Жарнама
Қоғам

ҮМІТІН ҮЗБЕГЕН АННА

 

Соғыста хабарсыз кеткендердің бірі – Қызылқоға өңірінің Тайсойған құмында кіндік қаны тамған Бақтығалиев Сәду.  Он сегізге жаңа толған жас жігіт 1943 жылдың  оныншы қаңтарында  Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған.

«Сәду – менің анам Иманғазиева Саржанның туған інісі, яғни, менің нағашым. Анамның айтуынша, майданға аттанып бара жатқан ол еңбектеп жүрген мені қолына алып, көтеріп, маңдайымнан иіскеп, басымнан сипап, «ғұмырлы бол» деп тілегін айтып, бауырларымен қоштасып кеткен көрінеді. Содан бері нағашымнан еш дерек болған жоқ. Жақында  балам Сәкеннің интернетті ақтарып отырып, Мәскеу облысының Подольск қаласындағы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан ол кісінің қашан, қай әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылғандығы, 1944 жылдың желтоқсанында майданда хабар-ошарсыз кеткендігі туралы ғана ақпарат алуына мүмкіндігі болыпты», — дейді өзін Сәду Бақтығалиевтің жиенімін деп таныстырған 73 жастағы Сұлтанғалиев Аманкелді есімді ағамыз.  Редакциямызға бас сұғуының себебін де бүгіп қалмады.

«Нағашым Сәду 1943 жылдың жазында соғыс ісін үйреніп болған соң, ауылға жазған хатында: «Кешікпей қанды қырғын соғысқа кіргелі тұрмыз. Командиріміздің айтуынша, жау дес берер емес. Жаумен шайқаста өліспей, беріспейміз ғой. Елге, барша ағайын-туыстарға, бауырларыма менен дұғай сәлем» депті. Бұл оның соңғы хаты екен. Анамнан естігенім бойынша, інісінің осы бір соңғы хаты жаңа ғана тәй-тәй басып жүрген менің қолыма түсіп, жыртылып қалыпты. Ал, мына фотосуреттің сақталғанына да шүкіршілік етеміз. Нағашымның жалғыз суреті  осы. Оның оң жағында тұрған адамның кім екендігі әлі күнге белгісіз. Мүмкін, біздің жерлесіміз шығар, сурет газетте шығып жатса, ағайындары табылып қалар деген үмітпен келіп отырмын» деген Әбекең өзімен бірге алып келген көне суретті бізге ұсынды.

Сәдудің анасы да майданға кеткен баласынан бір қуанышты хабар келер деген үмітпен ғұмыр кешті. Бұған Аманкелді ағаның әкесі Сұлтанғали да  себепкер болған. Өйткені, Сұлтанғали енесіне «Балаңыз Сәду ертең келеді, соғыстан әлі күнге аман оралып жатқандар бар, үмітіңізді үзбеңіз» деп дәмелендіріп отырған көрінеді. Сөйтіп,  ұлының бір хабарын біле алмаған  асыл ана, 1960 жылы бақилыққа аттанған екен…

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретте: сол жақта Сәду Бақтығалиев. 1943 жыл.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button