“Менде Президентке тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар”
TENGRINEWS.KZ ТІЛШІСІ БОТАГӨЗ АЙТЖАНОВА ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ БЕРІК УӘЛИМЕН КЕЗДЕСІП, ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН БІЛДІ.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ PFIZER ВАКЦИНАСЫН ЖЕТКІЗУ, АНТИВАКСЕРЛЕР, КАБУЛДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДИПЛОМАТТАРДЫ НЕЛІКТЕН СОНДА ҚАЛДЫРУ ҰЙҒАРЫЛҒАНЫН, ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН МӘСКЕУДЕ НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСКЕНІ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ TWITTER-ПАРАҚШАСЫН КІМ ЖҮРГІЗЕТІНІ ТУРАЛЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ.
– Берік Уәлиұлы, Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне қалай келдіңіз?
– 2019 жылғы наурызда Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалар болғанын білесіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, лауазы- мын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру ту- ралы шешімін жариялады. Бұл жайтты естігенде өз басым абдырап қалдым.
Мен ол кезде Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысымын. Дəл сол күні елордада іссапармен жүрген едім. 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының алдында ант қабылдады. Оны тікелей эфирден көрдік. Сол күні іле-шала маған Президент Əкімшілігінен хабарласып, Ақордаға мүмкіндігінше тезірек келуімді сұрады. Дəл сол сəтте Сарайшық көшесінің бойымен Президент резиденциясының жанындағы көпірден өтіп бара жатқан едім. Бұл уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада басқа мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, Премьер- Министр, Сенат пен Мəжіліс төрағаларын, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын қабылдап жатыр екен. Президент Əкімшілігінің сол кездегі басшысы Əсет Исекешев бүгін Мемлекет басшысы мені қабылдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлымен қысқа ғана сөйлестік. Бірден алғашқы тапсырмалар берілді деуге де болады.
Мемлекет басшысы бірден Түркістан қаласына алғашқы жұмыс сапарына дайындалу керек екенін айтып, қызметіме табыс тіледі.
– Президенттің Баспасөз хатшысының міндеттері қандай?
– Менің негізгі міндетім – Мемлекет басшысының қызметін жəне оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету. Баспасөз қызметі Президенттің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жəне əлеуметтік желілерде жария- лап көрсету жөнінде ауқымды жұмыс жүргізеді. Президенттің қазіргі жəне алдағы қызметтеріне қатысты, оның ішінде Мемлекет басшысының ішкі жəне сыртқы саясаттағы ұстанымдарын айқындайтын материалдарды əзірлейміз. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, əлеуметтік желілердегі маңызды əрі резонанс тудырған жазбаларға мониторинг жасаймыз.
– Жұмыс барысында Қасым- Жомарт Тоқаевтың сізді сынаған кезі болды ма?
– Иə, жұмыс барысында əртүрлі кемшіліктерге байланысты Президенттің баспасөз хатшысы ретінде маған жəне жалпы Баспасөз қызметінің жұмысына көңілі толмай, бірнеше рет телефон шалған кезі болды. Бірақ, Мемлекет бас- шысы істің анық-қанығын түсіндіруге əрдайым мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Менде Қасым-Жомарт Кемелұлына тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар жəне ол кісі əрқашан да менің қоңырауыма жауап қатады.
– Яғни, сіз Президентпен жиі байланыс жасай аласыз ғой?
– Əрине. Ондай мүмкіндік бар. Бұл жөнінде бұрын да айтқанмын. Тəуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, Президент менің барлық ой-пікіріме жа- уап қатады.
– Президент сізге тапсырмаларды қалай береді?
– Мемлекет басшысы ауызша да, жаз- баша да тікелей тапсырма береді. Көбіне смартфон арқылы тапсырма аламын.
– Президенттің Twitter әлеуметтік желісін кім жүргізеді? Әсіресе хабарламалар кейде түнгі уақыттарда шығады…
– Мемлекет басшысы тəуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, Twitter желісін өзі жүргізеді. Соңғы кездері Президенттің аталған аккаунттағы белсенділігі біршама бəсеңдегенін байқаған боларсыздар деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, оның жұмыс кестесінің өте тығыздығына, жұмысбастылығына байланысты.
Əрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы Twitter əлеуметтік желісіне қатысты жұмыстарды баспасөз қызметіне тапсыруына да болар еді. Бірақ Мемлекет басшысы жеке аккаунтын толықтай өзі жүргізуді жөн санайды.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде бірінші сұхбатын ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берді…
– Менің білуімше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы болғанға дейін де Алексей Пивоваровты жақсы танитын. Мүмкін, Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің Президенті болып сайланғаннан кейін шетелдік ақпарат құралдары өкілдеріне арналған алғашқы сұхбатын беру жөнінде өзара қандай да бір келісім болған шығар. Меніңше, сұхбаттың мазмұны Мемлекет басшысының көңілінен шықпаған. Сондықтан сұхбат жазылған таспа тек бірнеше айдан кейін ғана жарияланды.
– Instagram желісінде Президенттің аккаунты жиі тэгтеледі. Оны кім қадағалайды?
– Іс жүзінде Президенттің Баспасөз қызметінің барлық қызметкері əлеуметтік желілерді қадағалап отырады. Əлеуметтік желілер мен БАҚ-қа мониторинг жүргізу міндеті жүктелген қызметкерлеріміз бар. Егер өзекті мəселелер, түйткілді проблемалар, биліктің іс-əрекетіне айтылған сындар, жақсы аналитикалық мақалалар, сондай-ақ нақты ұсыныстар болса, олардың бəрін жинақталған топтамаға қосып, басшылыққа жолдаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы материалдардың бəрін оқитынын, кей жерлеріне белгі қоятынын, көбінесе ведомство басшылары мен əкімдерге тиісті тапсырма беретінін нақты айта аламын. Мəселен, Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушы азаматтарға арналған үйлердің сапасыз салынуына, сондай-ақ жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің экологиялық жағдайына назар аудар- ды. Мұндай мысалдар көп. Президент елімізде жəне əлемде болып жатқан оқиғаларды ешқашан назардан тыс қалдырмайды.
Президенттің Instagram əлеуметтік парақшасына 2 миллионға жуық аза- мат тіркелген жəне олардың бəрі нақты адамдар. Олар Президенттің аккаун- тын үнемі тэгтеп-белгілеп отырады, біреулер шағымданса, енді біреулері жеке мəселесін айтып жатады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын жаудыратындар да өте көп.
– Президент үшін жинақталатын топтама туралы айтып қалдыңыз. Жаңалықтар топтамасын кім дайындайды?
– Мемлекет басшысы Қазақстандағы жəне шетелдегі оқиғалар жөніндегі мəліметтерді əртүрлі қызмет салалары арқылы, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінен күн сайын алып отырады. Сонымен қатар, Президенттің өзі де мерзімді басылым болсын, интернет материалдары болсын көп оқиды. Ол кісіні əлемде болып жатқан оқиғалардан үнемі хабардар деп айтуға болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын мағлұматы мол, көп оқитын Мемлекет басшысы десек, артық айтқандық емес. Ол ой-өрісі өте кең тұлға.
– Бастапқы кезде әлеуметтік желілерде Президенттің барлық суреті Photoshop арқылы өңделеді деген сияқты Баспасөз қызметіне сын айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайттан хабардар ма?
– Əрине, Президент оқырман ретінде өз қызметінің əлеуметтік желілерде талқыланатынын біледі… Бірақ Мемлекет басшысы мұндай нəрселерге көп көңіл бөлмейді.
Ал Photoshop мəселесіне келер болсақ, оны пайдаланған күннің өзінде барынша аз қолданылады.
– Президентпен бірге болған қай сапар ерекше есте қалды?
– Жұмыс сапарлары болсын, шетелдік сапарлар болсын — бəрі есте қалады. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай, ерекше есте қалатын сапарлар да болады. Əрине, менің Президентпен бірге шыққан алғашқы сапарым – рухани астанамыз, еліміздің тарихи орталығы Түркістан қаласы. Маңғыстау облысына, Ұлытауға, Жидебайға жасаған сапарларымыз ұмытылмайды. Бəлкім, ол жерлердегі киелі орындардың тылсым аурасы əсер еткен шығар. Осы ретте, Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысу үшін барған сапа- рын ерекше атап өткім келеді. Сонда басқа шет мемлекеттер басшыларының Қасым-Жомарт Кемелұлына деген құрметі анық байқалды. Сессиялар арасындағы үзілістерде БҰҰ-ның кейбір қызметкерлері Президентке сəлем беріп, ілтипаттарын білдірді. Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі халықаралық кон- ференцияда да осындай бір шынайы ықылас көрініп тұрды.
Сонымен қатар Арыс қаласына барған шұғыл сапарды ерекше атап өткім келеді. Президент жарылыстар туралы білген бойда бірден: «оқиға орнына баруға дайындалыңдар», — деді. Арыста жарық, байланыс болған жоқ, снарядтар жарылысы əлі де тоқтамаған. Соған қарамастан Мемлекет басшысы оқ өткізбейтін кеудеше киюден үзілді-кесілді бас тартты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарылыс аумағынан шығарылған тұрғындармен кездескен сəтін смартфонға түсірдім де, ұялы байланыс болған кезде бірден желіге жүктедім.
Президенттің жұмыс кестесіндегі бір күн, яғни 2019 жылғы 16 мамыр ерекше есте қалды. Сол күні Мемлекет басшысының қатысуымен бірнеше кез- десу болды. Көпшілік Президенттің бес бірдей тілді: қазақ, орыс, қытай, ағылшын жəне француз тілдерін меңгергенін біледі. Əйтсе де, олар Қасым-Жомарт Кемелұлының бір күнде бес тілде сөйлегенін көрген жоқ. Президенттің бұл қасиеті мені қатты таңғалдырды.
– Президент Жамбыл облысында болған жарылысты қалай қабылдады?
– Мемлекет басшысы мейлінше сабырлы, салқынқандылықпен қабылдады деп айтуға болады. Дегенмен, Президент бұл оқиғаның көңіліне қаяу түсірген, жағымсыз жаңалық болғанын жасырған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық салалық ведомство басшыларының қатысуымен бірден шұғыл кеңес өткізді. Онда аталған оқиғаның салдарын жою жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
– Жарылыстан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен босату жөнінде өтініш берді….
– Иə, Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің қызметінен босату жөніндегі өтінішін ешқандай эмоциясыз, жұмыс бабындағы мəселе ретінде қабылдады. Өзара жабық əңгіме болды. Содан кейін Нұрлан Ермекбаевтың Қорғаныс министрі қызметінен босатылғаны туралы Жарлық баспасөзде жарияланды.
– Ауғанстандағы қалыптасқан ахуалға байланысты көптеген шет мемлекеттің өкілдіктері дипломаттарын алып кетті. Ал, Қазақстан дипломаттары өз орнында қалды. Неге?
– Кəсіби дипломат ретінде Қасым- Жомарт Кемелұлы Ауғанстанның қазіргі əкімшілігі билік басына ұзақ уақытқа келгенін түсінді. Бұған АҚШ бастаған халықаралық коалицияның əскери күштерінің Ауғанстаннан күтпеген жер- ден кетуі түрткі болды. Сондықтан осы елдің жаңа əкімшілігімен арадағы байла- ныстарды, ең алдымен, қауіпсіздік жəне гуманитарлық көмек алмасу мəселелері жөніндегі қарым-қатынастарды сақтау мақсатымен Кабулдағы елшіміз бастаған қазақстандық дипломаттар- ды шағын құрамда қалдыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Ауғанстан билігімен арадағы байла- ныстар мейлінше орнықты. Жақында Президенттің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысының арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Кабул қаласында болып, Қазақстанның осы елге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі шешімін Ауғанстан басшылығына жеткізді.
– Тамыздың аяғында Қасым- Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен Мәскеуде кездесті. Президенттер бұл кездесуде не туралы әңгімелесті?
– Мемлекет басшысы Мəскеуге Ресей Президентінің шақыруымен барғанын айта кеткен жөн. Олар Кремльде екі сағаттан астам уақыт бетпе-бет келіссөз жүргізді. Бұл келіссөзде айтылған мəселе, негізінен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық болады деген уағдаластық бар болатын. Дегенмен, екі ел басшыларының Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа, сондай-ақ қазіргі гео- саяси жағдайға қатысты пікірлері бір жерден шыққаны түсінікті. Президенттердің ұзақ уақыт əңгімелесуін өзара жақсы қарым-қатынастың айғағы деуге болады. Президент бізге келіссөздің мазмұны барынша бай болғанын жəне ашық əңгіме түрінде өткенін айтты. Менің білуімше, Владимир Путин Қасым- Жомарт Кемелұлының еңбек жолына шынайы құрметпен қарайды жəне Қазақстан Президентінің парасат-пайымы мен жан-жақты терең білімі жөнінде жиі айтады.
– Президент Pfizer вакцинасының белгіленген мерзімде жеткізілмегені жөнінде айтты. Компания бұл вакцинаны елімізге жеткізу үшін қандай шарт қойды?
– Қазақстан халықаралық рейтингтегі орны жоғары болуына байланысты Covax бағдарламасына кірмейді. Сондықтан елімізге Pfizer вакцинасын жеткізу жөніндегі коммерциялық келіссөздер ұзақ уақыт бойы жүргізілді. Басқаша айтқанда, Қазақстан гуманитарлық көмек ала алмайды. Шын мəнінде, Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөздерге көңілі толмайтынын айтты. Қазір барлық мəселе шешілді. Pfizer компаниясының ұстанымы өте қатаң жəне бірқатар шарт қойды. Олардың барлық талабы еліміздің мүддесіне сай орындалды. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.
– Президенттің антиваксерлерге деген көзқарасы қандай?
– Президент бір сөзінде оларды «қыңыр» деген. Бұл – орынды сын. Антиваксерлер сыңаржақ пікір ұстанып қана қоймай, екпе алуға қарсы белсенді үгіт-насихат жүргізеді. Бұл көптеген азаматымыздың денсаулығына қауіп төндіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауруды еңсерудің жалғыз жолы екпе алу екенін бірнеше рет айтты. Бұл – тек Мемлекет басшысының ғана емес, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен барша білікті сарапшылардың ұстанымы.
– Президент мемлекеттік телеарна журналисіне қатысты Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігінде болған оқиғадан хабардар ма?
– Президент аталған оқиғаның мəн- жайын өте жақсы біледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жағдайға қатысты пікірін де білдірген. Журналистердің мүдделері мен құқықтары бұзылмауы керек. Бұл – Президенттің ұстанымы. Сонымен қатар Мемлекет басшысының пікірінше, БАҚ өкілдері де белгілі бір əдеп нормаларын бұзбай, карантин шараларын сақтауға тиіс, сондай-ақ олар қоғамдық орындарда артық эмоцияға бой алдырмағаны жөн.
– Енді өзіңізге оралайық. Президенттің баспасөз хатшысының жұмыс күні қай уақытта аяқталады?
– Бізде ондай түсінік жоқ. Тəулігіне 24 сағат сақадай сай болуың керек. Сондықтан ұялы телефоным ешқашан қолымнан түспейді. Президенттен келетін хабарламалардың арнайы дыбыстық белгісі бар. Президент тапсырмалары кез-келген уақытта, тіпті түн жарымында келіп жатады. Жаңа технологиялардың дамуы, оның үстіне пандемия жағдайы қашықтан жұмыс істеуге əбден шыңдады. Кейде Мемлекет басшысының қызметіне қатысты ақпараттық хабарламаны кешке, тіпті түннің бір уағында жариялауға тура келеді. Мəселен, шетелдік іссапарларда уақыт айырмашылығы қатты байқалады. Дегенмен, akorda.kz сайтымыз бен əлеуметтік желілер арқылы ақпаратты дер кезінде таратып отырамыз. Осы рет- те, БАҚ-пен өзара іс-қимыл барысында əлеуметтік желілер тиімді пайдаланылады.
– Жеке өміріңізге уақыт қала ма?
– Əрине уақыт болады. Бірақ өте аз. Мемлекеттік қызметтен басқа қоғамдық қызмет те бар. Ұлттық спорт түрлерін, əсіресе, құсбегілік өнерді қайта өркендетуге атсалысып жүрмін. Футболды жақсы көремін, сондай- ақ футбол жанкүйерлері лигасының құрметті президентімін. Футбол жанкүйерлері мен журналистер арасында турнир ұйымдастыруға атсалысып, БАҚ-лигасына қолғабыс жасаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауға өз үлесімді қосамын. Демалыс күндері мүмкіндік болса атпен серуендеймін. Мемлекет басшысы баспасөз хатшысының немесе Президент Əкімшілігіндегі басқа да қызметкерлердің жеке өмірін қадағаламайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы аппарат қызметкерлерінің жеке өміріне қатысты əлеуметтік-тұрмыстық мəселелерді шешуге көмектеседі. Одан басқа іске қатысы жоқ.
– Еңбек демалысына шықтыңыз ба?
– Əдетте, біздің еңбек демалысымыз Президенттің жұмыс кестесіне байланысты. Ол кісі еңбек демалысына шыққан кезде, біз де демаламыз. Биыл жазда Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысында 5 күн демалды. Дəл сол кезде еңбек демалысына шықтым.
– Президенттің кітаптарын оқыдыңыз ба?
– Мен Мемлекет басшысының барлық кітабын оқып шықтым. Кейбір кітаптарды Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті болмай тұрған кезде оның өз қолынан сыйлық ретінде алу бақыты бұйырды.
– Былтыр маусым айында коронавируспен ауырдыңыз. Дертті қалай еңсердіңіз?
– Былтыр коронавируспен қатты ауырып, жан сақтау бөлімшесінде бірнеше күн жаттым. Жазылып шыққаннан кейін, мүмкіндік болысымен, екпе алдым. Өзімізде, Қарағанды облысында жасалған Спутник V вакцинасын сал- дырттым.
– Tengrinews.kz ақпараттық агенттігінің жұмысын қадағалайсыз ба?
– Жаңалықтарыңызды күнделікті оқып отырамын. Сонымен қатар көп адам маңызды материалдарыңыздың сілтемелерін маған жолдап отырады. Порталдарыңыз ұнайды. Басқа оқырмандар да менің осы пікірімді құптайды деген ойдамын. Сіздерге та- быс тілеймін!
Tengrinews.kz