МЫҚТЫ БИЗНЕС – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы «Мықты бизнес–қуатты мемлекет» атты көшбасшы саяси ұйымның жаңадан қабылданған доктринасын басшылыққа ала отырып, партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарында өткір мәселелерді ашық талқылау, сараптау мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастыруда. Осындай жиындардың бірі жақында Махамбет ауданының Алмалы және Береке ауылдарында өткізілді.

Айта кету керек, негізінен екі бағытта жұмыс жасайтын аталған жобаның алғашқысында шағын және орта кәсіпкерлік қызметін, отбасылық бизнесті дамытуға ақпараттық қолдау көрсету көзделген. Сонымен бірге, кездесу барысында кәсібін жаңадан ашқан ауыл кәсіпкерлерінің жұмыстарын насихаттап, оларды өзге әріптестеріне жете таныстыру, жақсы жақтарын үлгі-өнеге ету ойластырылған.

Солардың бірі алмалылық жеке кәсіпкер Жәнипа Ғұбашева «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 12 млн. теңге көлемінде несие алып, шағын наубайхана ашқан.

–Бастапқыда кейбір қиындықтар туындап, кедергілердің кездескені де рас. Дегенмен, «Нұр Отан» партиясы облыстық, аудандық филиалдарының және «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауының арқасында тәуекел қылып, қолға алған ісімді бастап кетуге мүмкіндік алдым. Дайындалған нан-бөлке өнімдерін тиісті жеріне тасымалдап, жеткізетін автокөлікті де болдым. Егер шағын кәсіпорында тәулігіне 10 мың данаға дейін нан өнімдері шығарылатынын ескерсек, мұның өзі аудан халқының сұранысын толығымен қанағаттандыруға жеткіліксіз екендігін де жасырмаймын. Оның үстіне, наубайханада  жұмыс жасайтын 15 адамның ай сайынғы жалақысын уақытылы төлеп отыруым қажет. Сол себепті де, әзірге өз қаражатыма көлік сатып алуға жағдайым келіңкіремей тұр,-дейді кәсіпкер.

Береке ауылының тұрғыны Нұрлыбек Бисенбаев 2004 жылы Қарақалпақстаннан осында қоныс аударған. Әкесі көп жыл үйінде отырып, домбыра жөндеп, оны қолдан жасапты. Кәсіпкер жігіттің өзі де бала күнінен осы іске машықтанып, кейіннен музыка мектебінде балаларға домбырадан дәріс береді. Бертін келе, қолынан келетін шаруаның өрісін кеңейтуді мақсат тұтады. Осы ойын іске асыру үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысып, түрлі музыкалық аспаптарға, ұлттық нақыштағы сандық, бесік, ертоқым, т.б. тапсырыс қабылдап, оларды жасайтын шағын цех пен қолөнер бұйымдары дүкенін ашуға бел буады.

Әрине, мұнда да біраз іркілістерге тап болғанын кәсіпкер жігіт жасырмады. Әйтсе де, «Шешінген судан тайынбас» дегендей, алған бетінен қайтпай, қолға алған ісіне дендеп кіріскен азамат бұл күндері шаруасын үйлестіріп те үлгерген. Білгеніміздей, домбыралар көбінесе, жиде ағаштарынан жасалуда. Осылайша, Ш.Шәріпов атындағы Исатай аудандық балалар музыка мектебінің тапсырысы бойынша 30 дана домбыраны дайындап, бас домбыраларын да ойдағыдай етіп жөндеп берген.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз