Мемлекеттік тілдің мерейі
Өңірімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өзіндік үлесін қосып, бұл салада белсенділік танытып жүрген азаматтардың бірі – атыраулық жеке кәсіпкер Жұмагерей Жәкесбаев. Бүгінде «Алтынбек» жеке кәсіпкерлігінің директоры болып табылатын кәсіп иесі еңбек жолын өнеркәсіп кәсіпорындарында жүргізуші болып бастаған. Кейіннен бизнеске бет бұрып, мұнда да табысты еңбек етіп келеді.
Атап айтарымыз, Жұмагерей Мағзомұлы бұл күнде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық ұйымының белді мүшелерінің бірі. Оның ойынша, қай салада, қандай формада болмасын, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлері мемлекеттік тілде көрсетілуі тиіс. «Егер қызмет көрсетуші тұлға (мемлекеттік қызметкер, жауапты маман) алдына келген немесе көмегіне жүгінген клиентке қасақана түрде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартса, онда сол адам әкімшілік жауапкершілікке шақырылып, кінәлі деп танылғандар қатаң жазаға тартылуы керек. Осындай тәртіп пен талап болғанда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп, мерейі үстем болатынына сенімдімін» дейді кәсіпкер. Осындай деректерді дер мезгілінде анықтау міндеті осыған мүдделі құзырлы органдарға жүктелуі қажет.
«Тазалық табалдырықтан, театр киім ілгіштен басталады» демекші, сайып келгенде қоғамдық орындарға ілінетін сілтемелердің бәрі де қазақ тілінде жазылып, көрнекі жерлерге қойылуы керек. Өйткені, мемлекеттік тілге деген құрмет әрқайсымыздан басталуы қажет. Сонда ғана діттеген мақсатқа жетіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, абыройын арттыра түсеріміз сөзсіз.
Дәулетқали АРУЕВ