Мұғалімдер мен кәсіпкерлер марапатталды
Атырау өңіріндегі төтенше жағдай кезінде азаматтық белсенділік танытқан қала кәсіпкерлері мен білім беру саласы қызметкерлері марапатталды. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Төлеева облыстағы су тасқынының алдын-алу мен тасқынның қаупін сейілту жұмыстарына үлес қосқан марапат иелерін ең жоғары құрметке лайық екендігін айтты.
– Биылғы төтенше жағдайлар кезінде көп жұмыс жасалды. Қиын жағдай кезінде облыс тұрғындары бір бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып елге өлшеусіз қызмет етті. Күн демей, түн демей еңбек еткен азаматтардың қатарында ұстаздар мен кәсіпкерлердің көмегі көп тиді. Қаладағы мейрамхана иелері бөгет салып жатқан еріктілерге жеті күн бойы 12 600 рет ыстық тамақ ұйымдастырып, бірауыздан атсалысты. Кәсіпкерлер қиындықтарға қарамай, тіпті өздерінің жұмыстары тоқтап қалып жатса да қайырымдылықтан бас тартқан жоқ. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығындағы кәсіпкер әйелдердің бастамасы бойынша қаражат жинап, Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға 24 көлікке артып керек-жарақ жіберді. Одан соң Қызылқоға ауданына көлікпен тамақ жеткізді. Су тасқыны кезінде қалаға көшірілген құлсарылықтарға қолұшын созды. Барлығыңызға алғыс білдіреміз, — деді Фатима Нәбидоллақызы.
Сын сағатта ел мүддесі үшін жасалған қоғамдық қызметті абыройымен атқарған азаматтарға Республика Парламент Мәжілісінің, облыс әкімдігінің, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының, облыстық білім беру басқармасының Алғыс хаты табысталды.
Қаладағы «Үйшік», «Кувшин» мейрамханаларының иесі Динара Әлиқызы бөгет салу жұмыстарына ұжымның қосқан үлесі орасан екенін айтты.
– Төтенше жағдай енгізіліп, елдің басына қиын қыстау кез туғанда мейрамхана иесі ретінде қолымнан келген көмегімді тигізуге тырыстым. Еркінқала ауылындағы бөгет салу жұмыстарына көмектесу туралы айтқан кезде облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атынан бірден қолымызға күрек алып, білек сыбана кірісіп кеттік. Өзімізге белгіленген учаскелерде бөгет салып жатқан азаматтарды тамақтандырдық. Бүгін осы істеген азды-көпті еңбегімізді елеп ескерген басшылыққа ерекше алғыс білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді мейрамхана иесі.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