МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Байырғы  қазақ даласында қалыптасқан конституциялық заңнама белгілі бір идеялар мен қағидалар арқылы айқындала отырып, нақты тарихи кезеңдерді қамтуымен  құнды.  Ғалымдар  Ата Заңымыздың  қабылдану кезеңдерін де бірнеше сатыға бөліп  қарастырады.

 

Мәселен, заң ғылымдарының докторы, профессор А.К.Котов Қазақстанның конституциялық эволюциялық дамуын төмендегідей төрт кезеңге бөлген. Бірінші кезең – кеңес дәуіріне дейінгі 1900-1917 жылдардағы ұлттық-демократиялық идеялардың Алаш конституциясының жобасына ұласуы. Екінші кезең – кеңес дәуірі. Яғни, 1920 жылдың аяғы мен 1980 жылдың аралығы. Үшінші кезең – кеңес дәуірінің аяқталуы. Төртінші кезең – кеңестік дәуірден кейінгі, яғни, 1991-1995 жылдар. Осындай күрделі заманның өтпелі кезеңдерін бастан өткерген қазақ қоғамындағы Конституциялардың тарихи-құқықтық сабақтастығы өміршеңдігін көрсетті.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елінің екі Конституцияны қабылдағаны белгілі. 1993 жылдың 28  қаңтары күні Жоғарғы Кеңес еліміздің негізгі заңы – тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясын қабылдады. Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Атқарылған барлық жұмысқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен конституциялық комиссия басшылық етті. Конституция преамбуладан, 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Және бір айта кетерлігі, Конституцияның бар рухы, бөлімдері, тарауларының, баптарының көпшілігі Отанымызда ұлтаралық жарасымдылықты сақтауға арналды. Осылайша, 1993 жылғы ҚР Конституциясы тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы, әрі ең негізгі заң болды. Әрине, Ата Заң үлкен тарихи, саяси-құқықтық рөл атқарды. Бірақ, негізгі заңның қайшылықты, өтпелі кезеңде қабылдануы көп мәселелердің шешімін таба алмауына себеп болды. Сондықтан да, Қазақ елі конституциялық реформаның жаңа кезеңіне аяқ басты. Осылайша, 1995 жылдың 30 тамызы күні еліміз тәуелсіздік жағдайындағы өзінің екінші Конституциясын бүкілхалықтық референдум жолымен қабылдады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Конституцияның соңғы жобасын қабылдау үшін кезінде 7 миллион 121 мың 773 адам дауыс берген екен. Яғни, референдумға қатысқандардың 83,4 пайызы аталмыш Конституцияны қолдаған. Егер тіркелген азаматтардың 90,58 пайызы референдумға қатысқанын ескерер болсақ, Конституцияның жаппай қолдау тапқанына көзіміз жетеді. Заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың пікірімен айтсақ, жаңа Конституцияны қабылдау қажеттіліктен туған қадам болды. Біріншіден, биліктің президенттік түрін жетілдіру керек еді. Екіншіден, сот жүйесіне елеулі өзгерістер енгізу қажеттігі туды. Үшіншіден, мемлекеттік меншік жүйесіне өзгерістер енді. Төртіншіден, жекеменшік нысандарының аумағын ұлғайту талап етілді. Бесіншіден, Қазақстан Республикасының жоғары заң шығарушы органының қызметіне елеулі өзгерістер енгізіліп, оның құрылымын қайта құру мәселесі туындады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының кіріспесі Ата Заңды қабылдаудың себептері мен мақсаттарын былай түсіндірген: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып,  дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны  қабылдаймыз». Осы жолдардың өзінде тұтас Қазақ елінің бар ой-арманы, мақсат-мұраты, болмыс-бітімі, жан дүниесі, рухы көрініп тұр деуге болады.

Еліміздің Конституциясын теориялық жағынан зерделесек, оның құқықтық мемлекет құру идеясына, жалпыхалықтық құндылықтар мен принциптерге сүйенетіндігі мақтан тұтарлық жайт. Қазақстан Республикасының Конституциясы 9  бөлім, 98 баптан тұрады.      

Бастысы, еліміздің жаңа Конституциясы демократиялық және құқықтық қатынастар жолындағы құқықтық кедергілердің толық жойылып, еліміздің өркениет жолына түсуіне кеңінен жол ашты. Қазақстан толықтай президенттік республикаға айналды. Қос палатадан тұратын тұрақты Парламент құрылды. Үкіметтің рөлі артты. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нығайды. Ата Заңымыздың қабылдануы, экономикаға басшылық жасаудың жүйесін қалыптастыру, әлеуметтік және ұлттық саясаттың негізгі бағыт-бағдарын белгілеп беру, тұрақтылықтың сақталып отыруы «Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудың сын сағатынан сүрінбей өттік» деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Конституция бойынша, жер мен оның қойнауының байлықтары, сулары мен әуе кеңістігі, жан-жануарлары мен өсімдіктері, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті, сондай-ақ, табиғи ресурстары күллі халқымыздың қол сұғылмас байлығы болып табылады.

Конституция барлық азаматтар мен ұйымдардың, мемлекеттік органдардың күнделікті өмірде арқасүйер сүйеніші, сенімді, әрі  ерекше  қастерлі  бағдар айқындаушысына айналды.

Тәуелсіз еліміздің Конституциясы ел азаттығының айғағы, егемендігіміздің тірегі, бірлігінің қайнар бастауы, әрбір азаматтың мақтанышы. Конституция бүкіл халық қабылдаған Ата Заң болғандықтан, оның қағидаларын міндетті түрде ақиқат өмір талаптарына сәйкес орындау – мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ, барша азаматтардың бұлжымас борышы болып табылады. Сондықтан да, заң алдында есеп беруге, еліміздің барлық заңдарын құрметтеуге біз міндеттіміз.

Аққали  АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

  

  • Ресми мәліметтерге сүйенсек, Конституцияның соңғы жобасын қабылдау үшін кезінде 7 миллион 121 мың 773 адам дауыс берген екен. Яғни, референдумға қатысқандардың 83,4 пайызы аталмыш Конституцияны қолдаған. Егер тіркелген азаматтардың 90,58 пайызы референдумға қатысқанын ескерер болсақ, Конституцияның жаппай қолдау тапқанына көзіміз жетеді.

 

* Жаңа Конституцияны қабылдау қажеттіліктен туған қадам болды. Біріншіден, биліктің президенттік түрін жетілдіру керек болды. Екіншіден, сот жүйесіне елеулі өзгерістер енгізу қажет еді. Үшіншіден, мемлекеттік меншік жүйесіне өзгерістер енді. Төртіншіден, жекеменшік нысандарының аумағын ұлғайту талап етілді. Бесіншіден, Қазақстан Республикасының жоғары заң шығарушы органының қызметіне елеулі өзгерістер енгізіліп, оның құрылымын қайта құру мәселесі туындады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз