«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» БЕРІК НЕГІЗІ

«Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да, біздің ортақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы айтқандай, Ата заңымыз Қазақ елінің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің басты нышаны мен мемлекет дамуының темірқазығына айналды. Олай болса, оны қадірлеу – елім деген әрбір қазақстандықтың парызы.

 

Мемлекет басшысы көрсетіп берген бұл өршіл мақсат еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында үдемелі дамудың арқа тірер іргетасы болып табылады. Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл қолға алынған атаулы даталар өзара тарихи тығыз байланыста. Себебі, еліміздің Ата Заңы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді Қазақ елінің алғашқы құқықтық актілерінің әлеуетін сақтап, оның негізін жалғастыруда. Осы тұрғыда оны Қазақ хандығының 550 жылдығымен сабақтастыруға болады.

Енді қазір қарасаңыз, жоғарыда аталған маңызды оқиғалардың тығыз байланысы Конституциямыздың кіріспесінен де айқын білініп тұрғандай, яғни Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен ұштаса түсуде» деп атап өткендей, Президенттің сара саясатын көрсетеді.

Осы тұста айта кету керек, қазақстандықтар үшін Конституцияның қабылдануы тәуелсіздік тарихындағы жаңа дәуірдің басталуымен бейнеленеді. Конституция – Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуінің берік негізі. Сондықтан, қолданыстағы Конституцияның әлеуетін барынша пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылып отыр. Осы арқылы Елбасының дұрыс демократиялық мемлекет құрудағы рөлі айқындала түсуде.

Өйткені, Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері күшті президенттік билікпен байланыстырылады. Биліктің заңнамалық негізін құрудағы қазақстандық үлгі – бүгінде Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде белсенді қолданылып отырған қос палаталы парламент, сондай-ақ, жалпы қабылданған демократиялық стандарттарға сәйкес келетін тәуелсіз сот жүйесінің жетістіктері десек, артық айтқандық емес.

Ендігі уақытта Конституцияның 20 жылдығын өткізуге арналған қандай жұмыстар іске асуда деген сұрақ туындайды? Бұл ретте ең алдымен, ауқымды шараларды ұйымдастыру үшін жалпыреспубликалық Ұлттық жоспар жасақталғанын айту керек. Конституциялық Кеңес мүшесі Аманжол Нұрмағамбетовтың сөзімен айтсақ, Ұлттық жоспар бес бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім – жоспарды тиімді орындауға қажетті ұйымдастырушылық-әдістемелік шаралар – қаржылық қамтамасыз ету, қосымша құжаттарды әзірлеу сияқты шаралар кешенінен тұрса, екінші бөлім – мәдениет, ғылым, әлеуметтік және бизнес сияқты түрлі салаларды қамтитын қоғамдық-бұқаралық кең ауқымды шаралардан тұрады.

 Ал, үшінші бөлімде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қамтылған. Осылайша, аталған Ұлттық жоспар негізгі және бұқаралық ақпараттың этностық құралдарымен жұмыс істеуді, деректі фильмдерді, имидждік материалдарды шығаруды және интернет желісімен жұмыс істеуді де қамтымақ.

 Төртінші бөлім – Конституцияның 20 жылдығын ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуге бағытталып, Конституциямыздың мемлекет пен қоғамды үйлесімді әрі тұрақты дамытуды қамтамасыз етудегі рөлін саралаудан тұрады. Бесінші бөлім – халықаралық деңгейде өтетін шараларды біріктіреді.

 Ұлттық жоспардың бағыттарын іске асыруда біздің аймақта да бірқатар шаралар қолға алынды. Соның ішінде үшінші бағыты – ақпараттық-түсіндіруде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ерекше үн қосуда. Мәселен, газет бетінен жаңа айдарлар ашылып, онда бүгінге дейін бірқатар азаматтар өз пікірлерін білдіріп жатса, көгілдір жәшіктен сөз сөйлеушілер де аз емес. Байқап отырсақ, әрқайсының Ата Заң туралы өзіндік айтарлары мол. Бұл өскелең ұрпақ үшін аса құнды бағалы дүние болып қалмақ. Себебі, бүгінгі жетістіктеріміздің нышаны – Ата Заңның қалыптасу тарихын жас ұрпақ білуі тиіс.

Сондай-ақ, ақпараттық қолдау бағытында тиісті министрліктерге тапсырылған – Конституцияның бақылау тәжірибесіне арналған арнайы монография шығару сияқты жұмыстар бұл – біздің Ата Заңды қадірлеп, өскелең ұрпаққа қалдырар үлкен мұрамыз болары анық.

Сол сияқты мәдениет, ғылым, әлеуметтік және бизнес сияқты түрлі салаларды қамтитын ауқымды істер де, ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуге бағытталған конференциялар да өткізілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бес институционалды реформасын іске асыратын «100 нақты қадамын» орындауда заңның үстемдігін қамтамасыз ету жұмыстары да Ата заңның 20 жылдығы қарсаңында маңызды шаралардың бірі болды.

Айта кеткен жөн, аймақта облыс әкімдігі мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірлесіп қолға алған «Конституцияны жатқа білемін!» атты конкурсының Ата Заңды қадірлеуде мәні мен маңызы зор.

Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әзірленген еліміздің басты заңды құжатының мерейтойы – Қазақстан халқының өміріндегі елеулі оқиғаға айналуда. Мұның бәрі елдің конституциялық саясатына қосып жатқан сүбелі үлесіміз болмақ.

Осы тұста конституциялық саясат дегенді толықтырып өткен жөн, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда жасалған игі істердің бәрі де Конституция қағидалары сақтала отырып жасалды. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік саясаттың бір түрі ретінде конституциялық саясат мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның елдің конституциялық дамуын конституциялық-құқықтық реттеудің, оңтайландырудың тиімді тетігін құру жөніндегі ғылыми негізделген, дәйекті және жүйелі түрдегі қызметі болып табылады.

Ол стратегиялық жоспар
             дың заңдық идеялары мен принциптерін әзірлеу мен іске асырудан, Конституция мен конституциялық заңнаманы қабылдаудан, жетілдіруден және жүзеге асырудан тұрады. Олай болса, мемлекеттің Ата Заңы – мемлекеттің конституциялық саясатын жүзеге асыру құралы. Ол өз кезегінде, конституциялық реттеу мен оның әдістерінің ерекшелігіне қарай Конституция нормалары тікелей және жанамалай қолданылады. Егер конституциялық реттеудің жоғары деңгейінде, әдетте, конституциялық нормалар жеткілікті болса, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы конституциялық құқықтық қатынастарда олардың құқықтары мен міндеттері көбірек айқындалып, белгіленуі қажет. Бұл әкімшілік, азаматтық, еңбек, қылмыстық, жер, қаржы құқығының және оның өзге де салаларының нормаларымен қамтамасыз етіледі.

Сайын ҚУАНЫШЕВ,

 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы,

облыстық мәслихат депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз