КӨП ТІЛ БІЛУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Атырау облысы әкімі аппараты мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін жетілдіруде тіл үйренушілер арасында жағымды психологиялық ортаны қалыптастырып, олардың тілдерді үйренуге деген ынта-ықыласын арттыруда.

Оқытушылардың әдістемелік шеберлігін шыңдап, тілдерді үйретудің озық әдістемесін насихаттап, тілдерді оқыту курстары тұрақты жүргізіліп  отырады. Орталықта оқытушылардың тәжірибе алмасуы мақсатында тілдік курстар, семинар-тренингтер, «дөңгелек үстелдер» және «Ашық есік күндері» үнемі ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап  орталықта мемлекеттік тіл курстары халықаралық тіл білімінің принциптеріне негізделген «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша деңгейлік курс, ал, ағылшын тілін деңгейлеп оқыту курсы «OXFORD» баспасынан шығарылған «New ENGLISH FILE» оқулығын басшылыққа ала отырып жасалған  деңгейлік бағдарламалармен жүргізіліп  келеді.     

Неғұрлым көп тіл білген жан соғұрлым сол халықтың жанын түсінетін болады. Ал, ағылшын тілін білу өмірдің талабынан, қоғамның қажеттілігінен туындайды. Сонымен қатар, ағылшын тілі курсында тыңдаушыларды  ауызекі сөйлеу, сөздерден сөйлем құрау, мәтін  құрастыру, сұрақ-жауап, пікірталас және әртүрлі тақырыптарда диалог құрастырумен түрлендіріп  отырудың маңызы өте зор. Сонда олардың тілге қызығушылығы, ынтасы артатыны белгілі. Тіл тек 4-5 айлық курс барысында ғана емес, әрі қарай керекті жерінде өз қызметіңізде де пайдаланылып, жүзеге асатыны сөзсіз. Курс соңында тіл үйренушілердің алған білімдерін жинақтау мақсатында түрлі танымдық іс-шаралармен ашық сабақтар, шетелдік меймандармен кездесулер ұйымдастырылып, курсты нәтижелі аяқтағаны жөнінде сертификаттар табыс етіледі. Сондай-ақ, тыңдаушыларға әдістемелік оқу құралдары, салалық сөздіктер, мәтіндер мен тілашарлар  сыйға  беріледі.

Орталықта тілдерді қолдану мен дамыту  назардан мүлдем тыс қалған емес. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Сондықтан, «Өз тілің – бірлік үшін,  өзге тілің – тірлік үшін» деген ұстаныммен өз ана тілімізбен қатар, өзге тілдерді де меңгеруіміз керек.

Зоя МӘМЕНОВА,

мемлекеттік қызметшілерді

қайта даярлау,

біліктілігін арттыру  және тілдерді оқыту өңірлік орталығының әдіскері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз