Жарнама
Қоғам

Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығына арналған халықаралық конференция өтті

Тәуелсіздігімізді алғанға дейін «зар заман ақыны» деп шығармашылығына тиым салынған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауын мектептерде тереңірек оқыту маңызды. Өйткені, рухани жаңғыру аясында бүгінде жоғалып бара жатқан ерлік, намыс, мәрттік қасиеттерді жас ұрпаққа кеңінен дәріптеу аса қажет. Ал, осынау сарын жыршының «Үш қиянында» астасып жатыр. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Мұрат Мөңкеұлы мұрасы және туған жер идеясы» республикалық ғылыми-теориялық конференциясында атап айтылды.

????????????????????????????????????

Мұрат Мөңкеұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Рухани жаңғыру: мәңгілік ел мұраттары» халықаралық форумы аясында қолға алынған шараны өткізуге облыстық әкімдік пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйытқы болды. Мұраттанушы ғалымдар мен зерттеушілер, белгілі әдебиетшілер жиналған алқалы басқосуға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, заманның зарын жырлаған ақын шығармашылығының маңызына тоқталды.

– Бүгінде тарихта ерекше із қалдырып, елінің қамын жеп, мұңын жырлаған тұлғаларды насихаттап, дәріптеу – бізге парыз. Бұл тұрғыда Мұрат Мөңкеұлының өзіндік айшықты орны бар. Оны бүгінгі әр азамат білуі тиіс. Ақынның Атырау топырағында кіндік қаны тамып, дүниеге келгенін барша атыраулықтар мақтан тұтады, — деген Нұрлан Асқарұлы еліміздің мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың атынан келген құттықтау хатты да оқып берді.

– Мұраттың танымал жыр жүйрігі, айтыскер ақын, кең тынысты жыршы, ел мен жер тарихын жетік білген шежіреші болғаны баршаға мәлім. Оның «Үш қиян, «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай» атты толғаулары, «Қарасай Қази», «Қазтуған», «Шалкиіз» атты жырлары, өлеңдері мен термелері халқымыздың бағалы рухани қазынасына айналды. Ел-жұртқа Мұрат арқылы жеткен Махамбет жырлары бүгінде әдебиетіміздің алтын қорына енді. Сөз зергерінің шығармалары әр жылдары Ташкентте, Мәскеуде, Ленинградта, АҚШ-та жарық көріп, халықаралық деңгейде танылды. Ақынның туындылары беделді антологияларда бірнеше рет жарияланды. Қазіргі күнде оның толғаулары шетелдерде шыққан ғылыми еңбектерге арқау болып келеді. Тәуелсіздікті аңсаған Мұрат ақын – ел үшін басын бәйгеге тіккен қайраткер. Жыр жампозының тағылымдық мұрасы әлі талай ұрпаққа үлгі болады.

Ғылыми-теориялық конференцияда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов «Мұрат Мөңкеұлы мұрасындағы фольклорлық дәстүрлердің ел тарихымен үндестігі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде Мұрат ақынның сол кездегі замана шындығын сыншыл өлеңімен өрнектей білген тұлға екенін айрықша айтты. Сондай-ақ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Мұрат Мөңкеұлы және «туған жер» ұғымының философиясы» тақырыбында баяндады. «Қазақтың ата қонысынан шұбыра көшкені Дулат ақынға да, Бұқар жырауға да, Мұрат жырауға да, хакім Абайға да ортақ тақырып. Мұрат пен Абай – заманы бір, зары бір, мұңдас ойшылдар. Екеуіне де ортақ ұғым – заман. Олардың ғұмыр кешкен заманы – қилы заман… Қилы заман – қазақ халқының басынан билігі кеткен заман. Ел болудан қалған заман, жұрт азып-тозған заман. Азаматтардың мінезі ұсақталған заман. Есіктегі құлға есең кеткен заман. Ерлік, мәрттік дегендерді тот басқан заман. Намысты ерлер сиреген заман, ел ағалары кісіліктен қала бастаған заман. Отбасы тозған заман. Осы сарындарды біз Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиянынан» таба аламыз. Ендеше, Мұрат жыраудың бұл толғауын мектептерде міндетті түрде оқыту қажет» деді Ғарифолла Есім.

Конференцияда, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Арыс» қорының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов және университеттің «Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы мен этнографиясы орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфулла Сапанов өз баяндамаларында ақын шығармаларын бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы талаптарымен, туған жерді танып-білу идеясымен толық үндестірді. Барлық қатысушылар тарапынан Мұрат Мөңкеұлының мұрасына жаңаша баға берілді.

(Толығырақ газеттің келесі нөмірінде)

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button