
Мың мәселеге бір түйін керек
Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті мәжілісінде өңірдің білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, өткен оқу жылындағы жұмыстар қорытындыланды. 2025-2026 оқу жылына дайындық барысы да пысықталды. Мектептердегі күрделі жөндеу, үш ауысымды оқыту, педагог кадрлар тапшылығы, ыстық тамақпен қамту, мектептерді цифрландыру мен психологтар жұмысына дейінгі мәселелер талқыланған жиын білім саласындағы жағдайды ашық көрсетіп берді.

Құрылыс неге кешеуілдейді?
Жиында биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 13 білім беру мекемесінің жағдайы нақтыланды. Алайда жасалып жатқан реновация жұмыстары мен бөлінген қаражат көлемі бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен ата-аналарға толық әрі ашық ақпараттың жетпей отырғаны сынға алынды.
Жөндеу жұмыстары басталғанда жұрттың үміті зор болды. «Мектебіміз жаңа кейіпке енеді, балалар заман талабына сай оқиды» деп қуанған ата-аналар енді «1 қыркүйекте сабақты қайда бастаймыз?» деп алаңдаулы. Себебі кейбір нысандарда құрылыс жоспардан әлдеқайда кеш басталып, бірқатары тіпті жарты жолда ғана тұр. Мәселен, шілде айында ғана жөндеуге кіріскен Ш.Уәлиханов атындағы №9 мектептің жағдайы соған айғақ. Құжат бойынша жөндеу жұмыстары әлдеқашан басталып кетуі керек еді. Бірақ рұқсат қағаз, тендерлік рәсім, мердігердің дайын еместігі сынды сылтаулармен уақыт созылып кеткен.
Тағы бір айқын проблема – бір мердігер бірнеше нысанды қатар алған. Мысалы, «Жалынды құрылыс» компаниясы бір уақытта бірнеше мектеп пен балабақшаның жөндеуін мойнына алыпты. Алайда, адам күші мен техника жеткіліксіз болса, бірде-бір нысан толық аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл жоспарлау мен бақылаудың әлсіздігін көрсетеді.
Білгеніміздей, кейбір нысандарда сот процесі жүрген. Мысалы, Атырау қаласындағы «Сәби әлемі» бөбекжай-бақшасында жөндеу жұмыстары тек сот шешімінен кейін жалғасқан. Осындай кідірістердің кесірінен балалар балабақшаға уақытылы бара алмай отыр.
Ең үлкен кемшілік – ашықтықтың болмауы. Қоғамдық кеңес мәжілісінде айтылғандай, баяндамада нақты мектептердің жөндеу қарқыны мен орындалу көрсеткіштері ашық көрсетілмеген. Жұртқа «бәрі жақсы» деген жалпылама жауап беру енді жарамайды. Себебі ата-ана баласының қашан және қай жерде оқитынын алдын ала білуі керек.
Үш ауысым – үш есе салмақ
Облыстық қоғамдық кеңестің соңғы отырысында білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – Атырау қаласындағы үш ауысымды мектептердің жай-күйі де қозғалды. Алайда, кейбір баяндамада бұл мәселе терең талданбай, нақты мектептердің атауы мүлде аталмағаны сынға ілікті. Шын мәнінде, бұл жағдай – өңірде біраз жылдан бері қордаланған проблема. Бұл мектептерде оқушылар күн жарықта емес, кейде қараңғы түсе оқуға мәжбүр. Ата-аналардың да, мұғалімдердің де жүйкесін жұқартқан мәселенің басты себебі – қаланың қарқынды өсуі мен көші-қон ағыны, сонымен бірге орыс тілді мұғалімдердің тапшылығы.
Айта кетейік, ауылдан көшіп келушілер саны артқандықтан, қала мектептерінде бала саны шектен тыс көбейген-мыс. Мәселен, бір мектептің сыйымдылығы 900 бала болса, іс жүзінде 1800-2000 оқушы білім алып жүр. Мұндай жүктеме сапалы білім беру түгілі, санитарлық талаптардың өзін сақтауға мүмкіндік бермейді.
Шағынаудандар мектепке зәру
Қаладағы жаңа шағынаудандар да орын тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мысалы, «Еркінқала-2», «Тасқала-2» ауылдарында әрқайсысы 600 орындық мектеп салынып жатыр. Олар пайдалануға берілсе, Еркінқала, Т.Амандосов атындағы және №32 мектептердегі үш ауысымды аз да болса жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен қатар, дәл осы мектептердің жүктемесін Зарослый шағынауданында салынатын 2000 орындық мектеп те шешуге тиіс.
