ӘР ХАТТА – АДАМ ТАҒДЫРЫ

Редакция поштасына түсіп жатқан әрқайсысының астарында айтары бар хаттардың легі көп. Кейде олардың барлығын бірдей газет бетіне жариялауға мүмкіндік бола бермейді. Сол себепті бүгін бірқатар хаттарға шолу жасап отырмыз.
Мұсылмандардың мейрамы, Ораза айттан жетпіс күннен кейін үш күнге созылатын Құрбан айт мейрамы басталады. Бұл күнде мұсылман атаулы Алла тағаланың ризалығына ие болу үшін құрбан шалып, ниет етеді. Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкері Самал Молдашева Айт қарсаңында жазған хатында құрбандық шалудың мұсылмандық парызымыз екенін айтады.

Қамқорлық айы аясында қазыналы қарттарымыз назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жергілікті билік өкілдері жыл сайын ардагерлерге көңіл бөліп, қаржылай көмек көрсетуде. Осы орайда келесі хаттың авторы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы О.Құмарғалиев «Ардагерлер қашанда үлкен құрметке лайық. Себебі олар зейнет жасына шықса да, жастар тәрбиесіне баса көңіл бөліп, патриотизм рухын қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, ел тарихын, жер-су атауларын зерттеуге көңіл бөлуде» деп, ауданда қарияларға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіріпті.
Жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайының ғылыми қызметкері Әйгерім Ағыраева дін қызметкерлерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, жастарға біршама түсінік берілгенін жеткізіпті.
Келесі хаттың авторы Махамбет ауданы, Алмалы селосының тұрғыны Сатыбай Ысқақұлы республикалық басылымдардың бірінде жарияланған Теңізбай (Мерген) Бабасұлы туралы жазылған тарихи деректерге байланысты ойын жолдапты. «Тарихи материалды оқи отырып, бала кезімде жүрген жер атаулары ойға оралып, сол атаулардың дерекке сәйкестігі таң қалдырды» депті автор. «Нарын бекетінің терістік батысын ала бес-алты шақырым жерде «Мерген», «Қарамола» деп аталатын құм-шағыл аттары бар. Қазір бұл жерлерді шөп басып, шағылдар аласарып көрінбей қалды. Ол жерді білетін үлкендер қазір бірен-саран ғана. Осы шағыл етегінде Мерген батыр жараланып, сол жерден аттанып кеткен шығар» деген ойын білдіріпті мақала авторы.
Оқырмандарымыздың әр ойын салмақтап, саралап жазған хаттар легі толастамайды деп сенеміз.

Шолу жасаған
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз