Мүгедек жандарға кедергі көп
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы туралы айтқанда ең бірінші мәселе – олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру маңызды. Бүгінде Атырау қаласындағы нысандардың 80%-дан астамы тағдыр тауқыметіне түсіп, арбаға таңылған жандар үшін қолжетімсіз. Көңіл көншітпейтін бұл статистиканы жойып, толық кедергісіз орта жасақтаудағы жұмысқа қоғам болып жұмылған жөн.
Бұл туралы Сәрсенбіде «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдерімен өткен фасилитациялық кездесуде айтылды. Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығында ұйымдастырылған басқосуға облыс әкімі Серік Шәпкеновтің өзі қатысып, жүруге ыңғайсыз пандустарды қайта қалпына келтіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қалыпты орта қалыптастырудың маңызын атап көрсетті.
– Бүгін қоғамды толғандырған мәселе көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды арнайы тапсырған еді. Соған сәйкес облыста интерактивті карта жасақталды. Оған қаладағы барлық әлеуметтік нысанды енгізіп, қоғаммен кері байланыс орнаттық. Десе де ол карта қағаз жүзінде ыңғайлы болса да, іс жүзіне келгенде ақсап тұрды. Қомақты қаржы мен уақытты талап ететін жұмыстарды қоғам болып бірлесе атқаруымыз керек, — деді Серік Жамбылұлы.
Облыс басшысының айтуынша, мұның бәрі бір күндік жұмыс емес және баршаға ортақ іс. Жағдайды тек мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі деп қарауға болмайды. Қазір көптеген мекемеде кедергісіз жағдай жасалуы тиіс.
– Жуырда облыс әкімінің арнайы кеңесшілері де тағайындалды. Біз әр бағыттағы жұмысты бастадық. Енді «Ауруын жасырған өледі» демекші, проблеманы бүркемелемей, ашып көрсетуіміз керек. Бұл шаралар жұмысқа жаңа серпін беруі тиіс, — деді С.Шәпкенов.
«Біз де адамбыз» қоғамдық қорының басшысы Гүлназ Қосмурзиева «Кедергісіз Атырау» жобасы аясында облыста жасалуы тиіс біраз жұмыстарды баса айтты.
– Мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен белсенді азаматтардың қатысуымен жоба еріктілері 49 рет талдау жасап, 412 нысанды тексерді. Кәсіпкерлермен өткен кездесу қорытындысында 10-нан астам нысан иесі өз ғимаратын бізге ыңғайлы етіп жасақтап берді. Қалғандары қолжетімді ортаны ұйымдастыру бойынша кеңес алып жатыр. Менің ойымша, бұл – әркім өзінің жеке азаматтық жауапкершілігін сезінетін қоғамның үлгісі. Сондықтан басқа да кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдарды бізді қолдауға шақырамыз, — деді Г.Қосмурзиева.
Нысандар
неге қолжетімсіз?
Он жеті жылдан бері арбаға таңылған Гүлназ бұрын қалада пандус деген мүлдем болмағанын да ашық айтты. Бірде облыс әкімімен Махамбет атындағы қазақ драма театрында кездесіпті. Ол кезде театрда кедергілер көп еді. Кейін пандустан бастап, әжетхана, қол жуатын орын – барлығы арбамен жүретіндер үшін ыңғайлы етіп жасақталды. Қазір олар театрға еркін кіріп шығатын жағдайға қол жеткізді. Бүгінде Атырау қаласындағы нысандардың 80%-дан астамы мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін қолжетімсіз. Сондай-ақ, инклюзивтілікті дамыту үшін жағдай жасау, стандарттарға сәйкес келмейтін пандустарды ауыстыру керек.
– Мүгедектік оңай нәрсе емес. Өмірде ешкім де еш нәрседен сақтандырылмаған. Арбаға таңылып қаламын деп мен де мүлдем ойлаған жоқпын. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру – маңызды мәселе. Нью-Йоркте арбадағы профессор университетте студенттерге еш кедергісіз дәріс береді. Мұнда әрбір нысанға кіріп-шығу да қиындық туғызбайды. Мұндай мүмкіндіктер бізде де толық қалыптасқаны жөн. Әсіресе, студент жастар оқу орындарына еркін кіріп, білім алса деймін, — дейді ол.
Кездесуде тақырып аясында арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Пандустардың жағдайын зерделеген ұйымдастырушылар қаладағы бірнеше нысанға эксперимент жүргізген. Тепсе темір үзетін, дені сау спортшының өзі арбаға отырып, пандусқа көтерілгенде тек бойындағы күшінің арқасында ғана нысанға жетті.
Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, бұл көрініске байланысты ойларын ортаға салды. Қоғам белсенділері облыста инклюзивтілікті дамыту үшін жағдай жасау керектігін және стандарттарға сәйкес келмейтін пандустар мен қолжетімді ортаның басқа элементтері бар ғимараттарды қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізудің жайына назар аударды.
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Анар Жеңісованың айтуынша, пандустар мәселесін реттеу жұмыстары республикада 2012 жылдан бастап қарқын алған.
