ТЖД ардагерін еске алды (+ФОТО)

img 20220509 wa0147 ФОТОГАЛЕРЕЯ

    Жеңіс күні қарсаңында Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының және осы саланың  ардагері А.И.Погадаевты еске алды.

    – Біз өртке қарсы қызмет ардагерлерінің еңбегін бағалаймыз, олардың мол тәжірибесі мен сүйікті ісіне деген жауапкершілігі жас ұрпаққа үлгі болып қала береді. Барлық ардагерлерімізге алғыс айтқым келеді. Дендеріңізге саулық, қажымас қайрат тілеймін. Біз сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз, – деді шараның ашылу рәсімінде сөйлеген департамент басшысының орынбасары, полковник Асхат Ержанов. Ал, департамент жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы  Сейтжан Дүйсекенов майдангер Александр Ивановичтің өнегеге толы өмір жолынан сыр шертті.   

    1924 жылы 25 желтоқсан айында қарапайым  жұмысшы отбасында дүниеге келген Александр Погодаев Атырау қаласындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте оқып, орта білім алды. Он жеті жасында еңбекке араласты. 1942 жылдың тамызында кәмелекетке толар-толмасында әскер қатарына шақырылды. Уфа қаласындағы кіші командирлер мектебінде оқыды. Сол жерден соғысқа аттанды. Екінші Беларусь майданының құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы кескілескен ұрыстарға қатысты. Орша, Гомель, Витебск қалаларын жаудан азат ету операцияларының ортасында болды. 

    Шешуші шайқастардың бірінде ол ауыр жарақаттанып,  Мәскеу маңындағы госпитальде ұзақ уақыт емделуіне тура келеді.  Табиғатынан алған бетінен қайтпайтын қайсар рухты жауынгер сырқатынан толыққанды айықпағанына қарамастан, қолына қаруын алып, қайтадан майданға түседі. Содан қарулас жолдастарымен, қанды көйлек достарымен бірге Польшаға жетеді. Осы жерде Вистула өзенінен өтіп, қарсыластарына тойтарыс береді. Одан әрі әскери бөлім басшылығының ұйғарымымен Саратов қаласындағы танк училищесіне оқуға  жіберіледі. Осында бір жыл дәріс алып, лейтенант шенінде, взвод командирі лауазымында қайтадан сарбаздар сапына қосылады. Майданда көрсеткен батылдығы мен батырлығы ескерусіз қалмай Александр Иванович «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

    Ол соғыс біткесін бір жылдан соң барып қана әскер қатарынан босатылып, елге оралады. Елге келісімен бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіруге үлесін қосып, түрлі  салада еңбек етті. 1965 жылы Александр Иванович өртке қарсы күрес органдарына қызметке орналасады.1969 жылы Свердлов қаласындағы өрт-техникалық училищесін бітіргеннен кейін басшылық қызметтерді  атқарды. Осы салада жиырма жылдан астам уақыт абыройлы қызмет істеп, ішкі қызмет полковнигі шенінде зейнеткерлікке шықты. 2015 жылдың желтоқсан айында 91 жасында дүниеден өтті.

    Соңынан Александр Ивановичпен үзеңгілес жүріп жұмыс жасаған әріптестері  мен бүгінгі ізбасарлары ардагердің тұрған үйіне орнатылған мемориалдық тақтаға гүл дестелерін қойып, майдангердің ерлік, еңбек жолдарын ойларынан өткеріп, рухына тағзым қылды.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз