Жарнама
Қоғам

«Мейірім» дүкені жағдайы төмен адамға тегін киім береді

Ауданымызда бұрын-соңды болмаған ерекше бутик ашылды. Аты да ерекше. «Мейірім»! Ерекше сауда орнының тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде өтті. Дүкенді ашудағы мақсат- жағдайы төмен адамдарды тегін киім-кешекпен қамтамасыз ету. Ауданда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көп. Ал сол жандарға қамқорлық танытып, көмек қолын созамын деп жаны ашитын адамдар да аз емес. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидолла көптен бері іштей жоспарлап жүрген қайырымдылық дүкенін ашуды қолға алады.

Мейірім дүкені жағдайы төмен адамға тегін киім береді -1

 —Бұл идея ойымда көптен жүрген. Ақыры ойымдағы жоспарымды жүзеге асырудың сәті ойда-жоқта түсті. Аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Қондыбаевқа ұсынысымды айтқан едім, ол кісі бірден қолдай кетті. Ал «Беркад» сауда үйінің директоры Тимур Қадыров базардан бір бутикті тегін берді. Бутиктің ішіндегі жиһаздарды Берекет Мұқашев деген кәсіпкер азамат жасап берді, — дейді С.Қамидолла.

Бұл дүкеннің жұмысын жандандыру үшін ерікті жастар жұмылып отыр. Маусымдық киім-кешектерді тұрғындардан қабылдап, оларды жинақтап, үлестіріп отыруға жап-жас қыздар кіріскен. Енді әрбір жылыойлық жаңа немесе өзінің киген киім-кешегін сол бутикке тапсыра алады. Ол үшін киім таза болуы керек. Сөйтіп, әрбір адам өзінің киіміне «екінші өмір сыйлап» қана қоймай, өзге адамдарға сауап жасайтынын да ұмытпағаны жөн.

-Қазіргі таңда дүкен жаздық киімдерді қабылдауға кірісті. Тұрмыс жағдайы төмен әрбір адам кез келген уақытта сол «Мейірім» бутигіне келіп тіркеліп, ұнатқан киімін тегін ала алады,-дейді С.Қамидолла.

Ия, дүкеннің аты — «Мейірім». Аты затына сай бутиктен, шынында да, мейірім шуағы есіп тұрғандай.

                                                                                      Перизат ҚИЗАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button