі оларға байланысты екендігіне кәміл сенетін. Сондықтан, жас буын болашағының кірпішін қалау мақсатында олардан еш көмегін аяған емес. Қай іске де байыппен қарайтынына, іскерлігі мен жұмысқа деген талапшылдығы, күрделі мәселелерді кеңесе отырып, байсалды түрде түбегейлі шешетініне сан мәрте куә болып жүрдім. Шыны керек, қызмет бабында дауыс көтергенін көрген емеспін. Қарауындағы адамдарға иіні келгенде ескертпелерін де айтып отыратын, кейде әзілмен де жеткізетіні бар. Қашан да салмақты, сабырлы қалпынан танбайтын. Жалпы, сирек күлетін, күлімсіреуден, жымиюдан көп әріге бармай, қашан да ойлы кейіптен таймайтын. Жалпы, Сәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті мен жеке қасиеттері көпке үлгі болды. Соның бір мысалы, ол барлық жиналыстарға аса ден қойып дайындалатын. Ал, баяндама жасап, сөз сөйлейтін болса, мәтінді мұқият қарап, әбден түзететін еді. Көпірме сөзге жаны қас. Сөйлемдердің мейлінше ықшам болғанын қалайды. Мәтінді қаралып болған соң, оңаша отырып, алдындағы сағатқа қарап, дауыстап оқып шығатын.
Түрлі жиындарда жеке коммунистің мәселесін қараған уақытта Сәкең өте мұқият зерттейтін. Себебі, адам тағдырын шешу оңай мәселе емес екенін ескеріп, қорытынды сөзінде бюро мүшелерін әділ шешімге шақырушы еді. Яғни, айыпкерге ақталу үшін мүмкіндік беретін.
Атырау қаласы теңіз жағалауында тұрған қала болғандықтан, жерасты суы өте тайыз, күрек шаншыса су шығады. Осы орайда дренаждық әдіс арқылы қаланы тазарту туралы ұсыныс білдірдім. Алғашқысында, «ол көп қаражатты қажет ететін, машақаты мол жұмыс» деп қарсы уәж айтушылар көп болғанымен, Саламат Мұқашев менің бастамамды толық мақұлдап, қолдау танытты. Одақтың барлық жерінен, атап айтқанда, Балтық жағалауынан, Ленинград және басқа да теңіз жағалауында орналасқан қалалардан, Мәскеуден ғалымдар шақыртып, облыста ірі жиын өткізді. Олардың тәжірибесі ортаға салынып, дренаж жасауға сараптама жасалып, ақыры оны жүзеге асырудың жобасы дүниеге келді. Бірақ, 1977 жылы наурыз айында Сәкең республикалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайлануына орай, бұл бастама аяқсыз қалды. Осы тұста облысқа бірінші хатшы болып Оңайбай Көшеков сайланды, ал, мен облыстық атқару комитетінің төрағасы болдым.
1970-77 жылдары Атырау қаласында бірінші, екінші, «Құрылысшы», «Привокзальный», «Авангард» тәрізді мөлтекаудандар құрылысы кеңінен қанат жайған кез. Бірінші хатшы нысандарға жиі-жиі келіп, жағдайды көзбен көріп кетеді. Сол жылдары жоғарыдағы нұсқау бойынша жеке дүкендер салуға болмайды, сондықтан оны көп қатарлы үйдің бірінші қабатынан салады. Осындай нысандарды пайдалануға бергенде бірінші хатшының өзі: «Осы дүкенді «Шалқыма» десек, ал, мына азық-түлік дүкені «Рахат» деген атауға сұранып тұрғандай, мына дүкенді «Береке» атасақ ше?..» деген ұсыныстарын білдірген болатын. Сондай-ақ, мазутпен жанатын облыс көлеміндегі 53 жылыту қазандарын орталық жылыту жүйесіне қосу секілді аса күрделі жұмыстың басы-қасында да осы Сәкең болған-ды.
Бүгінде Атырау және Маңғыстау өңірі бүкіл әлемге әйгілі мұнай және газ кендері көптеп ашылған, болашағы зор аймақ ретінде танылып отыр. Мұны Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігі мен жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасы және сол жылдары Гурьев және Маңғыстау облыстарына, ҚазақССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып басшылық еткен Саламат Мұқашев пен басқа да көптеген аға буын және солардың жұмысын жалғастырған азаматтардың еңбегі деп білеміз.
Қай істің тетігі де білікті ма-
ман, кадрдың қолында екені сөзсіз. Сәкең де бұл іске аса мұқият қарайтын. Әсіресе, белгілі бір іске икемі бар жасты бірден танып, жергілікті кадрларды, оның ішінде мұнайшы мамандарды бағалап, қызметте жоғарылата білді. Бір тамаша қасиеті, қай деңгейдегі кадр болмасын, оларға үлкен қамқорлық жасап қорғайтын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген принципті ұстанатын, аз сөйлеп, көп тыңдайтын Сәкеңнің өзімен әңгімелескен адамдарға ұрымтал да орынды сұрақтар қойып, шешіле сөйлете алатын қасиетіне таң қаласыз.
Ол жылдары республикамызда мұнай министрлігі не комитеті жоқ, бәрі Мәскеудегі КСРО мұнай-газ өнеркәсібі министрлігіне қарайды. Сәкең сондықтан да Мәскеуге барған сайын осы тақырыпқа қатысты мәселені талқылайтын. Ескі кен орындарының проблемасы, барлау жұмыстарын күшейту, мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешу тәрізді үлкен мәселелерге тікелей араласып, жергілікті жерде оң шешім табуына көп күш жұмсады. Ұңғылардың қосалқы бөлшектерін жасайтын Петровский атындағы зауыттың мәртебесін көтерді. Жергілікті халықтың мұң-мұқтажын шешуде мұнай өнеркәсібінің мүмкіндігін шебер пайдалана білді. Сол секілді ол тек өндіріске ғана емес, мәдениет мәселесіне, әлеуметтік проблемаларға да ерекше мән берді, өндірістің ауыл шаруашылығына қалай көмектесу керектігі жөнінде жаңа бастамалар көтерді.
Сәкең ауылдарда болғанда, ақсақалдардың ішінде «руыңыз кім?» деп сұрағандар болады екен. Әрбір тұлға өз дәуірінің перзенті емес пе, мұндайда ол «коммунистің руы болмайды ғой» деп әзілмен жауап беретін-ді. Бірден көп шешіліп сөйлемейтін, біртоға, көбінесе мысалмен, ойын тұспалдап жеткізетін басшы болғанымен, сұхбаттасушысы кім болса да, қарапайым сөйлесетін. Елдің өткенін оймен шолып, атақты адамдарын, белгілі жер атауларын, ескерткіш, жәдігерлер туралы деректерді қазбалап сұрап, толық мағлұмат ала алмаса, екінші біреуінің сөзін тыңдап, білігін молайтатын.
Өзі көзі тірі кезінде «мен істедім» демей, «ер мен ел істеді» деген қағиданы берік ұстанды. Теңіздің қос қапталындағы Атырау, Маңғыстау облыстарының тізгінін ұстаған тұста іскерлігі мен азаматтығы, үзеңгілес еңбек адамдарының қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асқан істер сан алуан. Аймақтың әр проблемасына жаны ауырып, жақсылығын көріп сүйсінсе, кемшілігін көріп, күйінді, оны шешуді өзіне мақсат етті. Болашағынан үміт күтіп таңдаған кадрлары көңілінен шықты, олардың ішінде ірі өндірісті, ұжым басқаратын білікті де білімді басшы дәрежесіне көтерілген, республикалық дәрежеде биік лауазымдарды иеленген, халық қалаулылары болған азаматтар қаншама!
Жағымпаздықты жек көретін Сәкең қай салада болсын кадрды іскерлігіне, парасат-пайымына, адамгершілігіне қарап іріктеді. Қырағы көз қателеспеді, кешегі күні өзі Атырау, Маңғыстау мұнайын игеруде, облыстардың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеруде, экономиканың дамуын жүйелі арнаға түсіруде өзімен бірге аянбай еңбек еткен замандастары, үзеңгілестері мен кейінгі толқын өкілдері қиындықты бөліп көтерісті, ел үшін қадау-қадау істер тындырды.
Қандай лауазымда болса да аудан, облыс басшысы болған кездегіні айтпағанның өзінде, республика Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төрағасы тәрізді биік лауазымдарды иеленген кезінде де елдің жағдайын білуге, халықпен жүзбе-жүз тілдесуге асықты. Өзінің өсиет сөздерінде «Өмір азабын көп көрген адам өзгенің қиыншылығын тез сезеді» дейтін, соған сәйкес елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға байланысты орасан зор еңбек сіңірген басшы деп Саламат Мұқашевты айта аламыз.
Ол сондай-ақ, баспасөз дабылына сергек қарайтын. Көптеген публицистикалық және зерттеу материалдарының авторы болып табылады. Оның қаламынан шыққан әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған, өзі жазған сегіз кітапқа енген жарияланымдары сол заманның өзекті тақырыбын кеңінен қаузап, құндылығын арттырады.
Орнында бар оңалар деген.
Бұл күнде абзал азаматтың артында қалған ұрпағы әке есіміне кір келтірмей, түрлі лауазымдарда табысты қызмет етуде. Жылдар өткен сайын жайсаң жанның ардақты есімі саналарда сақталып тұра береді емес пе?! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Привокзальный» мөлтекауданындағы алаңға Саламат Мұқашев атының берілуі де – кейінгі буынның ізетінің, еленген еңбектің шынайы көрінісіндей. Ал, өзі оқыған техникум, бұл күнде Атырау политехникалық колледжі аталған білім ордасына Саламат Көңілқошұлының есімін беру туралы жергілікті мәслихаттың шешімі шығып, Үкіметке жолдануы да жадыда жатталар есімнің мәртебесін асқақтата түспек!
Есен ТАСҚЫНБАЕВ,
Атырау облысының
Құрметті азаматы.