Жарнама
Қоғам

ҮМІТТІ ҮКІЛЕГЕН КҮН

Ел үмітін үкілеп, қуаныш сыйлаған жас футболшыларды облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының және «Атырау» футбол клубының президенті Шыңғыс Мұқан, қала әкімі Нұрлыбек Ожаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов құттықтады.

Айта кетсек, 2001 жылы жасақталған командада өнер көрсетіп жүрген жас футболшылардың барлығы да – жергілікті өрендер. Ал, оларды алты жылдай уақыт бойы жаттықтырып келген Тимур Үкібаев та – жергілікті азамат.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап шілдеге дейін өткен додада жерлес жас футболшыларымыз еңбектерін еселеп, күш-қайратты, намыс-жігерді қолға жиып, көш басынан көріне білді. Мұнайлы өлке командасымен қоса он бір өңірдің құрамы да чемпион атағын сарапқа салды. Алайда, біздің жігіттер турнирдің аяқталуына бір тур қалғанда-ақ ұпай санының көптігіне байланысты чемпиондық атаққа ие болды.

Естеріңізге сала кетсек, 18 шілде күні жас «атыраулықтар» алматылық «Қайраттың» қосалқы құрамымен өткен ойында тең түсіп, чемпион атанған еді. Бұл биылғы маусымдағы ең маңызды кездесу болды десек, артық айтқандық емес. Футболшыларды алтын жүлдемен марапаттау шарасы осы кездесудің бейне көрсетілімінен басталды. Алматылықтардың қақпамызға салған екі голына жартылай қорғаушыларымыз Алтынбек Сапаров пен Мейіржан Күпиев жауап қайтарып, ойын 2:2 есебімен аяқталған болатын.

Жас футболшылар биылғы маусымда 22 ойын өткізіп, 15 кездесуде жеңіске жеткен. Төрт рет қарсыласпен тең түссе, тек үш матчта жол берді. Сонымен қатар, 53 рет қарсылас қақпасының саңылауын таба білді. Міне, бұл – үздік командаға лайық көрсеткіштер.

Кеш барысында маусымда команда ойыншыларының салған голдары мен қақпашымыз Азамат Жомартовтың тамаша «сейвтері» де бейнетаспа арқылы көрермен назарына ұсынылды. Айта кетсек, Азамат жиырма ойын өткізіп, оның 13-інде қарсылас ойыншыларды қақпа маңына жуытпай қойды және бір рет 11 метрлік айып добын кері қайтарды. Сонымен қатар, Азамат – биылғы маусымның ойындарында 371 минут бойы бірде-бір гол жібермеген қақпашы.

— Биылғы қосалқы құрам – мұнайлы өлке тарихында клубта болған ең үздік команда. Алматылық «Қайратпен» өткен соңғы ойынды көрдім. Бұл кездесуді тамашалауға, жергілікті командаға жанкүйерлік етуге 1200 адам жиналды. Ал, «Ордабасыны» қабылдаған кездесуде жерлестеріміз шымкенттік команданы 8:0 есебімен ойсырата ұтқан еді. Бұлар да – биылғы маусымдағы ең жоғары көрсеткіштер, — деп облыс әкімінің орынбасары, клуб президенті Шыңғыс Жұмабекұлы жас футболшыларға ақ жол, көп жеңісті күндер тіледі.

Ал, қала әкімі Нұрлыбек Ожаев бұл жетістікті мұнайлы астананың биылғы мерейлі 375 жылдығына жасалған үлкен тарту деп бағалады.

Мәртебелі меймандар жас футболшылар мен бапкерлер құрамын алтын жүлдемен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

2009 жылы «Атырау» футбол клубының негізгі құрамы ел кубогын ұтып алса, осыдан екі жыл бұрын 1999 жылғы жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігінде клуб жанынан құрылған футбол орталығының тәрбиеленушілері чемпион атанған еді. Ал, биыл сол жетістікті қосалқы құрам қайталап отыр. Осы орайда, қарсылас қақпасын он рет бағындырып, «Ең үздік бомбардир» атанған Бахтияр Ғабдоллинді, негізгі құрамда өнер көрсетіп жүрген Қуаныш Қалмұратов пен Алтынбек Сапаровты, Бразилиядағы «Оле Бразил» академиясында оқып келген Әбілмансұр Рашетов пен Айболат Макуовты және тағы басқаларды ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, кеш барысында 2013-2014 жылдарғы ойындарды саралау бойынша «Атырау» футбол клубы облыстағы спорт саласы бойынша бірінші орынды жеңіп алуына орай клуб директоры Асылбек Жүнтербаевқа сертификат табыс етілді.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button