«НҰР ОТАН» ӨЗ ҮМІТКЕРІН ҰСЫНДЫ
Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов тұғырнама аясында партиялық жұмыстың жаңа түріне көшіп, қайта қалыптасу сатысынан өткендігін, атқарушы органдармен тиімді әрекеттестік орнатқандығын атап өтті. «Партия депутаттық фракция арқылы атқарушы биліктің жұмысына бақылауды күшейтті, қарапайым тұрғындардың өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі зерттеп, шешілуін қамтамасыз етуді қолға алды, айқын қоғамдық ұйым есебінде өзін-өзі көрсете алды» деген облыс басшысы ұйымның бұқарамен біте қайнасуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырғандығын атап өтті.
Мәселен, облыс көлемінде қабылданған 12 партиялық жобаны іске асыруға 240 мыңға жуық адам тартылған. «Соның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында еріктілердің көмегімен облыстағы Ұлы Отан соғысының 84 ардагеріне жеке әлеуметтік карта жасақталып, қаржылай көмек берілді. 68 ардагердің үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлы Отан соғысының екі ардагеріне жаңа үйдің кілті табыс етілді. Еңбекке жарамды 3900 мүгедектің 630-ы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тұрақты және уақытша жұмыстарға орналасты» деген облыс басшысы «Біздің ауыл» жобасы шеңберінде 48 829 көшет отырғызылып, 38 әлеуметтік нысанның жөндеуден өткендігін, «Мықты бизнес –қуатты мемлекет» жобасы аясында 33 азаматтың нақты кәсібін ашқанын айтты.
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов Қазақстан халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы бастамасының бұқара тарапынан зор қолдауға ие болғандығын айтты. «Жастар үшін бар жағдай жасалуда. «Жас Отау» бағдарламасы бойынша облыста 100-ден астам отбасы баспаналы болды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ел бойынша 310 мың адам жұмыспен қамтылды» деген ол жастардың білім алып, лайықты еңбек етуіне бар жағдайдың жасалып жатқанын атап өтті.
«Тхоньил» этномәдени бір-лестігі төрағасының орынбасары Людмила Ли әлемде орын алып жатқан экономикалық қиындықтардан бірліктегі елдің ғана озатынын айтты. Мемлекет саясатының халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы дамытуға бағытталып жатқанына тоқталған Махамбет аудандық мәслихатының депутаты Аманжол Есқараев «үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын табысты жүзеге асырған жағдайда ғана Қазақ елі әлемнің ең дамыған озық отыздығының қатарынан табылады» деген ойын ортаға салды.
Конференция соңында нұротандықтар Президент сайлауына үміткерлікке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезіне делегаттар сайланды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.