– «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Атырау қаласы бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін 2021-2023 жылдарға бейімдеуге жататын нысандарды зерделеу мақсатында «АМАNAT» партиясымен бірлесіп құрылған мониторинг топтары жұмысты бастап кетті. Қала бойынша INVA.GOV.KZ сайтына бейімделуі тиіс 1450 нысан енгізілген, соның 2021 жылы 149-ы, былтыр 147-сі бейімделді. Биыл бейімдеуге жататын 145 нысанның иесіне жыл басында хабарлама жіберіліп, бүгінде 17 нысан қайта жасақталып, INVA.GOV.KZ сайтына енгізілді, — дейді Анар Жеңісқызы.
Бөлім басшысының айтуынша, бейімделуге жататын нысандардың көпшілігі кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, мемлекеттік мекеме тарапынан тексеру жасап, талап ету мүмкіндігі болмапты.
Фасилитация тәсілінде өткен жиында барлық қатысушылар мәселені зерделей келе ең тиімді шешімді табуға талап қылды. Проблеманы барлық жағынан қарастыра отырып, қатысушылар бірлесіп әрекет ету және әлеуметтік нысандардың жобасын бекітудің бірыңғай тетігін әзірлеу туралы келісімге келді.
Облыстағы 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанның көпшілігі мүгедектер арбасын пайдаланады. Солардың бірі – қалада тұратын Есболат Балбаев он үш жыл бұрын жолдағы жазатайым көлік апатының салдарынан арбаға таңылған.
– Нысандардағы талапқа сай келмейтін пандустар біраз қиындық туғызып тұр. Жасы 20-дан асқан жігіт дүкенге кіріп, өзіне қажетті киімді сатып алайын десе, ішке кіруге мүмкіндік жоқ. Олар бізге қоңырау шалып, қандай дүкенге баруға болатынын сұрайды. Оны мен де білмеймін. Сондықтан, қай нысанның мүгедектерге қаншалықты бейімделіп жасалғанын алдын ала қарап отыратын арнайы карта жасақталып жатыр. Бұл жүйелі іске асырылса игі болар еді. Көшедегі жолжиектердің ыңғайсыздығынан да біраз мәселе туындап жатады. Мәселен, қыс мезгілінде баратын жеріне таксимен жеткен жас жігіт ғимараттың ішіне кіре алмай, аязға тоңып, қолы үсіп кеткен. Мүгедектерде осы секілді мысалдар жетіп артылады. Сондықтан, бүгінгі жиында көтерілген мәселе өте өзекті, — дейді Есболат.
Пандустар проблемасы оқу орындарында да бар. Мысалы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бірінші курс студентінің бірі пандустың жоқтығынан жоғары қабаттарға еңбектеп шығып жүргенін, бұл өте қиын екенін жасырған жоқ.
Жобаның
тиімділігі неде?
Жыл басынан бері жұмыс істейтін «Кедергісіз Атырау» жобасы бойынша талдау барысында тексерілген ғимараттарға «толық қолжетімді», «қолжетімді орта элементтері бар» және «мүлдем қолжетімді емес нысан» деген арнайы мәртебе беріледі. Барлық деректер жыл соңына дейін пайдаланушылар үшін тиімді «Кедергісіз Атырау» сайтына жүктеледі.
– Жобаның ұзақ мерзімді міндеттерінің бірі – нысандардың қолжетімділігі мәселелерін шешу мақсатында бизнес, мемлекет және жұртшылық өкілдері үшін бірыңғай алаң құру. Тым болмағанда, біздің мұңымызды тыңдайтын адамдар санын көбейтсек, бізге ол да зор жеңіс. Себебі, бизнес өкілдерімен өткізген кездесуге небары 37 кәсіпкер қатысты, — деді Гүлназ Қосмурзиева.
Ұйымдастырушылар кедергісіз орта қалыптастыру үшін креативті тәсілдер де белсенді қолданылатынын атап өтті. Қор командасы қоғам өміріне бей-жай қарамайтын адамдарды пандустарды тексеру экспериментіне қатысуға шақырады. Эксперимент барысында жақсы физикалық дайындығы бар адам пандуспен көтерілуге талаптанғанымен, әрекеті көбінесе сәтсіз болады. Сондықтан, қазір мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдар мен басқа да мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаладағы ортаның қолжетімсіздігі туралы комикстер сериясы дайындалып жатыр. Оған өзінің әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» компаниясы қолдау жасаған. Биыл 21 жобаны жүзеге асыруға 2,5 миллион АҚШ доллары бөлінді.
Түйіндеп айтқанда…
Тағдыр тауқыметімен мүмкіндігі шектелген жандарды қалың бұқарадан оқшауламай, олардың сау адаммен тең өмір сүруіне жағдай жасау үшін қолға алынған істер бұл. Қазір көпшілік орындарда мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркеп қарау азайып келеді, келешекте мұндай көзқарастан мүлдем арылған жөн. Керісінше оларды қолдап, өздерін қоғамның тең дәрежедегі мүшесі екенін сезінуіне жағдай туғызған жөн. Ол бағыттағы барлық жұмысты құзырлы орындарға артып та қоймай, әр адам қолдан келсе жақсылық жасап жарысса да игі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