Жарнама
Қоғам

«Мүгедектік – шектеу емес!..»

Атырау өңірінде мүгедек жандардың құқықтарын қорғап, олардың қоғамға бейімделуіне, шығармашылық пен спорт арқылы өзін-өзі танытуына Гүлназ Қосмұрзиева есімді замандас ерекше үлес қосып жүр. Ол жетекшілік ететін «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры – бүгінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың тағдырын түбегейлі өзгертіп, үміт пен сенім ұялатуда. Қордың негізгі бағыты – инклюзияны дамыту, әлеуметтік теңдік пен белсенді өмір салтын қалыптастыру.

5391e3cd 8327 4734 babd f75605dfbcca

Аталық қамқорлық

​Қор жүзеге асырған басты жобалардың бірі – «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» бағдарламасы. Бұл кешенді бастама арбаға таңылған, инсульт алған немесе церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы бар жандардың физикалық, психологиялық және кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Жүзден астам адам спорттық лагерьге қатысып, жүзу, аэробика, оқ ату сияқты жаттығулар арқылы денсаулығын жақсартып, өмірге деген құлшынысын қайта оятты.

​Жоба аясында өткізілген семинарларда өзін-өзі күту, арбада өмір сүру дағдылары, тері күтімі, қозғалыс техникасы сияқты маңызды бағыттар қамтылды. Сонымен қатар қатысушылар SMM, мобилография, таргетинг сынды заманауи мамандықтарды меңгеріп, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік алды.

​Бағдарлама нәтижесінде 70-тен астам адам спорттық лагерьден өтіп, 8-і халықаралық деңгейдегі реабилитация нұсқаушысы атанды. 10-нан астам қатысушы тұрақты жұмыспен қамтылса, 300-ге жуық адам қоғамға сәтті бейімделді. 15-іне мүгедек арбасы сыйға тартылды. 

Ерекше жандардың өнер мекені

Қор спорт ғана емес, шығармашылық бағытта да зор жұмыс атқарып келеді. «Шекарасыз шығармашылық» жобасы аясында құрылған «Талшын» инклюзивті театры мен вокал, хореография, актерлік шеберлік және арт-терапия бағытындағы үйірмелер – қатысушылардың рухани дүниесін байытып, сахнада өз мүмкіндіктерін еркін көрсетуіне жол ашты.

– ​Сахнаға шыққан адам өзін жаңа қырынан тани бастайды. Қазір «Талшын» театрында 50-ден астам адам өнер көрсетіп жүр. Олардың арасында алғаш рет көпшілік алдына шыққан жандар да бар. Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы өзекті проблемалармен күресуіне қолдау білдіріп келе жатқан облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталық» мемлекеттік мекемесі әрдайым жол сілтеп отырады. Сондай-ақ басқа да түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылуда, — дейді Гүлназ Қосмұрзиева.

​Театр «Бір түп алма ағашы», «Күшік күйеу», «Әпке» сынды қойылымдарды сахналап, көрерменнің ықыласына бөленген театр гастрольдік сапармен Жылыой ауданына барып, өнер көрсетті.

​Қордың тағы бір стратегиялық жобасы – «Кедергісіз Атырау». Бұл бастама арқылы қала мен ауылдағы инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделіп, 1000-нан астам нысан тексерілді. Соның нәтижесінде 100-ден астам нысанда пандус, шақыру түймесі секілді құралдар орнатылды.

​Полиция департаментімен бірлесіп, жолдағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер түсіріліп, арнайы сайт іске қосылды. Бұл платформа арқылы тұрғындар инклюзивті инфрақұрылымға қатысты ұсыныс пен шағымдарын жеткізе алады.

«Қор маған сенім сыйлады»

​Жобаның нақты нәтижесін жеке тағдырлар арқылы да байқауға болады. Соның бірі – Дәурен Жәрдемов. 2021 жылы жол апатына түсіп, арбаға таңылған ол өмірге қайта оралудың қиын жолынан өтті. «Біз де адамбыз» қоры арқылы тиімді оңалту бағдарламасына қатысып, халықаралық деңгейдегі реабилитолог-нұсқаушы сертификатына ие болды. Бүгінде ол – республикалық спартакиаданың жүлдегері, инклюзивті театр әртісі және мотивациялық спикер.

​– Қор маған мүмкіндік ғана емес, сенім де сыйлады, — дейді Дәурен. 

Ол бұдан бұрын Минск қаласына тәжірибе алмасуға барып келген болатын. Оның басты арманы – халықаралық спорттық жарыстарда ел намысын қорғау.

Өнер мен спорт – өмірдің мәні

​Тағы бір жарқын мысал – арбадағы би бойынша Қазақстан чемпионы, параспортшы, хореограф, спикер – Есболат Балбаев. 27 жасында жол апатынан кейін өмірі күрт өзгерген Есболат алғашқы жылдары үйден шықпай, ауыр күйзелісті бастан кешірген. Алайда ішкі жігерінің, отбасының қолдауы мен қор ұжымының арқасында жаңа өмірге қадам басты.

Қазір ол республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше медаль иеленген. Сонымен қатар «Талшын» театры сахнасында өнер көрсетіп, инклюзивті орталықтағы би үйірмесін басқарады. 

– Өнер мен спорт – менің өмірімнің мәні. Ал «Біз де адамбыз» қоры – менің екінші отбасыма айналды, — дейді ол.

​ Бүгінде Есболат жастармен жиі кездесіп, мотивациялық дәрістер оқиды. Сонымен қатар жаңа жоба арқылы мүмкіндігі шектеулі және дені сау жандарды біріктіріп, инклюзияны іс жүзінде жүзеге асырып жүр.

Жаңа көзқарастың авторы

​«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева – ұйымдастырушы, түрлі жобалардың авторы, менеджері және қатысушысы. Оның бастамасымен жүзеге асқан бастамалар жүздеген адамның өмірін өзгертіп, инклюзия ұғымына жаңа серпін берді.

​Оның қоғамдағы белсенді еңбегі мен әлеуметтік жобаларға сіңірген зор үлесі елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы Гүлназ Қосмұрзиева Қазақстан Республикасының Президенті атынан берілетін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сол жылы ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Жыл волонтері» атанып, тағы бір биік белесті бағындырды. Оның жұмысын жергілікті әкімдік, полиция департаменті мен түрлі басқармалар да жоғары бағалап, көптеген Алғыс хаттар табыстады. Ал 2024 жылы ол жетекшілік еткен «Тиімді оңалту» жобасы инклюзия саласындағы «Үздік жастар жобасы» ретінде танылып, республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болды. Бұл марапаттар – оның мүгедектігі бар жандардың өмірін жақсартуға бағытталған адал қызметінің жарқын дәлелі.

​– Біздің мақсат – ерекше қажеттілігі бар адамдардың мүмкіндігін шектеу емес, оларды мойындап, өмірге жол ашу. Біз қоғамға: «Олар да адам, олар да өмір сүруге, бақытты болуға лайық» дегенді айтқымыз келеді, — деп сөзін түйіндеді қор жетекшісі.

​«Біз де адамбыз» қоры – сенім сыйлайтын, рух беретін, қоғамды өзгертетін қозғалыс. Олар – адам тағдырын жаңаша жазып, «мүгедектік – шектеу емес» екенін дәлелдеп жүрген нағыз өмір ұстаздары.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button