«Келешек мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» шағынаудандарында 900 орындық екі мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Олар №39 мектептегі үш ауысымды жояды деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Ақшағала» шағынауданы мен Драма театры маңында әрқайсысы 2000 орындық мектеп салу жоспары бар. Бұл №3, №17 және №24 мектептердегі 3600 орындық тапшылықты жабады.
Мәселе қашан шешіледі?
Бүгінде қала мектептерінде орын тапшылығы – тек оқу сапасына емес, оқушылардың денсаулығына, тәртібі мен отбасылардың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етіп отыр. Бір үйден үш бала үш түрлі уақытпен оқуға барады. Бұл логистика тұрмақ, психологиялық тұрақтылыққа да сынақ екені белгілі.
Билік тарапынан қолға алынып жатқан жобалар бар. Бірақ олардың көбі тек келешекте іске асады. Әзірге нақты шешілгені тек екі жаңа мектеп пен бірнеше кеңейту жобалары. Қалғаны жоспар күйінде. Осы орайда ата-аналардың көкейіндегі басты сұрақ – «Балаларымыз әлі қанша жыл үш ауысымда оқиды?» болып тұр.
Бар. Бірақ жетпейді…
Облыс мектептерінде педагог кадрлардың жетіспеушілігі – бұрыннан келе жатқан мәселе. Әсіресе, орыс сыныптарындағы математика және бастауыш сынып мұғалімдері тапшы. Бұл сөзімізді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов те растады.
– Педагог кадрларға тапшылықты жыл сайын облыс әкімінің грантын беру арқылы, сондай-ақ мемлекеттік гранттың есебінен жою көзделіп отыр. Білім беру мекемелеріндегі кадр жетіспеушілігін шешу мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеттерімен бірлескен жұмыстар да жасалды. Соның нәтижесінде білім ұяларына 465 жас маман жұмысқа орналасты. Соған қарамастан, білім беру мекемелерінде педагог кадрларға қажеттілік әлі де болса бар. Бұл орыс сыныптарындағы математика пәнінің және бастауыш сыныптар мұғалімдері, — деді Марат Әлменұлы.
Жаңа оқу жылынан бастап тамақтану процесін цифрлық бақылау үшін Face ID жүйесі енгізіліп жатыр. Қазір 119 мектепте «Alaqan» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Жыл соңына дейін бұл жүйемен тағы 179 мектеп қамтылмақшы.
Шешімі жоқ түйткілдер
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша кеңес мүшелері қала мектептеріне арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Кеңес мүшесі, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия жетекшісі НұрайнашҚамалованың айтуынша, зерделеу нәтижелері білім саласындағы бірқатар түйткілдің әлі де өзекті екенін көрсетті.
Қазір Атырау қаласы мектептеріндегі басты мәселе – ғимарат жетіспеушілігі мен үш ауысымдық оқыту. Бұл оқушылардың білім алу сапасына тікелей әсер етіп отырғаны жасырын емес.
Жөндеу аяқталғанмен…
Бұрынғы жылдары зерделеу барысында кейбір мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмағаны байқалса, биыл бұл жұмыс тап-тұйнақтай бітіп тұр екен. Алайда, оқу жылы аяқталғаннан кейін жөнделмеген, сыныптарда әлі тұрған сынық орындықтар мен парталар, сынған есік пен жуылмаған терезелер балаларға жағымсыз әсер қалдыратыны сөзсіз. «Үш айлық жазғы демалыс кезінде осындай ұсақ-түйек мәселелерді реттеп қоюға толық мүмкіндік бар еді» деп қынжылды Н.Қамалова.
Кеңес өкілдері барған мектептерде су краны істен шығып, есіктің тұтқасы болмаған. Дәретхана кабиналары да ішінен жабылмайды екен. Кейбір мектеп әкімшілігі мұны қаражат жетіспейтінімен түсіндірсе, енді бірі «ұсақ-түйек нәрсе, жөнделеді» деп жауап қатқан.
Дегенмен, аталған мәселелер құлағына жеткен қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова оны жедел шешіп, мәселенің тігісін жатқызған.
Бүгінгі білім беру жүйесі жаңа ізденістерді талап етеді. Білім сапасын арттыру үшін инновациялық технологиялар мен жоғары жылдамдықты интернеттің болуы аса маңызды. Алайда, облыс мектептерінде интернет жылдамдығының төмендігі салдарынан мұғалімдер сабақ кезінде цифрлық ресурстармен жұмыс істеу үшін интернетті өз қаражаты есебінен пайдалануға мәжбүр болып шықты.
Былтырғы кеңес мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев интернет жылдамдығының төмен болуына үш түрлі себеп айтқан еді. «Қазақтелеком» компаниясының арзан тарифтеріне қосылу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, өзгертілген. Мектеп ішіндегі ескі кабельдер бойынша да ішкі желілерге техникалық аудит жүргізіліп жатқан көрінеді. Қауіпсіздік шлюздарына келер болсақ, білім беру ресурстарымен бірге басқа да мазмұндарға шектеу қояды. Бұл мәселе Бас прокуратура, Оқу-ағарту және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп шешілетіні айтылған болатын.
Алайда, кеңес мүшелерінің айтуынша, бұл мәселелер әлі толық шешілмепті. Мектептердегі интернет сапасын арттыру бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуы тиіс.
Спорт залсыз мектеп бар
Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында кеңес мүшесі Нұрайнаш Қамалова мектептердегі спорттық инфрақұрылымның, қауіпсіздік пен жабдықталу жағдайының сын көтермейтінін атап өтті.
– Қала мектептерінде шешімін таппай отырған басты мәселелердің бірі – спортзалдардың жетіспеушілігі немесе мүлде болмауы. Дене шынықтыру сабағы күнделікті оқу кестесіне енгізілгенімен, көбінесе өз деңгейінде өтпейді. Көптеген мектептерде бір спортзал бірнеше сыныпқа бір мезетте бөлініп беріліп, сабақтың мазмұны үстел ойындарымен алмастырылуда немесе оқушылар мүлде бос отырады. Ата-аналар тарапынан да наразылық артып келеді. Сабақ кестесінде бар, бірақ өтпесе де «өткен» деп есептелетін дене шынықтыру сабақтарына жалақы төленетіні қоғамда сұрақ туғызып отыр, — деді ол.
Яғни, мектеп спортзалдарын дене шынықтыру сабақтарына қайтару қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, А.Байтұрсынұлы атындағы №23 жалпы білім беретін мектепте спортзал мүлде жоқ. Осыған байланысты мектеп ауласындағы ескі ғимараттың орнына жаңа спортзал салу мүмкіндігін қарастыру қажеттігі де осы отырыста айтылды.
Спортзал тапшылығы байқалғанымен, оң өзгерістер де бар. Соның бірі – №24 мектептің 17 жыл бойы спорт секциясына берілген спорт залы мектеп балаларына қайтарылып, жөндеуден өткен.
Қауіпсіздік қағаз жүзінде
№24 мектеп ауласының кіреберісінен шамамен 15-20 метр жерде бұған дейін «Алкомаркет» орналасқан еді. Енді оның орнына «AEGIS CYBER CLUB» компьютер ойын клубы жұмыс істеп тұр. Мектеп оқушыларының бұл клубқа ену ықтималдығы жоғары, ал ойынға тәуелділік – алаңдататын мәселе. Ата-аналар мен мектеп әкімшілігі бұл жайтқа алаңдаулы. Мәселе мектеп маңындағы бала қауіпсіздігі тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Мектептердің көпшілігінде бейнебақылау жүйесі орнатылғанымен, кейбір дәліздер мен баспалдақтарда камера жоқ немесе «соқыр аймақтар» қалып қойған. Сонымен қатар, желдету жүйелері істен шыққан мектептер де көп көрінеді.
– Күнделікті тұрмыстық мәселелер де шешімін күтеді. Мектеп ауласындағы қураған ағаш бұтақтары жел мен қарлы ауа райында қауіп төндіреді. Ал, ауыз су ішуге арналған фонтан-салқындатқыштардың көбі істен шыққан немесе жетіспейді. Бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалаулар кезінде ата-аналардан А4 форматтағы парақтар сұралуы, қағазды ата-ананың өзі принтерден басып шығаруы – жүйелі мәселе. Мұғалімдерді кеңсе тауарымен қамтамасыз етіп, мектеп принтерін тиімді пайдалануға жағдай жасау қажет, — деп атап өтті кеңес мүшесі.
Теориямен оқытылатын пән
Отырыста қоғамдық кеңес мүшесі Нұрайнаш Қамалова Атырау қаласындағы бірқатар мектепке жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша білім ошақтарындағы шешімін күткен мәселелерді ортаға салды. Кеңес мүшесінің айтуынша, көтерілген проблемалар тек білім сапасына ғана емес, сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігі, тәрбиесі мен қоғамдық ортадағы мінез-құлқына тікелей әсер етеді.

Мониторинг барысында облыс орталығындағы білім ұяларында химия пәнінің зертханалық жұмыстармен толық қамтылмай отырғаны белгілі болды.
– Ата-аналар химия пәнінен практикалық сабақтардың өткізілмейтінін айтып жүр. Біз де мониторинг барысында химия кабинеттерінің талапқа сай жабдықталмағанына көз жеткіздік. Парталар, құралдар ескірген. Пән мұғалімдері реактивтерге өтінім береді, алайда қажетті құрал-жабдық жеткізілмейді. Бұл мәселені шешуді сұраймыз, — деді Н.Қамалова.
