«МЕРЕЙЛІ МЕКЕН» – АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ АЙНАСЫ
— «Мерейлі мекен» атты бұл журнал өлкеміздің тарихы мен болашағын, жетістіктерін оқырмандарға жеткізуде алтын көпір болатынына сенімдіміз. Журналдың бас редакторы ретінде басылымның тақырыптары мен қозғайтын келелі мәселелері туралы айтып өтсеңіз?
– «Мерейлі мекен» журналы тоқсанына бір рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Оның қозғайтын тақырыптары мен көтеретін мәселелері сан алуан.
Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасына сәйкес, Тәуелсіз Қазақ Елі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан орын алу мақсатын көздейді. «Мәңгілік Ел» идеясын басты темірқазығы етіп алған журнал Нұрсұлтан Назарбаевтың жылма-жылғы Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асып, елдің бірлігін, халықтар достығын, дінаралық қатынасты, индустриалды-инновациялық даму жобалары арқылы іске қосылған жаңа технологиялармен жарақтанған мұнай-газ өндірістері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ұқсату мәселелерін негізгі тақырыптарына айналдырмақшы.
Еліміздің батыс өңіріне таратылатын басылымда әлеуметтік мәселелер, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасылар жайы, ауыл мәдениетін көтеру, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты мен тарихи-танымдық және тағылымдық мақалалар мен тәлім-тәрбие мәселелеріне қатысты оқырман ойларына да кең орын берілетін болады.
Журнал әдебиет пен өнерді насихаттауды да назардан түсірмей, өнер қонған өлкенің талант иелерін оқырманға кеңірек таныстыру да біздің басты міндеттеріміздің бірі болмақ.
— Биылғы жылдың маңызы зор. Күллі қазақ елі тұтастығымызды танытатын үлкен даталы күндерді, атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығын атап өтеміз. Ұлы даланың ұланғайыр кеңдігі мен жомарттығының дәлелі болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуы да ерекше оқиға. Осы тақырыптарға журналдан орын беретін шығарсыздар?
– «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы талай тар заманды басынан өткерді. Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманымыз — ата-бабаларымыз сан ғасыр армандап өткен өмір. Сондықтан, мәңгілік елдің мұратының биіктігін айту – біздің парызымыз.
Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар қаншама?! Олардың да есімін ұлықтап, ұрпақ жадынан өшірмеуге тиістіміз. Осы орайда қан майданда жат жердің топырағын құшып қалған қандастарымыз туралы да мақалаларға орын берілмек.
Бастауын сонау ескі заманнан алатын қазақ хандығының шежіресі-бөлек мәселе. Жәнібек пен Керей іргесін қалаған Қазақ хандығы, оның беріктігін нығайтуға өмірлерін сарп еткен хандар мен билерді дәріптеуге ден қоюымыз орынды. Өткенсіз бүгін жоқ. Міне, сондықтан да осы жағына назар аударылмақ.
— Елбасының «Нұрлы Жол» жолдауының мәні мен маңызын халыққа жеткізуде БАҚ өкілдері үлкен рөл атқаратыны кәміл. «Мерейлі мекен» бұған қалай қарайды?
— «Мерейлі мекеннің» алдына қойған ең басты мақсаты – Елбасы саясатын насихаттау. Алыс жатқан ауыл адамдары ауыл шаруашылығындағы бетбұрыстар мен өзекті жәйттерді біле бермейді. Сондықтан да, нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, олардың сапасына мән беру, озық технологияны ауыл шаруашылығында қолдану туралы да мәселе көтермекпіз. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жергілікті жерде жүзеге асырудың қыр-сырына үңілген жөн. «Қазақстан–2050» стратегиясын дәйектілікпен орындау негізінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетінің жетістіктерін, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында өңірде өтіп жатырған мәдени шаралар мен мәдениетке еңбегі сіңген тұлғалар туралы да қалам тербейтініміз айқын.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.