Жарнама
Қоғам

Миграция меридиандары

Әлем бойынша миграция мәселесі ұшынып-ақ тұр. Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның келтірген дерегіне сенсек, 2050 жылдарға қарай гастарбайтерлер саны 405 миллионға дейін ұлғаймақ. Соның ішінде еңбек көші-қоны қаулап өсіп барады. Тағы бір ресми дерекке сүйенсек, Еуродақ аумағында 30 миллион мигрант бар екен. Бұл – еріксіз ойландыратын цифрлар.

27 қыркүйек, 2017 жыл

  1. Гастарбайтерлер «гастролінде» не гәп бар?

Көрші Ресейде де ахуал мәз емес. «700 мың адам ғана тіркелген, ал 10-15 миллион шетелдік тіркеусіз жүр» деген нақты дерек бар. Содан да болар, Ресей еңбек мигранттарына қатысты заңды күшейтті. Яғни, бұл елге келетін шетелдік жұмысшылар арнайы емтихан тапсырады. Қысқасы, уақытша тұру және жұмыс істеу үшін орыс тілінен, Ресей тарихынан және құқықтанудан ауызша және жазбаша сынақтан өтеді. Демек, орыс тілін шекілдеуікше шақпасаң да, жөн сұрайтын халде болуың керек. Бұдан кейін Ресей заңын білуге тиіссің. Егер білмесең, аттап баспайсың. Өйткені, саған ешкім жұмыс бермейді. Егер емтиханды дұрыс тапсыра алсаң, жаңа заң бойынша сертификат аласың. Ол 5 жылға жарамды. Осы заңның әсері ме, әлде санкцияның құрсауында қалған Ресейдегі жағдайдан ба, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген гастарбайтерлер ағылып елдеріне қайта бастады. Алайда, бұл үрдіс ұзаққа созылмасы хақ. Себебі, бұл елдерде жұмыс күшіне сұраныс аз. Экономикасы әлсіз, әлеуметтік жағдай қиын. Демек, Ресейден кері қайтқандар елінде ұзақ жата алмасы белгілі. Осыдан келіп гастарбайтерлер ендігі кезде экономикасы қарышты дамып, жұмыс орындары көптеп ашылып жатқан Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін.

Онсыз да көрші республикалардан келіп, елімізде жалданып жұмыс жасап жүргендер жеткілікті. «Ресми деректі қайдам, бейресми деректерге қарағанда, біздің елдегі еңбек нарығында 500-600 мыңдай гастарбайтер жұмыс істейді. Ал, ресми деректер елде шамамен тура сонша қазақ азаматы жұмыссыз жүр деген ақпарат береді. «Сырттан келетін жұмысшыларға жалтақтай бергенше, өз кадрларымызды дайындау жеңіл емес пе?» деген сауал туындайды» дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Турасын айту керек, сырттан уақытша келіп жұмыс істейтіндер еш елге опа бермейді. Біріншіден, қазіргідей лаңкестік оқиғалар асқынып тұрған кезде тіпті қиын. Қарапайым жұмыс адамының атын жамылып, елімізге пиғылы бөтен жандар да еніп кетуі мүмкін. Екіншіден, бізге де Ресейдегідей,мемлекеттік тілді білетін, тарихымыздан, жергілікті заңдылықтарымыздан хабары бар адамдарды ғана елге кіргізгеніміз жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Еңбек миграциясы жөніндегі заң актілеріне өзгертулер, қосымша тармақтар енгізу қажет.

– Сырттан келетін жұмыс күшіне түрлі талаптар қою – дүние жүзінде бар тәжірибе. Одан қорқудың жөні жоқ. Соны іске асырсақ болғаны. Рас, еңбек мигранттарының атын жамылып келіп, елімізде түрлі қылмыс жасап, діннің қатерлі ағымдарын насихаттап жүргендер жоқ емес. Сондықтан, оларға арналған заң баптарын күшейткен дұрыс, — дейді саясаткер Дос Көшім.

Қазақстанға келіп жатқан мигранттардың басым көпшілігі – бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттерден. Міне, сондықтан, «ұқсас діл (менталитет) мен мәдениет олардың тез уақыт ішінде ассимиляцияланып, тіпті азаматтық алуларына да жеңілдіктер беріледі» деген де ойлар қылаң береді.  Алайда, бұл пікірлерде ешқандай негіз жоқ. Осы ойымызды тарқатып көрейік:

Елімізге астыртын және заңды түрде келіп жатқан мигранттардың белгілі кәсіби білімі де, тіпті орта білімі жоқ десек, қателеспейміз. Оның үстіне, олардың біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді білмегендіктен, халықпен сіңісіп кетуіне сенім аз. Бұдан мигранттардың ұлттық қауіпсіздікке ғана емес, демографиялық жағдайымызға да қауіп төндіретінін байқаймыз. Айталық, Батыс Еуропада Азия мен Африкадан келгендер, Еуропада туып-өскендеріне дейін өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтайды екен. Олар Батыс Еуропада антагонизм жағдайында өмір сүруде. Тағы айта кететіні, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдай Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Демек, келетін басқа ұлттар мен ұлыстар толқынына тосқауыл қою керек.

27 қыркүйек, 2017 жыл2

Жалпы, зерделеп қарасақ, гастарбайтерлердің еліміз үшін пайдасынан зияны көп. Біріншіден, мигранттардың қазақ жерінде жүруі экономикамыздың қалыпты жағдайда дамып, өсуіне кедергі келтіреді. Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Павел Шлиппек қазақ елiнде заңсыз түрде қаражат табуға ұмтылған Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде 3 топқа бөлуге болатынын айтады: бiрiншiсi – күнде таңертең темiр жол, автомашина немесе басқа да көлік түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйлерiне қайта оралатындар. Екiншiсi – малшы, құрылысшы, егiншілікпен айналысатын маусымдық жұмысшылар. Үшiншiсi – ұзақ уақыттан берi Қазақстан аумағын мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатын шетел азаматтары. Қара күшiн жалға беретiн алғашқы екi топтағылар жұмыс берушiге тәуелдi болса, үшiншi топ – қазақстандық кәсiпкерлердiң басты бәсекелестері.

Екіншіден, елге келген еңбек мигранттары өзінің тілін, салт-дәстүрін, тілін, ділін де бірге алып келетіні алаңдатады. Расында қазекем қазақ тілінде сөйлеуді талап етудің орнына өзі шүйіркелесіп, өзбек болса өзбекше, қырғыз болса қырғызша сөйлеседі. Міне, осыдан-ақ тілдік талап жоқ екенін түсінген гастарбайтерлер қазақ жерінде емін-еркін нәпақасын тауып жүре беруді дағдыға айналдырған. Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін, сыртқы күштер әсеріне төтеп бере алу үшін де өз мүддемізді берік ұстануымыз керек.

Үшіншіден, гастарбайтерлердің жартысына жуығы құрылыс саласындағы жұмыстарды атқарады. Қалғандары қызмет көрсету саласы мен ауыл шаруашылығы саласының барлық тармағында күн көріп жүр. Кәсіби біліктілігі аса жоғары болмағанымен, орта деңгейдегі арзан жұмысшылардың өзі Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларындағы құрылыс пен қызмет көрсету саласында қызмет етеді. Міне, мұндай арзан жұмыс қолы әуелі жұмыс беруші бизнес-құрылымдарға, құрылыс компанияларға тиімді. Алайда, салынатын ғимарат кәсіби деңгейде орындалмайды, сапа да төмендейді. Құрылыс компанияларының көпшілігі бұны маңызды деп санамайтыны өкінішті.

Төртіншіден, гастарбайтерлер «екі қолға – бір күрек» таппай жүрген, жұмыс іздеген жігіттерімізбен бәсекеге түседі. Өйткені, шеттен келген жұмысшылар демпинг (арзан жұмыс қолы) күшінің арқасында жұмысты тезірек табады. Бұл өз кезегінде, өз халқымыздың ішіндегі жұмыссыздықтың азаймауына әкеліп соғады.

Бесіншіден, еңбек көші-қон заңдарына жаңа өзгерістер енгізіліп, еңбек мигранттары салық төлесе де, олардың тапқан табысы Қазақстанда жұмсалмайтынын ескерген жөн. Бұл өз кезегінде ішкі тұтынушылық сұранымға ешқандай айтарлықтай септігін тигізбейді. Мысалы, бір Ресейдің өзінде бір жыл ішінде 20,9 млрд. доллар сыртқа кеткен екен. Еліміз бойынша мұндай нақты мәлімет қолға түспегенімен, біздегі гастарбайтерлердің де қыруар қаржыны сыртқа әкетіп жатқаны ақиқат.

Алтыншыдан, сырттан келген мигранттар есебінен қылмыс саны да  өсуде. Өйткені, гастарбайтерлер елімізде айлап, тіпті, жылдап та өмір сүріп, күнін көріп жатқанын көзіміз көріп отыр. Біреулері жалдамалы жұмысшылар болса, тағы біреулері – өз саудасын алға тартқандар, енді біреулері —  қылмыстық топтарға қатысы барлар. Яғни, барлығында да қаражат көзі бар. Сондықтан да, заңсыз мигранттар үшін қатаң жазалау тәртібін қолданған дұрыс. Өз бетінше жан бағып жүрген гастарбайтерлерді де, оларды жалдаған жұмыс берушілерді де назардан тыс қалдырмау керек. Ал, заңды түрде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерді мүмкіндігінше азайтқан абзал. Еліміздің экономикасын көтеретін де, әлеуетін өсіретін де өзіміздің азаматтар болуы тиіс. Ендеше, өз жұмыссыздарымызды жақсы жалақы төлеу арқылы еңбекке тартуды ойластырған жөн. Міне, сөйтсек қана бірте-бірте еліміздегі мигранттар саны азайып, олардың біздің елдегі қажеттілігі жойылатыны сөзсіз.

Исатай Құндызбайұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button