Мұнай іздеудің машақаты көп
Қарашүңгілден бастау алатын қазақ мұнайының тарихы талай өтпелі кезеңдерді бастан кешірді. Жеті қат жер астындағы қазба байлықты ел игілігіне жарату үшін небір күрделі геологиялық зерттеу жұмыстары жасалды. Соның нәтижесінде, кен орындарынан атқылаған мұнай бұрқағы мұхит асып, экономикамызды көтеруге айтарлықтай үлес қосуда. Десек те, геологиялық барлау саласына тиісті деңгейде назар аударылмай келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында айтып өткен болатын. Сол жолы өз қаражатына зерттеу жұмыстарын жүргізген инвесторға жер қойнауын пайдалану кезінде жеңілдіктер жасалатыны туралы да айтылды.
Ауқымды жоба қолға алынады
Иә, кең байтақ қазақ даласының қойнауы құтқа толы. Бірақ, біз оның игілігін көріп келеміз бе? Елімізде өткен жылдың тоғыз айында геологиялық барлауға 119,5 млрд. теңге инвестиция жұмсалған. Мамандардың айтуынша, пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіретін тәуелсіз мемлекет үшін бұл тым аз көрсеткіш. Сондықтан, жаңа кен орындарын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниет білдірген инвесторларға қолайлы орта мен тиімді жеңілдіктер жасалуы тиіс. Биылғы Жолдауда мемлекет басшысы осы мәселені қадап айтты. Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықовтан білгеніміздей, мұнайлы өлкенің геологиялық мүмкіндігі көп.
– Прорва жақта жаңа кен орындары бар. Осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің қолдауымен «Еуразия» жобасы қолға алынды. Ол еліміздің батысындағы үш облыстың аумағына кіретін Каспий маңында жүзеге асырылады. Негізі, Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы жерде орналасқан. Экспортталатын «қара алтынның» 80 пайызы да осы жерден шығарылады. Кеңес Үкіметі кезіндегі алынған геофизикалық материалдармен қатар Каспий қайраңы, Теңіз айналасы, аукционнан алынған жерлер жаңа геофизикалық тәсілдер арқылы зерттелуде. Біз терең қабаттардағы мұнайға жүргізілген ғылыми ізденістер мен далалық жұмыстардан алынған материалдарды сараптай отырып, тереңде мұнайдың көздері көп деп есептейміз. Еліміздің геологтарының ерен еңбегі ақталып, терең қабаттардан үлкен кен орындары ашылады деп ойлаймыз. Шындығында, біз енді мұнайды тереңнен игеру жайын ойластыруымыз қажет. Себебі, шетелге шығарып отырған шикізат қорымыз азайып келеді, — дейді Балтабек Қуандықов.
Біз тұздың бетін ғана зерттеп жүрміз
Ардагер-бұрғышы Ақмырза Құсайыновтың пікірінше, біз қазір тек тұздың бетін зерттеп жүрміз. Осы күнге дейін бұрғы 1500-2000 метр тереңдікке ғана қазылған. Негізі, оны 4000-5000 метрге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. «Кезінде Еділ мен Жайық аралығындағы мұнай мен табиғи газ көздерін іздестіріп табу мақсатында бұрғылау жұмыстарын жүргіздік. Қазу барысындағы жобалық тереңдік 4500-6000 метр аралығын қамтыған. Атап айтқанда, «Манаш», «Көрдуан», «Имашев», «Құм П-1», «Забурын-30» кен орындарындағы ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары сәтті аяқталды. Әрине, ол кезеңдерде жұмыстың жүргізілу технологиясы мен тәсілі қазіргіден мүлдем өзгеше болатын. Жауапкершілік жүгі жоғары, тәртіп қатаң еді. Тұз қабаттарының астын бұрғылау кезінде көптеген қиындықтар кездесетін. Соған қарамастан, жұмыста кедергі болған жоқ» деді әңгімелесушіміз.
Рас, бүгінде сала ардагерлері «оңай» мұнайдың заманы өткенін жиі айтады. Сондықтан, 3Д модельдер, барлау жұмыстарының сейсмикалық жаңа технологиялары, олардың нәтижелерін компьютерлік бағдарламаларымен интерпретация моделдерін шығаруға айрықша мән беріліп отыр. Мамандардың пайымдауынша, IT технологиялардың қолданыс аясын кеңейту қажет. Заманауи терең өзгерістерге бірінші болып бейімделген мемлекеттер ғана өз халқының өмір сүру деңгейін жоғары деңгейде сақтап қала алады. Мұндай елдердің бәсекеге қабілеті жоғары болады.
Жылдар өткен сайын мұнайды жер астынан шығару қиындап бара жатқан көрінеді. Себебі, бұрынғыдай жер астынан өз қысымымен атқылап, шапшып шығып жатқан шикізат жоқ. Сол себепті, қазіргі мұнай-газ кен орындарының көбінде тұтқырлығы және парафині жоғары, «ауыр» мұнай өндірілуде. Сондықтан, жаңа кен орындарын анықтап, геологиялық барлауды жандандыру керек.
Мақсат – ынта білдіргендерге қолдау таныту
Десек те, елімізде бұл бағытта жасалып жатқан нақты шаралар жоқтың қасы. Болғанының өзінде ауыз толтырып айтарлықтай жаңадан ашылып жатқан кен орындары некен саяқ. Ал, бүгінгі мақсат – геологиялық барлауға ынта білдіргендерге жағдай жасау.
Айталық, өткен айда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің геология комитеті елімізде қатты пайдалы қазбаларды барлауға құқық беретін электронды аукционды бастаған.
