Мүгедек қызды зорлаған әлеуметтік орталық басшысы анықталды
«Шымкент қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында көптеген заңсыздықтар анықталған» деп хабарлайды Atr.kz
«Қазақпарат» хабарлағандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасы бойынша мониторинг тобы жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында Шымкент қаласының № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушылардың құқығын бұзудың көптеген фактілері анықталды.
Тексеру нәтижесі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында айтылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері және т. б. қатысты. Бұған дейін хабарланғандай, Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram парақшасындағы өтініші тексеруге негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорланғанын хабарлады.
Оның айтуынша, эпилепсиямен ауыратын қызы есінен танған кезде оның денесіне қол сұғылған. Мониторинг тобының құрамына бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және басқа ұйымдардың өкілдері кірді. Тексеру барысында қызмет алушылардың құқығының бұзылу фактілері және орталық қызметін ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды.
Мысалы, бірнеше палатада жатын алаңдар белгіленген нормаға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 м2 алаңның орнына қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді. Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған. Бұдан басқа, қызмет алушылар жұмсақ инвентарьмен және киіммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Қызмет алушылардың киімінің маркировкасы жоқ.
Сондай-ақ, асхана, ас бөлмесі, азық-түлік қоймасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Кемшіліктер орталықтың лауазымды адамдарында тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас блоктарында және басқа да үй-жайларда антисанитариялық жағдайлардан қызмет алушылардың жаппай жұқтыру қаупі бар.
Сонымен қатар, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобының мүшелері объектіге бару барысында берген ескертулерге мекеме басшылығының әрекетсіздігі және әлсіз әрекет етуі атап өтілді. Соңғы тексеру арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша бұзушылықтар жойылмағанын көрсетті.
Тексеру нәтижесі бойынша Шымкент қаласының әкімдігіне Еңбекминінен біліктілік талаптарын ескере отырып, орталық директоры Мырзахан Жолтаевты атқаратын лауазымынан босату және мекеме басшысын қоғамның белсенді өкілдері қатарынан тағайындау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныс жіберілді.
Сондай-ақ, кеңес барысында балаларға арналған 20 медициналық-әлеуметтік мекеменің басшыларына қатысты жазалау шаралары жайы айтылды. Осылайша, барлығы 13 қызметкерге қатысты жаза қолданылды, оның ішінде 4 орталық басшысы жұмыстан босатылды (3 директор және директордың орынбасарлары; ШҚО, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында), Шымкент қаласының № 6 орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысының «Арман» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорларына қатысты жаза қолданылды.
4 орталықтың директорларына (Атырау, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстары) қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Сондай-ақ, 6 МӘМ бойынша бұзушылықтар толығымен жойылды. Алматы және Маңғыстау облыстарының екі орталығында бірінші басшылардың ротациясы ұсынылды.