Кейбір мектептердің аулалары абаттандырылмаған, түнгі уақытта қоғамдық тәртіп бұзушылар да осы жерге жиналады екен. «Тұрғындардың айтуынша, түнде мектеп ауласында ішімдік ішіп, темекі шегетіндер көбейген. Таңертең мектеп маңында бөтелкелер, мүшеқаптар мен темекі қалдықтары шашылып жатады. Бұл – тек мектептің емес, қоғамның да мәселесі», — деді баяндамашы.
Сонымен қатар, мектеп алаңдарын ит жетектеген тұрғындар серуендеу орнына айналдырған. Әсіресе, түнгі уақытта мемлекет қаржысына салынған спорт алаңдарын бүлдіріп кету жиілеп кеткені шындық. «Мысалы, Жамбыл атындағы №21 орта мектептің ауласы азаматтардың күндіз-түні үйреншікті өтетін жолына айналған. Бұл – балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай», — дейді Нұрайнаш Балтабайқызы.
Кеңес мүшелері бірауыздан мектеп аулаларын 21 сағат 30 минуттан кейін тарс жауып, абаттандыру қажеттігін ұсынды.
Ас дәмсіз, бұралқы ит көп
Облыс орталығындағы 27 мектептің спорт алаңдарының құрылысы 2019 жылдан бері аяқталмай келеді. Бірнеше мектепте мемлекет қаржысына салынған асхана ғимараттары да әлі пайдалануға берілмеген. Бұл ата-аналардың орынды ренішін туғызып отыр. Олар мектептегі тегін тамақтың сапасына да көп шағымданады екен.
– Балалар жемейтін тамақты берудің не керегі бар? Мәзірде ет көрсетілгенімен, кейбір мектептерде макарон ғана ұсынылады. Ас дәмсіз, бала суық тамақ ішеді. Ал тегін, дәмді әрі сапалы тамақ – баланың мемлекет қамқорлығын сезінуінің бір жолы. Бұл – тек қорек емес, әлеуметтік қолдау, — деп нақты кемшіліктерді атап көрсетті Н.Қамалова.
Қала маңындағы ауылдық округтерде жарық шамдарының жоқтығы, бұралқы иттің көптігі балаларға мектепке қатынауда қиындық келтіріп тұрған мәселе. Бұл да облыстық қоғамдық кеңестің мәжілісінде көтерілді.
Соңғы кезде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық фактілері де көбейіп отыр. Н.Қамалованың айтуынша, мектептерде тәртіп бұзып, сабақ өткізуге кедергі келтіретін оқушылар жайында құқық қорғау органдарына хабарланбайды. Өйткені «мектептің статистикасы нашарлап кетеді» деп қорқады-мыс. Бұл мәселені шешу үшін «мұғалім–ата-ана–тәртіп сақшысы» үштағанының жұмысын күшейту керек.
Блогерлер бақылаушы емес
Мектептерге қатысты тағы бір маңызды мәселе – блогерлердің ұстаздардың жеке өміріне қол сұғуы мен оқу процесіне кедергі келтіруі. Соңғы уақытта білім беру мекемелеріне рұқсатсыз кіріп, мұғалімдерге дауыс көтеріп, бейнежазбаға түсіретін жағдайлар көбейіп кеткен.
– Білім ордаларына жөн-жосықсыз кіріп, видеоға түсіріп, мұғалімдердің абыройына нұқсан келтіріп жүрген блогерлер көбейді. Бұл – ешқандай заңға сыймайтын әрекет. 2024 жылдың 4 сәуірінен бастап күшіне енген «Қоғамдық бақылау туралы» Заңының талаптары бар. Соған сәйкес, мониторинг жүргізу үшін алдын ала хабарлау, моральдық-әдептілік нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысына жол бермеу және дербес деректерді жарияламау міндеттеледі, — деді Нұрайнаш Балтабайқызы.
Блогерлер – ақпараттық алаңдағы белсенді тұлғалар. Алайда олар мектеп – медиа контенттің емес, тәрбиенің орны екенін түсінуі тиіс. Осыған байланысты кеңес мүшесі блогерлердің мектепке кіруіне шектеу қою жөнінде де ұсынысын айтты.
Қоғамдық кеңес мәжілісінде көтерілген бұл мәселелер – білім беру жүйесіндегі терең түйткілдердің айқын көрінісі. Мұғалім – балаға білім беруші ғана емес, тұлға болып қалыптасу жолындағы жетекші. Ал мектеп – мемлекеттің болашағын тәрбиелейтін маңызды орта. Сондықтан бұл саладағы әрбір шешім бүгінгі емес, ертеңгі күннің тағдырына әсер етеді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