Қазақстанда геологиялық барлауға 1 шаршы шақырымға салынатын мемлекеттік инвестициялар көрсеткіштері де төмен екен. Бізде ол 11 АҚШ доллары болса, Аустралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Әлемдік тәжірибеде инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелердегі кен орындарын барлауға салатын көрінеді.
Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің геология комитеті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ елдің аз зерттелген шөгінді алқаптарының жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында бірлесе жұмыс істеуге Меморандумға қол қойған.
– Жаңа мұнай-газ кен орындарын іздеу және республиканың ресурстық базасын ұлғайту ісіне елеулі серпін береді. Мұндай жұмыстың түпкі мақсаты – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашу, — дген болатын ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Меморандум бойынша тараптар жер қойнауын геологиялық зерттеуде ғылыми-техникалық байланыстарды дамытуға, барлау жұмыстарын жүргізуге негіз болатын заманауи және тарихи геологиялық-геофизикалық ақпаратты талдау мен өңдеуде ынтымақтасуға ниет білдірген. Құжатта ҚМГ-нің геологиялық барлау іс-шараларын жоспарлау үшін алдын-ала барлау жұмыстарын жүргізу мәселесі (жер қойнауын пайдалануға немесе жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия немесе өзге де құқықтық рұқсат алғанға дейін – автор) көрініс тапқан. Сондай-ақ, мемлекеттік геологиялық-геофизикалық қорлардағы тарихи деректерді цифрландыру, жоғары дәлдіктегі сейсмикалық барлау, терең геохимияны және бағдарланған бұрғылау, геологиялық үш өлшемді модельдеу секілді озық технологияларды тарту жолдарын пысықтайды. Өзара іс-қимылдың тағы бір бағыты – деректердің инвесторлар үшін қолжетімді болуына ықпал ету.
Айбөпе САБЫРОВА
*Сіз не дейсіз?
Балтабек ҚУАНДЫҚОВ,
Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті:
Ескі кеніштердің екінші тынысы
Кейбір ескі кен орындарының тарихы жүз жылдан асып кетті. Ол аумақтарға халықтың тұрмысына қажетті аурухана, балабақша, мектеп салынып, инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Біртіндеп үйлер тұрғызылып, отбасылар қатары көбейгеннен кейін тұтас елді мекенге айналды. Бүгінде ондай кенттерде мыңдаған тұрғын тұрып жатыр. Демек, бұл жерлерде мұнай кәсіпшілігіне басымдық беріледі. Бірді-екілі аурухана, мектеп болмаса, осындағы халықтың басым бөлігі осы салада еңбек етеді. Яғни, сол тұрғындардың жұмыссыз қалмауын ойласақ, тереңдетіп бұрғылауға маңыз беруіміз керек.
Оның үстіне, бұған дейін бос аумақтардан кен орындары анықталғаннан кейін бұрынғы қалып қойған бөліктері де болуы ғажап емес. Сондықтан, геофизикалық жұмыстарды қайта жүргізу қажет. Әрине, Қашаған, Теңіз сияқты ірі кен орындарын ашпағанмен, кішігірім аумақтан кен орнын игеру керек. Өйткені, инфрақұрылым дайын. Құбырлар салынып тұр, айдайтын насостар бар, теміржол, тас жол арқылы мұнайды тасымалдайтын мүмкіндік жеткілікті. Сол себепті, қор аз болса да, ескі кен орындарының айналасынан бөлшектер тауып, игеруге болады. Ол үшін көп қаржы шығындаудың қажеті жоқ.
Бүгінде кен орындарының терең қабаттарынан мұнай іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Атырауда Қаратонның айналасынан 6 мыңдық терең бұрғы салыну керек деген әңгіме айтылып келеді. Тек Теңіз, Королев кен орны ғана емес, ол жерден басқа да кен орындарын ашу бағытында терең қабаттан зерттеу жүргізу жоспарланған. Тап осындай жұмыстар Атыраудың басқа бөліктерінде де бар. Әрине, бәрінен бірдей кен орны ашылуы мүмкін емес. Бірақ, оның болашағына сенім артамыз.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН, тарих ғылымдарының докторы:
Оң тәжірибе жемісі
– Қазірде әлемдік деңгейдегі Теңіз, Қарашығанақ кен орындарының ашылып, өнім өндіре бастағалы да ширек ғасырдан асты. Қашаған кен орнының геологиялық қоры көп болғанымен, өндіру және өңдеуде көп еңбекті, қаражатты талап ететіні жасырын емес. 1930 жылдары атақты Губкин болжаған мұнайлы Ембінің 60-70 жылдардағы кен орындарының дәурені өтті. 1960-1980 жылдары ашылған Өзен, Кенқияқ, Құмкөл кен орындары да соңғы кездері сыр бере бастады. Яғни, жоспарланған мұнай қоры азайды деген сөз. Сондықтан, отандық мұнайшы геологтар жаңа кен орындарын ашып, саланы алға сүйреуі керек. Дәл осындай жағдай 1940 жылдары қалыптасып, мұнайлы өлкенің қарыштап дамуында отандық геология және мұнай-химия ғылымының септігі тиді. Бұл істе Қазақстан КСР Ғылым Академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаев ерекше роль атқарды. Оның араласуымен 1946 жылы шілдеде Гурьевте Жайық-Ембі ғылыми зерттеу базасы ұйымдастырылды.
Ғылыми-зерттеу базасы жанынан мұнай геологиясы, мұнай кен орындарын пайдалану секторлары ұйымдастырылды. Міне, осы жылдардан бастап мұнай кен орындары көптеп ашыла бастады. Осы кезеңдегі тәжірибені қолдану қазір де өз жемісін берері сөзсіз.