Жарнама
Қоғам

Мұғалім – мәртебелі мамандық

–  Сатқан Ыбырайұлы, «Педагог мəртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейінгі қалыптасқан жағдайларға тоқталып өтсеңіз. Мəселен, мұғалімдердің əлеуметтік жағынан қорғалуы қандай дəрежеде?

– Айтуыңыз дұрыс. Кейінгі уақытта халық арасында мұғалім беделі түсіп кеткені рас. Осы жағдайды қалпына келтіру, қоғамда педагог мəртебесін жоғары көтеру мақсатында өзіңіз атап өткен заң қабылданды. Ендігі жерде ұстаздардың абыройы мен беделі жұртшылық арасында биіктей түседі деп сенемін. Мұғалімдердің жанкешті еңбегін дəріптеп, қиын да қызықты мамандықты игеріп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тəрбие беріп жүрген педагогтарды алғы күнге үмітпен, сеніммен қарауға құлшындыру керек. Осы мақсатта жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды беру тəртібін, олардың сипаттамасы жəне біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы облыстық əкімдіктің қаулысы қабылданды. Аталған құжат бойынша өз ісінің шебері болған əр ұстаз құрметті атақты иеленіп, сыйақымен марапатталады. «Атырау облысының педагогтарын көтермелеудің қосымша шараларын белгілеу туралы» қаулы да қабылданып, мемлекеттік тіркеуден өтіп отыр. Шəкірт тəрбиелеуде ізденімпаздық пен бастамашылдық танытқан əрбір ұстаз назардан тыс қалмайды. Бала тəрбиесінде олқылық жіберуге болмайды. Жас шыбыққа су құйып, уақытында суарып, дұрыс өсуіне күтім жасамаса, қисайып өседі емес пе? Бала да сол сияқты. Ал, ұстаз – нағыз бағбан. Бізге өрімталдарды өз Отанын шын сүйетін патриот етіп қал ыптастыратын нағыз ұстаздар қажет. Ауылдық елдi мекендерде тұратын жəне жұмыс істейтiн педагогтар бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық қызметтермен қамтылады. Əлбетте, ақы төлеу жəне отын сатып алу бойынша əлеуметтік қолдау жергілікті өкiлдi органдар (мəслихаттар) бекіткен тəр тіппен жəне белгіленген мөлшерде көрсетіледі. Бүгінде ауылдық елді мекенде жұмыс жасайтын педагог қызметкерлерге толықтай əлеуметтік қолдау көрсетіліп отыр. Елімізде қабылданған «Педагог мəртебесі туралы» заңға сəйкес, ұстаздардың əлеуметтік жағдайына Атырау облысы да ден қоюда. Жалақы, тұрғын үй жəне жас мамандарды жұмысқа тарту үшін арнайы жоспарға сай жұмыс атқарудамыз.

Əрине, мұғалімдерге көрсетіліп отырған мемлекет қамқорлығы үшін қуаныштымыз. Сөзімізді облыстағы педагог кадрлар туралы өрбітсек. Білім саласында мамандар жеткілікті ме?

– Өте өзекті мəселе – кадр тапшылығы. Өткен оқу жылының аяғында облыстағы 472 педагог маманға қажеттілік туындаған еді. Білім беру ұйымдарын жас мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарымен, яғни, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жəне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттерімен бірлескен жұмыстар жасалды. Соның нəтижесінде 309 маман мектептерге келіп, жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде кадрға деген сұраныс 62 пайызды құрап отыр. Олар – кадр тапшылығы бойынша жəне жаңадан жұмысқа келген мамандар. Соның ішінде, 20 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келді. Сұранысқа сəйкес, қазақ тілі мен əдебиеті, дене тəрбиесі, биология, əн-саз, география, психология, бейнелеу өнері жəне сызу пəндерінен сабақ беретін жас мамандармен облыс педагогтарының қатары толықты. Алайда, облыста орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдерге қажеттілік əлі бар. Атап айтқанда, орыс тілі мен əдебиеті, химия, тарих, бастауыш сынып, информатика, дефектолог, алғашқы əскери дайындық, технология, кəсіптік білім беру пəндерінен сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Аудандар бойынша таратып айтатын болсақ, Жылыой, Қызылқоға жəне Индер аудандарында мамандарға деген сұраныс қамтамасыз етілді. Ал, Атырау қаласы, Махамбет, Мақат, Құрманғазы, Исатай аудандарында кадрға қажеттілік сақталуда.

Осы жерде айта кету керек, педагог мамандықтарға облыс əкімдігінен бөлінетін грант саны жылма-жыл ұлғайып келеді. Мəселен, 2017 жылдан бастап берілген облыс əкімінің грантымен жергілікті жерден 383 студент жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Олардың алғашқылары 2021 жылдан бастап облыс мектептеріне келеді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, облыс əкімінің грантымен оқып жатқан жергілікті 689 маманның 55,6 пайызы мұғалім мамандығын алып шығады. Педагог кадрлар жетіспеушілігін жою, педагог жұмысына орналасуға бəсекелестік қалыптастыру үшін білім беру ұйымдарында кəсіпке бейімдеу жұмыстарын 6-7 сыныптан бастап жүргізуді қолға алудамыз. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен меморандум жасалып, қажет мамандарды жергілікті жерде дайындау жəне педагогика мамандықтарында оқитын бітіруші курс студенттерін мектепке тарту жұмыстарының алғашқы қадамдары жасалды.

Мектеп партасынан мұғалім мамандығына бейімдеу керек дегеніңіз əбден дұрыс. Бірақ, көпшілік жағдайда материалдық қажеттілік бəрін шешеді емес пе? Мұғалім жалақысының өсімі, санаттарға байланысты жаңаша есептелуі қандай?

– Шындығында, адам баласының күнделікті күнкөрісі көптеген түйінді шешімдерді қабылдауға түрткі болатыны рас. Жалақы жайында айтатын болсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың еңбекақысы 25 пайызға өсті. Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кəсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы ел Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы негізінде бастауыш, негізгі жəне жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагогикалық шеберлік біліктілігі бар мұғалімдеріне, педагог-психологтарына педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы төленеді. Атап айтар болсам, педагог- шебер – 50 %, педагог-зерттеуші – 40 %, педагог-сарапшы – 35%, педагогмодератор – 30% көтеріңкі еңбекақы алады.

Айтып отырғаныңыздай, жоғары еңбекақы алу үшін мұғалімдерге инновациялық жаңалықтар ашып, түрлі əдістемелік құралдар жазып, өзінің кəсіби біліктілігін шыңдауға тура келеді екен. Облыс мұғалімдерінің ізденісіне жол ашатын біліктілікті көтеру орталықтарының жұмысына тоқталсаңыз?

– Облыс мұғалімдерінің кəсіби біліктілігін көтеру мəселесін мемлекеттік жоспарға сай Назарбаев Зияткерлік дербес білім беру ұйымының оқу шеберлік орталығы жəне «Өрлеу» акционерлік қоғамы өткізеді. Сонымен қатар, басқа да көптеген лицензияланған орталықтар да бар, сол орталықтардан мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұны немесе өзінің қажетті біліктіліктерін арттырып отыр. Мұғалімнің кəсіби өсуі оның алға қарай жаңа бағытта жұмыс істеуіне көп септігін тигізетіні мəлім. Қазіргі білім бағдарламасы бұрынғыдан өзгеше, əр тақырыптың өз оқу мақсаты бар. Балаға берілетін тапсырма соның аясынан тыс болмауы керек. Ол жеңіл де, күрделі де болуы мүмкін. Қалай десек те, оқушыға білімді меңгертудің дағдысын қалыптастыру маңызды. Сондықтан, соңғы жылдардағы өткен курстар жеке пəнді оқытудың жаңартылған білім беру мазмұнының əдістемелігімен қатар, функционалдық сауаттылық, бала дамуының физиологиялық, психологиялық ерекшеліктері, қабілеттілік деңгейіне сай оқыту, тəрбие құндылықтары тақырыптарын да бірге оқып танысады. Қазіргі курстар тек пəнмен шектелмейді. Мұғалім өз мамандығы бойынша дамиды, кəсіби кұзыреттілігі мен дағдыларын арттырады. Пандемия қаупіне байланысты мұғалімдердің IT сауаттылығын арттыру бойынша сұранысқа сəйкес вебинарлар арқылы IT сауаттылығын арттыратын курстар, семинарлар, конференциялар өткізіліп жатыр. Дəстүрлі курстардың онлайн курстардан айырмашылығы сонда, дəстүрлі курстарда жоспар бойынша саны шектеулі мұғалім қатысады, ал, онлайн курстарда көбірек катысуға мүмкіндік мол. Уақытын алып, курс өтіп жатқан жерге барып қатысуға міндетті болмайды, қалаған уақытында жұмыс орнында, үйінде отырып та қатыса алады. Осындай 82 курс ұйымдастырылып, облыс мұғалімдері толық қамтылып, білімдерін толықтырды.

Сұхбаттасқан Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button