Мустанг баптайтын Жансейіт

screenshot 20 Қоғам

ТОҚСАН ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР ТАҢДАЙ АУЫЛЫ – ИГІ ЖАҚСЫЛАР МЕН ЖАЙСАҢДАРДЫҢ МЕКЕНІ. ШАҒЫН АУЫЛДАН ЖЕРЛЕСТЕРІНІҢ ҒАНА ЕМЕС, ТҰТАС ӨҢІРДІҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН АЗАМАТТАР ТҮЛЕП ҰШТЫ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЖАСТАЙЫНАН ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАЛЫНДА ӨСКЕН ЖАНСЕЙІТ БЕРДЕШ. ОНЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ ОЙЫНЫ – КӨКПАРМЕН АЙНАЛЫСҚАНЫНА БЕС ЖЫЛДЫҢ ЖҮЗІ БОЛЫПТЫ. БАЛА КЕЗДЕН АТ БАПТАҒАН ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН КӨРІП ӨСКЕН ЖАНСЕЙІТКЕ КӨКПАР ОЙЫНЫНДА АТОЙЛАП, САЛЫМ САЛУ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗБАҒАН. ЖУЫРДА ҒАНА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН САЙЫСТА ТАҒЫ ДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ. АЛАЙДА, АЙТҰЯҚТЫЛАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАТТЫ БОЛДЫ МА, КӨКПАРДЫҢ АТЫ СҮРІНІП КЕТІП, ЖАЗЫМ БОЛА ЖАЗДАДЫ. СОДАН АЯҒЫ МЕН БЕЛІН АУЫРТЫП АЛҒАН ШАБАНДОЗДЫҢ ОЙЫНЫ ЖҮРМЕЙ-АҚ ҚОЙҒАН. АУЫЛ ҒАНА ЕМЕС, ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ ШАБАНДОЗДАРДЫҢ ШАНДОЗЫ АТАНҒАН КӨКПАРШЫМЕН ДҮБІРЛІ ДОДАДАН СОҢ СҰХБАТТАСЫП, «КӨКПАР ӘЛЕМІНЕ» САПАР ШЕГІП ҚАЙТТЫҚ.

screenshot 22 1

Көкпарда қайрат сыналады

– Жансейіт бауырым, сізді көкпаршы ретінде танимыз. Ұлттық спорттың бұл түрін таңдауға не себеп болды?

– Ат спортына деген қызығушылығым бала кезден басталды. Əкем атжарыстан қалдырмайтын. Отбасын құрған соң, Атырау қаласына көшіп келдім. Атырауда көкпар спортының дамып жатқанын біліп, қатысудың ретін қарастырып жүргенімде жолыққан Айтуар есімді ағам көкпаршылармен таныстырды. Ол – Жайық бойындағы Бейбарыс ауылының тумасы. Қазір бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып жүр. Көкпарға бірге шығып, жетістіктеріме бірден бір себепкер болып жүр.

– Көкпарға алғаш келген кездегі əсеріңіз қандай болды? Бəйге мен көкпардың айырмашылығы ше?..

– Алғашқы көкпарда жердегі серкеге əлім келген жоқ. Бұл жағдай тек мен емес, барлық көкпаршылардың басында болады, бірақ оған бола көңілді түсірудің керегі жоқ болар. Ал , көкпармен бəйгенің айырмашылығы жер мен көктей. Мысалы, көкпар тартысы кезінде жігіттің білек күші, қайраты сыналса, бəйгеде аттың шабысы, жүйріктігі, шабандоздың тегеуріні мен жүректілігі танылады.

– Атырау облысындағы көкпар спортының даму барысы қалай? Жетістіктеріңізден де хабардар болсақ…

– Қазір көкпар ойыны жақсы дамып келе жатыр. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының көкпаршыларымен жақын араласып жүрміз. Жетістіктеріміз де бар. Командалық ойында шабуылшымын, 2021 жылдың қорытындысы бойынша «үздік шабуылшы» атандым. Былтыр қалалық командалық ойыннан бірінші орын бұйырды. Жаппай көкпардан «өгіз өлді» салымын бірнеше рет игергенмін. 2022 жылы қаңтарда Орал қаласында өткен жаппай көкпарда аяғымды сындырып алып, біраз бейнет шектім. Қыркүйекте қайтадан атқа отырып, желтоқсанда өткен үлкен көкпардан «өгіз өлдіге» тігілген 1 тай, 1 белдікті қанжығаға байладым.

«Нарынға» неге бармады?

– Көкпар ойыны Атырау халқына аса таныс емес қой. Оның неше түрі бар? Сіз айтып жатқан жаппай көкпар деген қандай ойын?..

– Көкпар ойыны командалық жəне жаппай көкпар болып, екі түрге бөлінеді. Жаппай көкпарда көкпаршының шеберлігі мен атының мықтылығы сыналады. Бұл ойында əр қатысушы өзі үшін күш сынасып, көкпар ретінде тартылған серкеге ие болады. Белгілі бір орынға жеткізген адам ғана жеңімпаз бола алады.

– Қазір қай командада өнер көрсетесіз?

