Миялыда өрт сөндіру депосы пайдалануға беріледі
Депо ғимаратының құрамына өрт сөндіру техникасының үй-жайы, байланыс пункті, өртке қарсы жабдықтар мен құралдар қоймалары, оқу мұнарасы, кептіру мұнарасы, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар кіреді. Нысанның жалпы ауданы – 1307 шаршы метр. Бұл туралы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі автомобильге арналған өрт сөндіру депосының құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші «Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы» ММ, Бас мердігер «Сұнқар Құрылыс ЛТД» ЖШС.
-Ғимараттың жертөлесінде қойма және техникалық үй-жайлар орналасқан. Өрт депосының үй-жайлары кезекші ауысымның жеке құрамының дабыл бойынша кедергісіз қозғалысын ойластырып, жоспарланып салынуда. Өрт сөндіру бөлімшелерін шығуға жинаудың жеделдігі үшін байланыс пункті, кезекші ауысым кабинеті бірінші қабатта, автомобильдерге арналған тұрақтың жанында орналасады. Сол қабатта киімді тазалауға, жууға және кептіруге арналған, қызмет көрсетуге арналған үй-жайлар, шеберхана, сондай-ақ негізгі вестибюль орналасқан. Ал екінші қабатта әкімшілік, қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар, кезекші ауысымдардың демалыс орны қарастырылады. Бүгінгі таңда сыртқы қасбет жұмыстары және ішкі жылу жүйелері бойынша жұмыстар жасалуда. Жалпы алғанда құрылыс жұмыстары 65 пайызға орындалып отыр, — деді Н.Құсайынов.
Сондай-ақ оның айтуынша, екі автокөлікке арналған үй-жай мен тұрақ та қарастырылған. Ал аталған нысан осы жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.