
«Atyraý» газетінің 100 жылдығына мемориалдық тақта ашылды (+ФОТО)
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті.
Мемориалдық тақта 1989-2002 жылдары «Atyraý» газетінің редакциясы орналасқан бұрынғы ғимараттың күншығыс бетіне орнатылды. Осылайша алдағы ғасырлық той өз бастауын алып жатыр.
Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағадат Әжіғалиев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ардагерлері және облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті редакциясының қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шарада «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов, ардагер-журналист Ермек Биғали сөз сөйлеп, облыстың төл газеті туралы естеліктерімен бөлісті.
– Ғасырлық белес ішінде редакцияда талай майталман қаламгерлердің
үлкен толқыны шыңдалып шыққаны да біз үшін айрықша мақтаныш. Осы үрдіс алға қарай да жалғасын табарына, «Atyraý» газетінің ақпарат айдынында ақ желкенін асқақтата керетініне əркез бек сенімдіміз. Облыстық «Атырау» қоғамдық саяси газетінің 100 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты құтты болсын! Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге шабыт пен шығармашылық табыстар тілеймін, — деді Исатай Құндызбайұлы.
Ескерткіш тақтаны ашу рәсімі «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев пен газеттің ардагері Ермек Биғалиге берілді.
Атырау облысы баспасөзінің қарашаңырағы – «Аtyraý» газетінің тұңғыш нөмірі 1923 жылдың 1 сәуір күні «Ерік» деген атаумен жарық көрген еді.
Қазақстанның батыс өлкесінде алғашқы ұлттық басылымның бірі ретінде бұқараның көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге жұмыстанған қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған еркін мінбер бола білді.
Газет – қашан да өз дəуірінің үні. Кеңес үкіметі кезінде газеттің атауы бірнеше рет өзгерді. 1924 жылы «Жұмыскер тілі», 1932 жылы «Жем жұмысшылары», «Ленин жолы», 1933 жылы қыркүйекте «Социалды құрылысқа», сол жылдың қарашасында «Социалды құрылыс», 1938 жылдан «Социалистік құрылыс», ал, 1963 жылдың мамырынан 1990 жылдың тамызына дейін «Коммунистік еңбек» атауымен жарық көрді. Ал, 1990 жылдан бері «Атырау» атауымен шығып келеді.
Алмас ҚАБДОЛОВ


