– Бастапқыда «Мырза Адай» командасында өнер көрсеттім. Бүгінде Атыраудың намысын қорғап жүрген, еліміз бойынша үздік үштіктегі «Нарын» командасының құрамына шақырту алғанмын. Бұл шақырту екінің біріне бұйыра бермейтінін де атап өткім келеді. Сол кезде командаға жетекшілік ететін Асланбек Жанбалаев үлкен сенім білдірген еді. Бірақ, оны қабыл алмадым, себебі екі ай бойы дайындық жұмысында жүру керек. Оның үстіне жарыстың көбі Тараз, Шымкент қалаларында өтуі де мен үшін тиімсіз болды. Қазір жаңадан құрылған «Сарайшық» командасында өнер көрсетемін.

– Бұл ойынның оңай спорт емес екендігі белгілі. Біздің өңірде көкпаршы жігіттер жеткілікті ме, оларға қойылар талап қандай?

– Бұрынғыдай емес, қазір жергілікті жігіттер көбейді. Шабандоздарымыздың алдының жасы 40-қа таяды. Жүректі, білекті, сайдың тасындай мықты жігіттер ғана қатыса алатын көкпар – ең ауыр əрі қауіпті спорт. Ат құлағында ойнау оңай емес. Ойын барысында оқыстан жарақат алып қалуы да мүмкін.

– Көкпарда «өгіз өлді» деген аталымы қандай мағынаны білдіреді?

– «Өгіз өлді» салымы көкпар ойынының құрамдас бөлігіне жатады. Оның құрамы үш бөліктен тұрса, салым соның ең соңғы жəне қомақтысы. Ол уақытта ат та, шабандоз да шаршайды. Соңғы салымды алған адам «үздік көкпаршы» атанады.

– Көкпардан басқа кəсібіңіз?..

– Теміржол саласында жұмыс істегеніме 10 жылдан асты. Ауылда шаруашылығымыз бар.

– Көкпарға салатын атыңыз бар шығар. Оның бабы келісті ме?

– Менің есімімді əмбеге танытқан « Мустанг» атты тұлпарым. Айтуар ағам Қырғызстаннан алып келген. Төрт жылдан бері осы айғырмен шауып жүрмін. Жылқыны əркім əртүрлі баптайды ғой. Өз басым таңертең жəне кешке арпа, сұлы , жоңышқа секілді дəнді дақылдарды беремін. Аттың бабына күнде қараймыз. Шілде айында жемге қойып, жілік майын толтырып аламыз. Ал, шабандоз əрдайым дайындықта болуы тиіс.

screenshot 21

Жастарға үлгі көрсеткім келеді

– Отбасыңыз бұл спорт түрімен айналысуыңызға қалай қарайды?

– Нарын құмының етегіндегі Таңдай ауылына қарасты Көздіқара елді мекенінде туып өстім. Қосымша мал шаруашылығымен айналысатын əке-шешем өзге де ата-аналар секілді амандығымды тілейді. Əсіресе, анам көкпарға кеткен сайын аман-есен оралуымды тілеп, дұға жасап отырады. Əкем ауысымдық əдіспен Қарабатанда жұмыс істейді. Оның да атқа бүйрегі бұрып тұрады. Анам балабақшада жұмыс істейді. Отбасымда екі қарындасым мен інім бар. Інім Нұрсейіт те спортшы, «Атырау жастары» футбол командасының мүшесі. Аллаға шүкір, жұбайым екеуміз үш қыз тəрбиелеп отырмыз.

– Алдағы жоспарларыңыз?..

– Келешекте Атырау өңірінде көкпар ойыны ауқымды түрде дамыса деп армандаймын. Осы мақсатта екі жыл бұрын ауылымда тұңғыш рет елден бата алу көкпар тойында жаппай көкпар ойынын ұйымдастырдық. Оған ауыл тұрғындары бірі қалмай қатысып, ұлттық спортты жастар арасында дамытуға ынтаның молдығын аңғартты. Ауылдан да мықты көкпаршылар шығады деп үміттенемін, жастарға үлгі көрсеткім келеді. Ата-анамның үмітін ақтап, елімнің бір қажетіне жарасам деймін.

– Жуырда өзіңіз қатысқан жаппай көкпар туралы айтып өтсеңіз?

– Иə, Атырау қаласындағы «Аламан» базары маңында SDN құрылыс компаниясының ұйымдастыруымен жаппай «SDN KOKPAR» сайысы өтті. 600-ге жуық көрермен қатысқан бəсекеге Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен қатар, Шымкент қаласынан да шабандоздар келді. Бұл соңғы жылдары өңірде өткен ең үлкен көкпар сайыстарының бірі болды. Жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады. Тартысқа толы ойында «Өгіз өлді» салымын жергілікті «Нарын» командасының капитаны Абылай Ұлықпанов иеленді. Іс-шара барысында көрермендерге ыстық палау таратылып, арқан тартыс ойыны ойнатылды. Ұйымдастырушы компанияның директоры Дархан Сəрсенов көрермен дердің қызығушылығын байқап, бұл бастаманы міндетті түрде жалғастыруға ниетті екенін айтты.

– Жансейіт Мəжитұлы, көкпарда салымыңыз көбейе берсін! Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз