Мектептің астынан су шықты
Әлеуметтік желіде Атырау қаласы аумағындағы «Балауса» шағынауданында орналасқан №43 орта мектептің жертөлесі суға толып тұрғаны, бұл апатты жағдай туындатып отырғандығы туралы ақпарат таралған болатын. Қоғамның талқысына түскен мәселеге біз де бейжай қарай алмадық. Мәселенің мән-жайын зерттеп-зерделеу мақсатымен жауапты орындарға хабарласқанбыз.
Тапсырысшы тарап – облыстық құрылыс басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, 2019 жылы Балауса шағынауданындағы аталған білім беру ошағының құрылысын бас мердігер ретінде «Капстрой Алматы» ЖШС қолға алған. Өкінішке қарай, бұл құрылым ғимараттың іргетасын құюмен ғана шектеліп, қалған жұмысты жүйелі жүргізбеген болып шықты. Сондықтан серіктестік «жосықсыз мердігер» ретінде танылып, екіжақты жасалған келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылған.
«Осылайша, біраз уақытқа созылған үзілістен кейін мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарына сәйкес, қайтадан жарияланған конкурс пен екінші мәрте өткізілген тендердің нәтижесінде «Батыс Альянс Строй» ЖШС жеңімпаз болып танылды. 2021 жылдың тамыз айында аталған серіктестік пен облыстық құрылыс басқармасы арасында келісімшарт рәсімделіп, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тапты. Туындаған мәселе бойынша мамандар арнайы барып тексеру жұмыстарын жүргізді. Нысаннан пайда болған су сорылып, техникалық бақылау жұмыстары атқарылады» делінген басқарманың баспасөз қызметі берген хабарламада.
Осыған орай, мектеп директоры Бибігүл Ғапуованың Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекеноваға жолдаған хабарламасында жағдай төмендегіше баяндалған.
– Сыйымдылығы 600 оқушыға шақталған бұл мектеп 2022 жылдың аяғында пайдалануға берілді. Дегенмен, алғашқы рет оқу процесі 2023 жылдың наурыз айында басталды. Мектеп ғимараты типтік және «А», «Б», «В», «С», «Д» блоктарынан тұрады. Қазіргі уақытта 1-11 сыныптарда 1095 оқушы, сондай-ақ мектепалды дайындық топтарында 88 тәрбиеленуші оқиды.
Нысанның жалпы ауданы 12 273 м2-ді құрайды. 2024 жылдың наурыз айының орта тұсында В, Д және С блоктарында техникалық этаждың бөлмелері жерасты суының көтерілуінен оның деңгейі 40 см-ге жетті. Соған байланысты өз күшімізбен жиналған суды сыртқа шығару жұмыстарын ұйымдастырдық. Қазіргі күні В блогы мен С блогындағы су кері қайтып құрғады, Д блогының 4 қойма бөлмесі мен тир кабинетінде шамамен 7-10 см шамасында су бар. Бүгінгі таңда «БатысАльянс Строй» ЖШС су сорғызу, құрғату жұмыстарына арнайы мамандарды шақыртып, тиісті шараларды атқаруда. Бір айтарымыз, жағдай қаншалықты күрделі болғанымен мектептегі оқу процесі үзілген жоқ.
Дәулетқали АРУЕВ
Сіз не дейсіз?
Арман ХАЙРУЛЛИН,
облыстық мәслихаттың депутаты:
– Бұл мектептің жағдайын осыдан бірнеше ай бұрын жергілікті тұрғындардың аузынан естігенмін. Сосын өзім барып көрдім. Сөйтсем, білім беру мекемесінің жертөлесі лас суға толып кеткен. Ылғалдан екінші және үшінші қабаттарында еденге төселген кафельдер көтеріле бастаған. Қабырғаларының сылағы түсіп, бүлінген. Сол жерде жөндеушілер жұмыс жасап жатты. Жағдайды қалалық білім бөліміне, облыстық құрылыс басқармасына айтып, «осыған қатысты қандай да бір шара алынып жатыр ма?» деген сауалмен хабарласқанмын. Алайда, олардың тарапынан тұшымды жауап берілмеді. Не істеліп, не қойылып жатқандығы баяндалмады.
Содан жуырда облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовпен бірге нысанаға алынған нысанның нақты жағдайынан хабардар болу мақсатымен тағы да сол мектепке маңдай тіредік. Екінші, үшінші қабаттары ылғалдан арыла бастағандай болып көрінгенімен, бірінші және нөлдік қабатында «баяғы жартас, бір жартас» күйінде тұрғанына әнебір өзгеріс бола қоймағанына көзіміз жетті. Тіпті, судың деңгейі төмен түспек түгілі, керісінше көбейіп, одан сайын жайылып кеткенге ұқсайды. Мектеп басшылары мұны «жерасты суы» деп түсіндірді. Солай дегеннің өзінде де оның деңгейінің түсетін мезгілі жетті емес пе? Сонда бұған басқа қандай себеп болуы мүмкін деген ойға қалдық. Өзге де бірнеше мектепте болғанбыз, солардың ішінде жағдайы ең нашары осы болып шықты.
«Жағдайды қалай қалыпқа келтіреміз» деген оймен облыстық құрылыс басқармасының басшылығына жолығып, сауалымызды көлденең тостық. Ол бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер кәсіпорын «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің кепілдік мерзімі осы жылдың қараша айының соңында аяқталатынын, соған дейін орын алған жағдайды толықтай қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын бітіруі тиіс екенін жеткізді.