МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘРБІР ТИЫНЫ – ЕСЕПТЕ
Сондай-ақ, депутат комитеттің кезекті кеңейтілген отырысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістердің қаралғанын айта келіп, қазіргі таңда игерілмеген бюджет қаражаты 150 млрд. теңгені құрап отырғанын жасырмады. Кейде мемлекет қаржысын қайткенде де жұмсасақ болды деген түсініктің де белең алатынын сынаған Г.Қарағұсова «қаржының тек игеріп қалу үшін не болса соған жұмсағаннан гөрі, игерілмей қалғаны дұрысырақ» деген пікірде екен. Орта есеппен қазір 11 бағдарлама бойынша қаражат игерілмепті.
Сауалдар, сонымен бірге, Кедендік Одақ төңірегінде де өрбіді. «Мен Кедендік Одақты қай кезден де қолдаймын, себебі, біз әлемде жүріп жатқан интеграциялық процестерден тыс қала алмаймыз. Әрі оған ортақ тіл, халықаралық қарым-қатынас, ортақ менталитет те көмектесіп отырғанын жоққа шығара алмаймын. Дегенмен, әр ел интеграция аясында өзінің экономикалық мүдделерін де қорғай білулері керек», — деді ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы.
Оның айтуынша, қоғамда «мемлекеттің қаражаты ғой» деген немқұрайлы ұғым әлі де үстем. Көп жағдайда біз «мемлекет дегеннің өзі – біз, бәріміз» екенін ескере бермейміз. «Министр болайық, депутат болайық, түптеп келгенде, бұл қызметтің бәрі уақытша. Ең алдымен, біз – осы елдің азаматымыз және көркейген, өмір сүруге қолайлы елде тұрғымыз келеді» деп тұжырымдады Г.Қарағұсова баспасөз брифингін.
Құралай ОРАЗ.