Атақты Әміре Қашаубаевтың есімі алғаш рет Парижде әлемге танылды. Қазақтың күміс көмей әншісі, музыкант, актер ретінде даңққа бөленген дара тұлғаның өнер жолы бүгінде тың деректермен толығып отыр.
Ruh.kz сайтының хабарлауынша, Әміренің өмірі жайлы бірнеше кітап жазған Жарқын Шәкәрім Мәскеу мұрағатынан тапқан деректермен бөліскен. Қазақтың күміс көмей әншісі 1925 жылы шілдеде Париждегі өткен Бүкіләлемдік сәндік көрмеде өз өнерін көрсетіп, көрермен ықыласына бөленген екен.
«Бірінші жаңалық – Әміре Қашаубаевтың кезінде Париж сахнасында ән шырқаған мекен-жайды табуымыз. Ал, екінші жаңалық – тамаша француз композиторы және музыка сыншысы Пол Ле Флемнің жазған рецензиясын табуымыз. Бұл рецензияда атақты композитор Әміре Қашаубаевтың шығармашылық шеберлігіне өте жоғары баға берілген», – дейді ЮНЕСКО жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Әбдірахманов.
Сонымен қатар, Жарқын Шәкәрімнің кітабында аударылып басылған «Париж апталығының» шілде айындағы соңғы нөмірінде жарияланған мақала да табылып отыр. Онда концертке қатысушылардың суреті де бар. Алайда, Ахмет Жұбановтың еңбегінде келген «Лё мюзикаль» басылымы әлі табыла қойған жоқ.
Айта кетелік, әнші, актер әрі музыкант Әміре Қашаубаев 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» әндері «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жарияланды. Әміренің дарынын кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалаған.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